Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қыдырбайұлы Қобыланды (2-бөлім)

Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда Қыдырбай басын көтеріп, жан-жағына қараса, қасында ешкім жоқ, сонда «Құдай тілегімді берген екен» деп елге қайтады.

«Көрінді елдің қарасы,
Жақындадым-ау» деп,
Қыдырбай да ойлады шамасын.

Сонда Ақару бәйбіше биік баспа жасатып, соның басына шығып күнде қарайды екен. Қыдырбайды көріп Ақару бәйбіше биіктен төмен құлады. Қыдырбайдың алдынан «артықпын ба мен де» деп жаяулап жүре береді. Сонда Қыдырбайдың қасына келіп жеткесін, қолынан ұстап сөйлей бастады:

—Сау-саламат келдің бе,
Қайран менің алғаным.
Бүгін өліп кетсем де,
Енді жоқ менің арманым.
Кірген екен, сұлтаным,
Мен байқасам реңің,
Болды ма, сұлтан, тілегің!?
Жылай да жылай мен деген,
Тек жаным тұр өлмеген.
Сіз секілді асылды
Бір көрсем деп шөлдедім.
Қайғылы болған өзімнің
Тыяйын жасын көзімнің,
Не көрдің Құдайдан, сұлтаным?
Айтшы маған сөзіңнің
Қабыл болды деп тұрмын тілегің!
—Арышланың мен,—деді,
Сіз үшін барып Аллаға,
Қайттым кейін мен,—деді,
Солай деп сөйледі Қыдырбай:
—Елге қайтып барғасын,
«Бір ұл менен қыз берер,
Ноғайлы атын қояды» деп.
Сосын қайттым қуанып,
Мен бұл сөзге жұбанып.
Бір күндері болғанда,
Қатыны жерік болады,
Жерігі не тұрады.
Малды мықты сойса да,
Жерігі оған қанбады.
Жерден жылан таптырып,
Жыланның басын алдырып,
Аузына қатын салдырды,
Жерігін сонда қандырды.
Тоғыз ай, он күн көтерді,
Тоғыз ай он күн болғанда,
Бір күні кемпір толғатты.
Қатын біткен жүгірді,
Барамыз деп қатынға
Бір бөлек қатын болады.
Он бес күндей толғатып,
Тумай қатын тұрады.
Қыдырбай сонда жылаумен
Көзінің жасын тыя алмай,
Атының басын тарта алмай,
Басқа жауап айта алмай,
Қаңғырумен жүреді.

Сонда бір қойшының қатыны:—Манағы қатындар не етті?—деп, шешейдің баласы қайда кетті?—деп, сол мезгілде жиналған қатындар он бес күн толғатып, тумағасын, күтіп отырып, бәрі де ұйқыдан қатқан екен. Сонда қойшының катыны жүгіріп барып, етегін ашып қараса, бір ұл мен бір қыз туған екен, оны ұйықтап қалған қатындар білмейді. Әлгі қойшының қатыны екі баланың кіндігін кесіп, көтеріп алып үйіне апарып, баланы жабатын ешнәрсе болмағасын, жап-жалаңаш екеуін де тонға орап салған екен. Тысқары шығып қараса, боз жорға аттың үстінде Қыдырбай кетіп бара жатыр екен. Оны көріп қойшының қатыны артынан жүгіріп келіп, аттың шылбырынан ұстай алады:

—Айналайын, жан ата,
Ақ жарылып, күн туды.
Біздің шешейден
Ұл менен бір қыз туды.
Кіндігін кесіп мен алдым,
Үйге апарып тонға орап,
Жолым үйге мен салдым.
Тоннан басқа бұйым жоқ,
Бұйым алар тиын жоқ,
Жарлылықтан басқа күйім жоқ.
Атеке, маған ер,—деді,
Перзентіңді көр,—деді,
Ашайын бетін мен,—деді.
Қыдырбай көп кідірмей,
Қатынмен еріп келеді.
Үйге жетіп кіргесін,
Екі бірдей баласын
Көтеріп қолына алады.
Қаныменен баланы
Қойнына сонда салады.
Қыдырбайдың атымен ісі жоқ,
Атын ұстайтын қасында кісі жоқ.
Үйге жақын барғанда,
Қатындар сонда тұрады.
—Мынаның баласы қайда?—деп,
Бірінен-бірі сұрайды.
Қатындар сонда ұрысты,
Терілері тырысты.
Бұл әйелдердің қаруы—
Адарғымен, қылышпен
Бір-бірімен ұрысты.

Тағы оқыңыз