Қарадөң (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сындырды жаман белдерін,
Бүлдірді сөйтіп елдерін.
Қаланы алып болған соң,
Айдады елге ол қарай
Жесір-жебір, жетімді
Және малды айдады.
Арада асты таулардан,
Және асты белдерден,
Жесірді айдап барады.
Батпақ, сорлы жерлерден,
Орғыл, шағыл құмдардан,
Және де өтіп барады.
Батпақты, лай көлдерден,
Арып, ашып, тон тозып,
Сонда жеткен секілді
Мекен еткен елдерге.
Алып жесір келгенде,
Көк ала шұбар ту байлап,
Көктен шатыр көтертіп.
Салтанатын білдіріп,
Боз жорғамен жүрдіріп,
Атасы өгей ол шықты.
Қарадөңдей еріңіз
Қара атынан ол түсіп,
Алдынан келіп атаның
Сонда сәлем береді.
Ел-жұрты халқы мен
Ата-анасы көреді.
Барлығына ол қарап,
Және де сәлем береді:
—Жасың үлкен бабамыз,
Жел болғанда, панамыз,
Сау-саламат, аман ба
Өзіңнің салған қалаңыз!?
Қалмақ жауға мен бардым,
Шауып алдым қаласын,
Қараменде хандарды
Жекпе-жекте өлтіріп,
Қасында келді қырық би,
Оны дағы жібердім
Сұқбатына келтіріп.
Содан бардым қалаға,
Қалада қалмақ көп екен,
Шеңгелі иттің зор екен,
Бардым салып соғысты.
Қалмақтың алып қаласын,
Шулатып қатын-баласын,
Жесір-жебір мен алдым.
Келе жатыр артымда
Қосылған және мал мен мүлік.
Малдың санын төрт түлік
Ноғайлының аш-арық
Соларға, ата, бер бәрін.
Сонда атасы көптің ортасына шығып, мадиықтанып, бір ауыз сөз айтты:
—Жиналған көп жамағат,
Қайтарды ғой еңбекті
Өгей де болса, бір өскен
Келді бала саламат.
Халықтың қамын мен айттым,
Жөнін біліп баланың.
Айтпадым мен ол жалған,
Абзалында шын айттым.
Айналайын, ел-халқым,
Балаға мен ризамын,
Он беске жасы толғанда,
Атаның кегін арлаған,
Өшіккен жауын қорлаған.
Ноғайлыда ондай ер,
Жаралғалы адамзат,
Ондай ұлан болмаған.
Жапанда кетіп барады—
Қасында жоқ жолдасы,
Алласы болды панасы.
Атадан артық туғандай,
Суретіне қарашы.
Қарадөң тірі бар болса,
Жыламас ноғай баласы.
Үстінен дүбір өткізбес,
Кетпес жауға қарасы.
Ноғайдың кегін арлады,
Болады Ноғай панасы.
Айтпадым ба азалда:
«Осындай туған баланың
Көкірегінде көп деп санасы!»—
деп, ноғай ханы сөзін бітірді. Сонан кейін бүкіл ноғайлыны шақырып, той қылып, Қарадөңді мадихаттап, көтерді.
Арада неше жыл өтті. Баласы ханның Бердіхан. Ноғай соны азғырды. Әкесі жоқ кезінде ноғай сонда жиылды. Сонда тұрып, бір биі сөз сөйледі:
«Ай, Бердіхан, Бердіхан,
Әкеңнің тұрған алтын тақ
Қаңғырып келген жетімге
Билеттің оны сен бейбақ.
Баласы ханның сен едің,
Алтын тақты билеуің
Саған, бала, жөн еді.
Айрылдың мұра орнынан,
Ақылың сенің кем,—деді.
Баланы қойшы жоқ етіп,
Әкеңнің тұрған тағында
Тұршы, балам, сен,—деді.
Қаңғырып келген сол жетім
Билеп сенің кетпей ме
Маңдайдағы бағыңды.
Айрылсаң бағыңнан,
Жиналған сенің ол құрбың
Сені мазақ етпей ме?!
«Айрылдың бақтан» деп,
Мандайыңа теппей ме?!»
Ақылынан адасып,
Болсаң да ханның баласы,
Ақылың сенің болды кем.
Алтын тақтан айрылып,
Болдың ғой сорлы сен бейбақ.
Ортасына көптің келгенше,
Бүйтіп қорлық көргенше,
Емес пе жақсы өлгенім».
Сонда бала тұрады,
Ақылынан адасты.
Араға түскен шайтандар
Әр түрлі жолға бұрады.
Ақылының кемдігі:
Әкесі мен баланы
Шағыстырып залымдар,
«Жолдаспын» деп жүргенде,
Болмады оған елдігі.
«Ала алмай тақты жүргенің
Азалдағы ақылыңның кемдігі».