Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қыдырбайұлы Қобыланды (8-бөлім)

Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

—Артық туған сұлтаным,
Мінеки, тақсыр, тұлпарың!
Ноғайлы бала бермейді,
Атқа шауып желпілдеп,
Екі аяғың салпылдап,
Бәйгеге шаппа, сіз,—деді.
Қалаға жақын барғасын,
Алдыңнан толып жатқан қыз келер,
Қайырылмаңыз, сіз,—деді.
Сосын келер алдыңнан
Көп жиналған келіншек,
Бәрі бірдей шақырар,
Шақырса да бармаңыз,
Олардың тілін алмаңыз.
Өңкей келер жас жігіт
Бәрі бірдей алысып,
Жағаласып жарысып,
«Батыр Қобылан, кел дейді.
Ойналық енді біз, дейді,
Барасыз қайда сіз?» дейді.

Аттың басын бұрмашы,
Жігіттерге қарай тұрмашы.
Онан соң келер ақсақал,
Сақалының ағы бар,
Сөйлесетін ішінде
Олардан да жақсы тағы бар.
Солармен сөйлесіп жүре бер,
Батырым-ау, сіз,—деді.
Мынау тұрған тор құнан,
Жылқы озбайды тақымнан.
Ол қалаға барғасын,
Жылқы тұрған амбарға
Кіргізеді сіздерді.
Көрейін деп Ақшахан
Келіп тұрар қасыңа,
«Отырған жайың кең бе?» деп.
Жылқы сыйған амбарға
Сыйдық, енді, біз,—деші,
Мазамды алма, сен,—деші,
Сосын шығып кетер Ақшахан.

Сонда сізді шақырып алып, ноғайдың жүн сиятын амбарына апарып отырғызар, сонда да шешінбе, сонда келіп тағы сұрар «отырған жерің кең бе?» деп. Сонда:—Рахат, жақсы, жайлы деп айтыңыз, «ноғайлының жүні сыйғанға сыймайтын біз бе?» деп отыра бер. Сосын сізді жақсы бір сарайға кіргізер, онда да отырарсыз көсіліп, екі аяғың шешініп, сонда қыз жіберер, келіншек жіберер, жігіт жіберер «балалығы, жастығы бар ма екен» деп сынау үшін істер және өзі сенің дидарыңды көру үшін істер,—деді.

Той болып тарқады, ертеңіне ат шабатын мезгіл болды. Сонда Ақшахан қара атын шығартып, «алты айлық жерден шабам» деп хабар берді. Сонда Қобыланды бала сұрап еді, ноғайлыдан бір бала да бермеді, «мінетін бала жоқ» деп қарап тұрды. Сонда Қобыланды батыр жолдың шетіне шығып жалғыздығы есіне түсіп, бір ауыз сөз сөйледі:

—Ағайын-туған менде жоқ,
Есіркейтін пенде жоқ.
Алдымда туған аға жоқ,
Ағайын-туған және жоқ,
Өзімнен туған бала жоқ.
Енді нешік етерге,
Жолықтым-ау бекерге.
Атаңа нәлет жалғыздық,
Менен де шығып кетер ме?!
Ноғайлының баласы,
Емессің бе ағайын!
Жасың үлкен ақсақал,
«Бала бер» деп айтайын
Қара Қыпшақ ноғайға.
Сонда ноғайлының баласы
Біреуі жақын келмеді,
Жаннан қорқып шамасы.
Сонда Қобылан қасына
Қошабай деген бір бала
Жетіп келді қасына:
—Рұқсат берсең, жан аға,
Мінейін атқа мен,—деді.
—Мінем десең, шырағым,
Берегірек кел,—деді.
Сонда тұрып Қошабай:
—Мен айтайын әкем жоқ,
Туған шешем және жоқ.
Өзімнен басқа үйімде
Қыбырлайтын адам жоқ.
Сен үшін өліп кетейін,
Атқа мінбей не етейін?!
Сонда Қобыланды қуанып,
Қошабайды атқа мінгізді,
Үстіне жібек кигізді.
«Ешкім келмес,—деді,—қасына,
Егер кісі келсе қасына,
Көрерсің жерде басын-ай».

Алты күндік жерден барып ат шапты, үш күн дегенде Қошабайдың алдынан Ақшахан келіп:—Біздің қара атты көрдің бе?—деді. Сонда Қошабай Ақшаханға жауап берді:

—Шабыстан атың танды деп,
Үш күндік жерде қалды деп,
Тор құнан ұшқан құстай боп,
Өте шықты қасынан.

Тағы оқыңыз