Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бақтыбай мен Бәйімбет айтысы (2-бөлім)

Бақтыбай, Бәйімбет · 2 мин оқу

Базардан алған кездеме,
Жаманның сөзін сөз деме.
Бақтыбаймен айтысты-ау,
Бәйімбет деген таз неме.
Бақан өлең қозғаған,
Алдынан жүйрік озбаған.
Бәйімбет, қайдан кезіктің
Айтпайтын сөзді қозғаған.
Жүзден озған тұлпармын,
Сөз тауып, сөзден қоздаған.

Бәйімбет:
Бақтыбай, шешен ақын сөйлер сөзге,
Бақтыбай боп атандың осы кезде.
Дәуірлеп барған сайын мақтанасың,
Қанша ешкің бар отарда мұнан өзге?

Осы болса бар малың, сенбей-ақ қой,
Қандай күнге кебенек салар күзде?
Сарысуланған салықшы, сорлы кедей,
Бидаймен тапқан малды көрсет көзге.

Бақтыбай, сене берме домбыраңа,
Бес ешкің сауын болып, оңдыра ма?
Кебенек кеп, ешкіден жұрдай болсаң,
Байларың сені қоңсы қондыра ма?
Тіліңді безеп, сауын сұрайсың ғой,
Қу тақтай сабай берсең, болдыра ма?

Қу кедей, не бетің бар мақтанардай,
Малың жоқ сойып жейтін басқалардай.
Жасыңнан көргеніңнің бәрі бейнет
Күнің жоқ тойып ішкен шаттанардай.

Біздің ел тауды жайлап, құмды қыстап,
Жартысы өзен бойын қылар қыстақ.
Құдайым мал мен бақты бергеннен соң.
Білмейміз жер шабуды кетпен ұстап.

Бақтыбай:
Баймын дедің, Бәйімбет,
Қалай айттың, ұялмай?
Отыр едім әуелде
Жаман сөзге қия алмай.
Жүр екенсің, байғұсым,
Өзіңді-өзің ұға алмай.
Көпірме ауыз сорлысың,
Орынсызға мақтанып,
Тіліңді кеттің тия алмай.
Берекелі бай болсаң,
Жүрер ең ғой сұранбай.
Маса менен шіркейге
Қамалғаныңды білмейсің,
Қаратал мен Көксуға
Еркін жатқан сия алмай.
Сұрамаймын бестіңді,
Өлең қылдың ешкімді
Жайлауыңды мақтайсың
Тыртаңдайтын бес күнгі.
Шын ақымақ екенсің
Деуші едім сені ес білді.
Кебенек кеп, қырылса,
Төлеуіне сұраман
Қойың менен ешкіңді.
Кенелеп малы өлді деп,
Сіздің елден бір өсек
Біздің елге естілді.

Ешкім өлсе – қорамда,
Бидайым бар ұрамда.
Намыстансаң, Бәйімбет,
Бізден келіп сұранба.
Жұтап кейде қаласың,
Сасытып құмның арасын.
Берекесіз, қайырсыз
Байлығыңды ұрам ба?
Боғыңды көрмей шашылған
Кеттің шырқап шығанға.
Ақ сүйек боп қырылдың,
Өткен жылғы жыланда.
Ақ шомшы болып сандалып,
Бидай сұрап зарланып,
Қарымбай құсап жер жыртып,
Өлсең еді мұнан да.
Жалайырдың баласы ең
Жер сұрасаң, берер ем,
«Еңбек етсең, емерсің» −
Сенен артық қылам ба?
Жөніңді білмей, Бәйімбет,
Қарға ұқсап қарқ еттің
Алысқа қарар қыранға!

Бәйімбет:
Бақтыбай, өлең айтасың
Кешке шейін жалықпай.
Бәйімбеттен жеңілмей
Сені Құдай тауып па-ай!
Жатақ жаттың, Бақтыбай,
Күрік болған тауықтай.
Жұтап Күшік қалғанда,
Бес ешкілі Бақтыбай,
Сенен сауын сауып па-ай?
Той-томалақ көрмейсің
Шілдехана, сауықты-ай.
Мақтансаң жөні келеді
Білемін деп орысша-ай.
Білінбейді, Бақтыбай,
Адал менен арамың.
Мақтанасың семірсе,
Астыңда бір-бір шолағың.
Қанағат етсең болмай ма,
Құдайдың берген шалабын...

Неге айтасың демегін,
Базардың кидің кенебін
Тесік, жыртық шалбардан
Көрінуші еді керегің.
Бай болмайсың, Бақтыбай,
Қой жайып, мал жиғанмен.
Істеріңнің бәрі ерсі,
Өздеріңе сыйғанмен.
Орыстың мініп шанасын,
Базарыңа барасың.
Көйлек-көншек аласың,
Ақшаң жетпей, тапшы боп,
Сонда бір жасып қаласың.
Антон менен Шодырдан
Ақша қарыз аласың.
Келер жолы көктемде
Топырағыңды саласың.
Мақтанбағын, Бақтыбай,
Білеміз ғой сырыңды
Өстіп құрып қаласың.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз