Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарадөң (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қырық бірдей биіммен
Шықтым аңға осында.
Көріп сені далада,
Келдім сенің қасыңа.
Танымай тұрмын мен,—деді,
Аты жөнің сен айтып,
Түсіндір, бала, сен,—деді.
Қарадөң сонда сөйледі:
—Ата тегім сұрасаң,
Ноғай деген ел,—деді.
Өзімнің әкем Бек еді,
Атымды менің сұрасаң,
Қарадөң деген ер едім.
Жөнімді менің сұрасаң,
Қалмақ деген ел,—деді.
Сол қалмаққа барарға,
Қалмақтың елін аларға,
Еліне ойын саларға,
Ата жауым қалмақтың
Іздедім елін шабарға.
Ата тегіңді сұрайын,
Жауап маған бер,—деді.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Қалмақ деген ел едім,
Ежелден мекен тұтынып,
Тұрған осы жерім.
Атымды менің сұрасаң,
Қараменде ер еді,
Қалмақ та болсам, асылым—
Ақсүйек туған төре еді,
Ноғайды көрсе, жер еді.
Ноғайлы деген сен бе едің,
Бізіңменен тең бе едің?!
Қаһарланып ақырсам,
Ноғайлының баласын
Бір қауызға сыйдырам.
Қаһарым қатты ер едім,
Деміме ас пісірген.
Ерегіскен сендей ноғайдың
Өзінің қанын өзіне
Түрпіменен ішірген.
Басыңдағы дулыға,
Шалқайтып оны киіпсің.
Қолыңа ұстап найзаңды,
Айла қандай қылыпсың?
Соғысуға келіпсің,
Астыңдағы Қара атпен
Күні-түні желіпсің.
Соғысуға келсең сен,
Астыңдағы атың мен
Қолыңдағы найзаңды
Маған, бала, бересің.
Егер маған бермесең,
Сонда, сорлы, өлесің,
Өлімді жақын көресің.
Жас басыңнан соғыссаң,
Жанбай оғың, болып күл,
Тезірек, бала, сөнесің.
Егер соны етпесең,
Қасымдағы аламан
Ұрыспай ма баламен?
Астыңа мінген қарасың,
Шаршап келген қара атпен
«Қашамын»,—деп ойлайсың.
Қашып, қайда барасың?
Сонда Қарадөң сөйледі:
—Қашатын кісі мен емес,
Ол айтқаның жөн емес.
Аяп тұрсаң: «Бала»,—деп,
Астындағы атың мен
Беліндегі беренді
Шешіп беріп көр,—деген,
Дәмең болса кел,—деген,
Қайратымды көр,—деген.
«Бала»,—деп, сен аясаң,
Кезегімді бер,—деген.
Сонда Қараменде сөйледі:
—Жасым үлкен ағамын,
Жасы кіші баладан
Жасымды мен ол бұлдап,
Кезегімді аламын.
Кезегімді мен алсам,
Алла тізгін оңдаса,
Ақ сүңгіні саламын,
Көңлінді табамын.
Жасың үлкен ағасың,
Жасыңды сен ол бұлдап,
Кезегіңді аласың.
Сонда қалмақ оқталды,
Толайына қол салды,
Қозы жауырын қу жебе
Суырып оны қолға алды,
Садағын керіп тағы алды.
Ішінде бар ақ сауыт,
Қарт қояндай қасқарып,
Тұрды қарап қақшиып,
Сонда қалмақ оқ атты,
Бір атқанда үш атты,
Үш оқты бірден босатты.
Үстіне киген ақ сауыт
Жыртыла жаздап ол қалды.
Сөгілер еді ақ сауыт,
Жар болды кәміл пірлері,
Кереметті дүрлері,
Қасиетті ерлері.
Қарадөңдей жас батыр
Садақты керіп қолға алды,
Садақты қолға алғанда,
Өлерін өзі білген соң,
Суырып алды қылышын
Тарылтуға тынысын.
Сонда тұрып Қарадөң
Қылышын алды суырып.
Атаңа нәлет қалмақтың
Заманасын қуырып.
Суырып алған қылышпен
Сонда тұрып ұрады.
Үстіне киген көк темір,
Батпады, қылыш тисе де.
Батырлар сонда шамданды,
Қатуланды, қаттанды,
Буырқанды, бусанды,
Мұздай темір құрсанды.
Қолына алды батырлар
Ақ сапты болат найзасын.
Шығаруға ерліктің
Біріне-бірі айласын,
Ойлады жанның пайдасын.
Жап-жас қана балаға
Тамағынан шалдырып,
Жанын беру қиын-ды.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз