Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарадөң (4-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Өздерінше ол дағы
Бабасына сыйынды.
Найзаларын суырып,
Біріне-бірі салады,
Итерісіп қалады.
Қиын сондай іс болды,
Қарадөңдей балаға
Қалмақ сонда күш қылды.
Қарадөң сонда қарады,
Бабасына сыйынып,
Балдағы алтын құрыш болат
Суырып қолға алады.
Бабасы жәрдем болған соң,
Ендіре алмады ит қалмақ
Онан әрі найзасын,
Таппады жанның айласын.
Қараменде қалмаққа
Қарадөң найза ендірді.
Қылышпенен тағы ұрды
Қалмақтың басын алмаққа.
Қалмақтайын кәуірдің,
Жүрекке найза енгенде,
Ауыздан қаны атылды.
Сонда басын алады,
Тездетіп ол жүгіріп,
Қара атқа барады.
Ханы оның өлген соң,
Қасындағы би мен бек
Ақ берені жарқылдап,
Соғысуға қарады.
Алды қолға қылышын
Тарылтуға тынысын,
Ақ найзасын өңгерді.
Жалғыз өзін, қарасаң,
Сол қырыққа теңгерді.
Салды батыр айқайды,
Басындағы дулыға
Сонда кейін қайқайды.
Араласып соғысты,
Сол соғыстың ішінде
Би, шора, бектері,
Басына қылыш тигенде
Жаны кетіп кеудеден,
Тек ат үстінен шалқайды.
Шалқасынан жығылған,
Ішіне найза тығылған.
Ат үстінде ол жүріп,
Көрді алып талайды.
Аты жүйрік би мен бек
Еліне қашып барады,
Сай-саланы далдалап.
Еліне хабар береді,
Сол хабарды естіп,
Шықты елінен көп халық.
Ала шұбар ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген.
Құр айғыр ол ұстап,
Кейбіреуі салт мінген,
Шықты, міне, қаладан.
Келді алдынан Қарадөң,
Сол бір қолды көргенде
Астындағы қара тұлпары
Ортқи-ортқи ойнады,
Қолында бар ақ семсер,
Жүзі қанға тоймайды.
Топтан шықты бір қара,
Келе тұра қалады.
Сонда тұрып сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Қарсы топқа ұрынып,
Өзің де жас баласың.
Білмей ме екен жас бала
Өзінің қайрат-шамасын?!
Сенің әлің жете ме,
Қалың топты қарашы?!
Өлейін деген, жас бала,
Өлімнен тіпті ойың жоқ.
Өзіңнен зорға жолықсаң,
Жабыстырар жерлерге.
Қарға-құзғын жем болып,
Бұйырмас саған жерлер де,
Боларсың сонда масқара.
Қарадөң сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Балам, балам» дей берме,
Менің әкем сен емес,
Сенің балаң мен емес,
Ол айтқаның жөн емес.
Атаңа нәлет, ит кәуір,
Қыламысың келемеж?!
Қанша айта келсең де,
Ол айтқаның жөн емес.
Көптігіне сүйеніп,
Қалмақ сонда жапырды.
Ақ семсерін қолға алып,
Оларға қарап, ақырды,
Аллалап ұран шақырды.
Нөсерлеген жауындай
Қолындағы қылышты
Үсті-үстіне сермеді.
Кезіне келген қалмақты
Бұтадайын көрмеді.
Қарсы келген қалмақтың
Қақ маңдайын шабады.
Оңына келген қалмақтың
Найзамен көңлін табады.
Қарадөңдей батырдың
Қабағынан қар жауды,
Екі көзден от жанды.
Қарсы келген қалмақтың
Айнадайын көзінен
Қып-қызыл боп қан тамды.
Найзағайдай ойнады,
Қалмақтың тойын тойлады.
Ақ семсері жарқылдап,
Қара тұлпар үстінде
Найзағай мен бұлттай
Ортада жүріп ойнайды.
Қалмақтың тойын тойлайды,
Сұр бүркіттей түнерді.
Сонда қалмақ қашады,
Қайтерін білмей, сасады,
Жанұшырумен көп қалмақ
Қалаға келіп кіреді.
Қаланың аузын қандатты,
Шарбақтың ішін шаңдатты.
Ортадан ойып жол салды,
Ерегіскен қалмақтың
Жабығынан қол салды,
Жесірлерін дулатты.
Қаланы алып болған соң,
Мұсылман қылды діндерін.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз