Қарадөң (7-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда қалмақ ханы Әзір жігіттен сегіз жүз жігіт алып, Қарадөңге қарсы шықты. Сонда қалмақтар артындағы еліне хабар жіберді. Сонда сегіз жүз кісінің ішінен біреуі сөз сөйледі:
«Тегімізді сұрасаң,
Қалмақ деген ел едік,
Тұрған бөлініп ер едік.
Күтіп тұрған ерлерміз,
Көрсек ноғайды жер едік.
Қаңғырып мұнда келгенің,
Ағарды ма, сорлы, көзіңіз.
Сегіз жүздей еріміз,
«Соғысамын» деп сен сорлы
Келіп, нені білгенің?!
Болмай ма өлім көргенің?!
Ажал дағы, сор маңдай,
Сені айдап келгені.
Өзің жалғыз дарасың,
Байтақ қалмақ елдерін,
Алдында тұрған бабаңыз,
Өлтіреді өзіңді,
Қалай менен аласың?!
Қолға ұстаған ақ сүңгі
Саған салып алармын,
Қайратыңды қарармын.
Ұстаған қолға көк берен,
Оны да сермеп қалармын.
Ерегессең сен, бала,
Астындағы атың мен
Үстіңе киген шарайна,
Ұстаған қолға қаруың
Олжа қып, бәрін алармын.
Сонда Қарадөң сөйледі:
—Менің атым—Қарадөң,
Жекпе-жекке келсең сен,
Өлтірермін өзіңді,
Оярмын екі көзіңді.
Астыма бүктеп салармын,
Тамағыңнан бауыздап,
Көңліңді табармын.
Артыңдағы көп қолды,
Талқандап оны шабармын,
Мақтасам, мақтау сүйеді,
Астымдағы Қара атым.
Жүзіне келсе, қоймайды
Жандағы алмас болатым.
Қусам, саған жетермін,
Өлтіріп сені алармын,
Еліңе таман барармын!
Ұлыңды отын етермін,
Қызыңды қатын етермін.
Қалаңды шауып мен алып,
Қызың [ды] қатын етпесем,
Атамнан тумай кетермін.
Қаразымдай қалмаққа
Осы сөзі өтеді,
Сүйегіне жетеді.
«Қызың қатын етейін»
Деген сөзі қалмақтың
Зығырын сонда қайнатты.
Сонда қалмақ долданды,
Құрыш болат қолға алды,
Қарадөңге қарады.
О да қайсар ер екен,
Суырып қылыш алады.
Қаразым сонда ұмтылды,
Екі батыр жекпе-жек
Алысып сонда қалады.
Ақ найзасы жарқылдап,
Бірін-бірі шанышты.
Нар бурадай айқасып,
Арыстандай алысты.
Шанышқанға шыдамай
Қаразымның найзасы,
Ортасынан бөлінді.
Найзасы қолдан кеткен соң,
Жеңілері білінді.
Қарадөңнің көздері
Шамшырақтай жайнады,
Зығыры ердің қайнады.
Атқа қамшы басады,
Екінші кезек келгенде
Найза сонда шаншады.
Найзамен түйіп қалғанда
Ысырылып ханыңыз,
Ат көтіне барады.
Мұрсат бермей, тағы да
Найзаны салып қалады.
Қалмақтың ханы—Қаразым
Сонда аттан ұшады,
Қара жерді құшады.
Ханы аттан ұшқанда,
Сегіз жүз қалмақ жапырды.
Сонда тұрып Қарадөң
Бұларға қарай ақырды.
Оң келгенін оң шапты,
Сол келгенін сол шапты.
Қарсы келген қалмақтың
Қақ маңдайын шабады,
Кейбіреуін шанышады.
Аттан түсіп кей қалмақ,
Аузынан қаны атылды.
Сонда қалмақ қашады,
Қырылып көбі қалған соң,
Не етерін білмей, сасады.
Қалаға келіп, қамалды-ай,
Таппады басқа амалды-ай.
Қарадөң мінген Қарасы
Желеді есіп самалдай.
Қаланың ішін қан қылды,
Қатын мен баласын,
Қалмақтың алды қаласын.
Мұсылман қылды діндерін,
Жесір-жебір, мал алып.
Қаразымның қызы еді,
Гүлқашима сұлуды
Алып жүрді оны да.
Еліне қайтты, қарашы.
Бірнеше күн жүреді,
Нақ үш айға толғанда
Жесір-жебір, мал алып,
Еліне сонда келеді.
Жесір менен жебірді
Үлестіріп батырың
Халыққа оны береді.
Жарлысы байға теңелді...