Сейдәлі, молда Бәйім, Ділдә айтысы (3-бөлім)
Сейдәлі Жұмабекұлы, молда Бәйім, Ділдә · 2 мин оқу
Молда Бәйім:
Бір үйде көрдім төрт есік,
Біле алмадым бұл нешік?
Әр есікте үш қыз бар,
Әр қыздың отыз ұлы бар,
Әр ұлының басында,
Шанышқан бес гүлі бар,
Мұны тапқан адамның
Айнымайтын діні бар,
Басында кетпес бағы бар,
Жұмбағым айтсам, тағы бар.
Сейдәлі:
Бәйеке, үйің жыл болар,
Төрт есігің – төрт уақыт –
Баһары, қысы жаз болар,
Әрқайсысы үш айдан,
Айың отыз күн болар,
Отыз ұлы сол болар;
Әрқайсысы үш айдан,
Шанышқан бес гүлі сол болар.
Жұмбағыңды айта бер,
Таба алмасам, қалғаным,
Тапсам шығар жалғаның.
Қанатбайдың тойы емес,
Бәйеке, менің жүйрік болғаным.
Біраз кідіріп болған соң, Сейдәлінің жеңгенін біліп, сол елдегі Асан батыр деген, киіп кетпе кісі, жиылған жұртқа: «Әй, Бәйім, көп оттамай, Табынның жолдығын беріңдер!» – деп, жолдығын бергізіпті.
Төр жақта отырады ақсары қыз,
Ақ емес, көгілдірлеу, сап-сары қыз.
Жасынан мерекеңді көрген талай,
Бетінің қаны қашқан нақ сары қыз.
Бәйімнің айтқан сөзі ұнамады,
Болған соң ұлы жүйрік шыдамады.
Ақынға өлең айтып қоя берді,
Аз емес, азырақ кем шыдағаны.
Бәйім кідіріп, самсөз болып, тынып отыр. Қарындасы Ділдә ол да ақын екен, жұрт: «Айтыс», – деп қоймапты. Қасына бір қызды ертіп алып, қосылып, ән салып, өлеңін қоя береді.
Ділдә:
Ағалар, сөз бастайын бісмілда деп,
Кешірген бір Жаратқан, кінәйім көп.
Айтекем еш еркіме қоймай отыр,
Ақынға бір-екі ауыз сөз сөйле деп.
Айтайын бес-алты ауыз мен де өлең,
Молдекем біразырақ берсе кезек.
Тақсыр-ау, құлағыңды бері маған сал,
Алдыңда бұлаңдайын тілім безеп.
Шалқыған жанған оттай сөз сөйлейін,
Келеді сөздің өзі бөлек-бөлек.
Молдеке, жұрттан озған болсаң жүйрік,
Соңымнан жетші қуып, кеттім жөнеп.
Сейдәлі:
Япырм-ай, қандай бала ең шұбарланған,
Мойныңа әйкел тағып, тұмарланған!
Күн түскен Тербенбестің бауырындай,
Қарасам, ақ жүзіңе мұнарланған.
Алмадай падишаның бағындағы,
Сыртыңнан көрген адам құмарланған.
Балқыған қорғасындай кеттім еріп,
Даусыңды көп ішінде шығарғаннан.
Сымбатың шын алтындай кір шалмаған,
Түлкідей шын алтайы бұлаңдаған.
Таң қалар көрген адам келбетіңе,
Қасында адам шыдап тұра алмаған.
Жақсы еді үйреніскен Бәйім ағам,
Тұс болдым бір жүйрікке сылаңдаған.
Табаным әлдеқайдан тиеді деп,
Тіледім «Жәрдем бер» деп бір Алладан.
Жоқ болсын неге менің мейлім сенен,
Алтынды жолда жатса, кім алмаған?!
Шырағым, айбатыңнан жасқанбаймын.
Көтеріп үлкен таяқ ұра алмаған.
Сен қашсаң, мен соңыңнан қуар едім,
Күлмесе сырттан дұспан көре алмаған.
Ділдә:
Замана түрленеді жылдан жылға,
Қайрылмас ата ұлға, ана – қызға.
Халқына ердің ері қоғам болар,
Осында мейірі кеткен заман сұмға.
Молдеке, құлағың сал, сөзім тыңда,
Болса да, сөзім жалған, мұным шын да,
Меңзеймін хан-төреге келбетіңді,
Ойлаймын болады деп халыққа тұлға.
Айрылып халық, ағайын, қарындастан,
Қыдырып не себептен жүрсің мұнда?
Жүргенде өз еліңде, шыныңды айтшы,
Назарың түсіп пе еді мендей қызға?