Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарадөң (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Қарадөң бір жаста әкеден, екі жаста шешеден жетім қалды. Бала сөйтіп жүріп, жасы үшке жетті. Сонда Қарадөң ноғайға келді. Келіп еді, балалар оны сабап қуды. Бала соған шыдамай, қаңғырып кетті. Бір жерге келіп бала кідіріп отырып, қамығып жылап отырып айтқаны:

«Жаратты Алла өзімді,
Ойдырып жанға көзімді.
Тыңдайтын пенде болар ма
Бұл жалғанда сөзімді?!
Сорлаған мен қу маңдай,
Ішейін десем, асым жоқ,
Киейін десем, киім жоқ,
Баратұғын үйім жоқ,
Үйге кірер күйім жоқ,
Ата менен ана жоқ.
Жалаң аяң, жалаң бас,
Отырмын мен де жалаңаш.
Қайда отырып, жүрейін,
Сорлы пенде мен болдым.
Бала болса, қуады,
Көзімнен аққан қанды жас
Бетімді судай жуады.
Құдай қорлады өзімді,
Кім тыңдайды сөзімді?
Бүйтіп қорлық бергенше,
Алсайшы, Аллам, өзімді».
Жарлы жердің түбінде
Қарадөң отырып мұңайды.
Жап-жалаңаш бұл бала
Сүйеніп жарға жылайды.

Сөйтіп, бала жылап отырғанда қасына бір кісі келеді. Астында есегі, басында сәлдесі, үстінде мәллесі, қолында асасы, балаға сөйлейді:

—Жылама, балам, жылама,
Жыламай, көңлің тына ма?!
Анау тұрған тоғыз үй,
Ортадағы үлкен үй,
Соған бар да, кір,—деді,
Асырайды сол,—деді.
—Ол үй, барсам қуад,—деп,
Басыма күн туад,—деп,
Бала тағы жылады.
—Баратын үй сол,—деді,
Сені жақсы бағады,
Балам, сонда бол,—деді,
Қумайтын үй—ол,—деді.
Айтуынша үлкеннің
Үйіне айтқан келеді.
Келді де, бала отырды,
Ешкім жауап бермеді,
Адам деп оны көрмеді.
Отырған екен бір кемпір,
Қасында оның бала жоқ,
Отырған шалы және жоқ,
Үндеген отан адам жоқ,
Босағада мұңайып,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Отырды бала жалаңаш.
Бір уақыттар болғанда,
Үйдің келіп ақсақал,
Тұрды кемпір қасында
Қарадөң сонда жүгіріп,
Шалдың атын байлады,
Қайта айналып келіп,
Отырды сонда есікте.
Сонда тұрып кеңесті:
—Мынау бала кім?—десті.
—Танымаймын мен,—деді,
Сұрамасаң сен,—деді.

Сонда бала: «Мен бір жетім баламын, ата-анам жоқ»,—деді.

Сонда тұрып:

«Мына қаңғырып жүрген балаға киім, тамақ беріңдер. Осы үйде тұрсын, кез келгенін ішіп-жесін»,—деді.

Өзінің жүгіріп жүрген жалғыз баласы бар екен. О да еркелеп, хан балсы болғанмен, бір ауыз сөз айтпайды. Қарадөң ас ішіп, киімін киіп, қыдырып жүре берді.

Бір күндері болғанда, Қарадөңді ертіп, кеңеске апаратын болады. Тоқсан баулы ноғайлының ханы екен. Сол уақытта Қарадөң он бес жасқа келген екен. Хан бір күн батыр мен биін жинап алып, кеңес етеді.

—Осы баланы, шамадан келсе, сыйлағым келеді. Астымдағы тағымды, басымдағы тәжімді берсем,— дегенде, бала жылап тұрып жырлайды:

—Айналайын, жан баба,
Мен едім тұрған бір бала—
Қатар жүріп көрмеген,
Тек жаным бар өлмеген.
Ағайын-туған, жақын жоқ,
Ата, менде ақыл жоқ.
Жалғыздық пен жалаңаштық,
Дүниеде одан кәпір жоқ,
Енді қайтіп жүрермін?
Менен басқа пақыр жоқ,
Әр малыңның соңында
Қаңғырып жүрдім жалпылдап.
Әркім ояр көзімді,
Кім тыңдайды сөзімді?
Сіз берген алтын тағыңыз,
Басыңыздағы тәжіңіз
Қиын болар киюге,
Ауыр болар мінуге.
Қорламаңыз өзімді,
Күнде шұқыр көзімді,
«Қаңғырып жүрген жетім»,—деп,
Тыңдамас ешкім сөзімді.
Сізден кидім киімді,
Бүгін халқың жиылды.
Қаңғырып жүрген жетімге
Таққа міну қиын-ды.
Сөйтіп бала егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Сонда тұрып атасы,
Тағы бір сөз сұрайды:
—Тоқсан баулы ноғай халқы еді,
Балам менің жалқы еді,
Өлгенінің арты еді,
Білсең, мұның парқы еді.
Өзімнен туған бұл бала,
Ол қатарға кірмейді,
«Атам» деп, жауап бермейді,
Балалықтан еркелеп,
Қатарымда жүрмейді.
Мынау тұрған Қарадөң
Кеудесі толған сана еді.
Тоқсан баулы ноғайды,
Тірі болса, бағады
Ашы менен арығын,
Пақыр, міскін, кәрібін
Түгелдей көңлін табады.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз