Қарадөң (6-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Соны айтып болды. Сонда бала ой ойлады: «Әкеме барайын, бүйтіп ханның тағын жетімге беріп, өзім билерге күлкі болғаным жарамас. Сол тақты, қалай да болса, өзім алайын»,—деді.
Бұл сөздің бәрін естіген Қарадөң:
«Жетім» деген сөздері
Жүрегіме жік болды».
Есіткен соң сөздерді,
Қайғыланып қан жұтты.
«Жараттың, Алла, не етерге?!
Жолығып тұрмын бетерге.
Әуелі бастан мен неге
Келдім екен қалаға,
Өмірімді мен өткізіп,
Жүрмедім неге далада?!
Қайғылы болды іштері,
Жасыды жаман күштері.
«Тұра берсем бұл жерде,
Қиын болар шайтанның
Істейтін маған істері».
Бердіханның әкесіне келіп сөйлегені:
—Ай, бабамыз, бабамыз,
Желді күні панамыз.
Жауын жерде панамыз,
Мен көрдім, ата, зорлықты.
Жетімді қойып тағыңа,
Бердің маған қорлықты.
Хан баласы болсам да,
Қатарыма енбедім,
Күнім өтті кеюмен.
Қатарға жүріп, атамыз,
Қызықты дәурен сүрмедім,
Қызықты дәуір сүрмедім.
Сонда баланы ертіп, жиналған топқа әкеліп, әкесінің айтқаны:
Жиналған еді ноғайлы,
Атасы сонда сөйледі:
«Атам» деп, маған ермедің,
Жолығып, жауап бермедің,
Қатарымда жүрмедің.
Жас он беске келгенше
Қатарымды көрмедің.
«Хан баласы» дегенмен,
Асып сөзді сөйледің.
Қарадөңдей жас бала,
Дұшпанменен қас бала
Сегіз жасқа келген соң,
Қатар жүріп, көздеді,
Өз қатарын іздеді.
Жаманға жүдә ермеді,
Жаманның бетін көрмеді.
Жақсы сөзін сөйлесе,
Отырып, сөз тыңдады.
Жаманның ісін қылмады,
Жасы үлкенді сыйлады.
Балам, сені қарасам,
Керек емес сөз айтып,
Жақсының ісін қылмадың.
Бетіңе біреу айтса сөз,
Өз-өзіңнен тұлдандың.
Баласы ханның болған соң,
Шора мен биді жинадың.
Қарадөңді тақтан алуға,
Мұддағаңды айтуға
Атаңа келіп сөйлейсің,
Лайықты сөзің болмады.
Қарадөңді қарасам,
Хас патшадай қамданған,
Лашын құстай қомданған,
Дұшпанды айтса, сайланған,
Қару-жарақ байланған,
Қиын-қыстау кездерде
Тоқсан баулы ноғайдың,
Іздеп, құлқын табад,—деп,
Ерегескен дұшпанды
Айдап жолға салад,—деп,
Айтпадым көп қалпын.
Араға түскен бұл бала
Бұзды ма елдің түр-қалпын?!
Өзімнің балам болсаң да,
Қоя алмаймын хандыққа.
Егер де болсаң хандықта,
Елі-халқым бұзылар,
Тұра алмайсың хандықта.
Сол елдің бір басты адамы бар екен. Сол да ханның сөзін қостады. Сол қостағасын, барлық халқы қостайды.
Қарадөң ойлады: «Ішіндегі жамандардың ойы жаман екен. Мен тағы да қалмаққа аттанайын. Сонан соң сол елді алып келген соң, ноғайға көзін сала алмайды ғой»,—деп ойлады.
Қарадөңдей батырың
Мінерге атын баптады.
Найзаларын саптады,
Қылыштарын таптады.
Тұлпарын қара жемдеді,
Айыл-тұрман бек тартып,
Құйысқанын қысқартып,
«Жүрейін жөн»,—деді.
Тоқсан баулы ноғайдан
Бір жан оған ермеді.
«Қаразымдай қалмақ ханына
Жүрейін»,—деп, атты ерледі.
Бадана көзді берік сауыт
Үстіне баса киеді.
Пірлеріне сыйынып,
Енді атына мінеді,
Халық үшін белді буады.
Ноғайдың қамын ойлады,
Жылатпасқа баласын,
Бүлдіртпеске қаласын,
Қаладан шығып жөнеді.
Астындағы қарасы
Орғыл-орғыл құмдардан
Ақ бөкендей өрмелеп,
Аузын ашып келеді.
Омыраудан тері сорғалап,
Және де өтіп барады
Талай-талай төбеден.
Шалқыған дария көлдерден
Суғарып атын алады.
Суға әбден қанған соң,
Ор қояндай жосытып
Және кетіп барады.
Өтті биік таулардан,
Қорқар емес жаулардан.
Ақ найзасын өңгеріп,
Келе жатыр сол бала,
Бір өзін мыңға теңгеріп.
Алыс та болса, алмағы,
Қаразымның жеріне
Ойлады бала бармаға.
Қызын соның күң етіп,
Ұлын қоюды ойлады
Есікте жүрер құл етіп.
Неше күндей жосиды,
Бір замандар болғанда,
Келді елдің шетіне,
Келген соң елдің шетіне,
Қарауылда ол тұрған
Көрді жүздей қалмақты.
Сонда көрді шамасын,
Жүз қаралы кісінің
Көріп қалды қарасын.
Келе тұра қала сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Кімнің мынау қаласы?
Кімсің сендер сұрайын,
Боласың қандай ел?—деді.
Аты-жөнім сұрасаң,
Қарадөң деген ер,—деді.
Іздедім Қалмақ елдерін,
Жерін оның аларға,
Еліне ойын саларға
Іздеп шықтым мен,—деді.
Асылым менің—ноғаймын,
Жүргенім менің солаймын.