Қыдырбайұлы Қобыланды (12-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Құртқа кетерінде қазыққа қағаз жазып байлаған екен. Ару болса нағылсын, ықтиярсыз қалмақ айдаған екен.
—Тірі болса алғаным,
Шырын-шекер, бал татқан,
Тар төсекте бір жатқан,
Ибалықпен сөз сөйлеп,
Наздықпенен көсілген,
Қынай буған тар белім
Суық қолға шешілген.
Тірі келсе алғаным,
Қырымға хабар бұл салсын,
Қырымнан байтақ ер алсын,
Сүйтіп келіп кек алсын,
Бір-екі күн жатып дем алсын.
Қарындасы Хансұлу
Ат артына мінілді,
Үстіне киген қамқа тон
Сауырына аттың жабылды.
Бір көруге зар болып,
Егізі сондай сағынды.
Жібектен тартқан желісі
Қылышпенен кесілді.
Туырлығын қараса,
Тоқымдыққа тілінді.
Үйде тұрған қазына
Бұған да қалмақ киінді.
Атасы еді Қыдырбай,
Жер ошақта бұл қалды.
Анасы еді Ақару,
Қолында қалды таяғы.
Сарықтың кетіп соңында,
Ерік кетіп меңдеген,
Жаным тек тұр өлмеген.
Сол жауапты есіткесін,
Қобыланды атын ерлеген.
Анасынан туғалы
Мұндай жапа көрмеген.
Тобылғы меңді тор атпен
Қалмаққа басын қаратты.
Құлан да емес, құс та емес
Ойға келсе орғыған,
Қырға келсе қарғыған,
Атқан оқтай зырлаған,
Жерді басып тұрмаған.
Түлкі жүрмес түлейден
Түнде желіп өтеді.
Қарсақ жүрмес қалыңнан
Қақап өтіп кетеді.
Жетпіс күндік жол еді,
Жеті күнде Алшағыр
Шәһарына барып жетеді.
Шәһар шетіне келгенде,
Бес сарықтың соңында
Қаңғырып жүрген анасы.
Анасына сөйлейді
Қобыландыдай баласы:
—Жасы жеткен анамыз,
Жоқ па еді туған балаңыз?
Бұл жастарда қой бағып,
Келе ме, шеше, шамаңыз!?
Мойның болып ырғайдай,
Битің болып торғайдай,
Құрым қалпақ басыңда-ай,
Тыя алмай көзден жасыңды-ай,
Аяғыңда кең шарық,
Болыпсың нағыз шын ғаріп!
Қолыңдағы таяғың
Көсеуменен тең екен,
Сұмырай кемпір, аяғың.
Алладан тілек иманың,
Пайдасы болмас жиғанның.
Кетіп есің сен деген,
Нең қалды енді өлмеген?!
Сонда кемпір егілді,
Көзінің жасы төгілді:
—Алғаным еді Қыдырбай,
Қыдырбайдың тұсында
Мақпал менен паршадан
Пішуші едім түндікті.
Сары аяқпен сапырған,
Сары балды ішірген,
Тұсыма мейман түсірген,
Менің немді сұрайсың?
Құлыным кетіп далаға,
Қысырақтай жамыраған,
Қозылы қойдай маңыраған,
Құлынымнан айырылып,
Мен сорлымын аңыраған.
Айналайын, жан бала,
Мазақтама өзімді,
Кез келген қалмақ ояды
Мынау менің көзімді.
—Құлының, шеше, мен,—деді.
—Әркім мазақ еткесін,
Мендей сорлы сенбейді.
Мен тарығып жүргенде,
Құлыным менің келмейді,
Тілекті Құдай бермейді.
Қай бағының гүлісің,
Қай патшаның ұлысың?
Қай базардың бұлысың,
Айналайын, қарағым?
Ат үстінде баласың,
Тірі көрсең Қобыланды,
Осындай болды анаң деп,
Өзің хабар айтарсың.
Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын, қарт ана,
Маған берші, сен, мама.
Тістеулі тұр бармағың,
Қанша ауыр болсаң да,
Жеңіл екен салмағың.
Шеше, берші мамаңды,
Танымайсың ба біздей жалғыз балаңды.
Егізім қайда Хансұлу,
Мен дидарын көрейін.
Алған жарым ақ Құртқа,
Мұнан да хабар алайын,
Қайдан іздеп табайын?
Сонда кемпір егілді,
Көзінің жасы төгілді:
—Айналайын, қарағым,
Құлыным менің сен емес,
Сен қылма мені келемеж.
Меңзетемін сөзіңді,
Танымаймын өзіңді.
Алшағырдың қасында
Келінім Құртқа тұрғасын,
Жылай-жылай ағарды
Екі бірдей көзім де.