Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қыдырбайұлы Қобыланды (16-бөлім)

Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Енді кетсең далаға,
Өлтіріп кет, шырағым,
Біздей сорлы анаңды.
Өлмесем де өлгенім,
Өлім болды көргенім,
Енді айтып жауап болғаным.
Сонда тұрып Қобыланды
Қайрылып бір ауыз сөз сөйледі:
—Алыс емес, жақын жер
Менің жауға барғаным.
Тек бұл емес қой менің
Талай жауды алғаным.
Атқа мініп алғасын,
Жарамайды, шешеке,
Менің түсіп қалғаным.
Қорлық бермейді біздерге,
Енді ешкім көзін сала алмас,
Енді, шеше, сізге де.
Тапсырамын Аққа мен,—деді,
Алпыс күнде келермін,
Қайғы етпе, ана, сен,—деді.
Тірі болсам келермін
Екі ай жүріп мен,—деді.
Баратын жерім сұрасаң,
Қостөре деген ел,—деді.
Қобыланды батыр жөнеді,
Жолдасы жоқ дара еді,
Жалғыз кетіп барады.
Қасында сонда Қошабай
Жолдас болып ереді.
Екеуі шығып жөнелді,
Қошабай мінген кер еді,
Қобыландыдан азырақ төмен ер еді,
Қорықпайтұғын неме еді.
Екеуі шығып алғасын,
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз жолда мол жүрді.
Аяңдамай желеді,
Батырлар желіп жөнелді.
Қостөре деген қашаннан
Қалмақтың мықты ханы еді,
Бекіп жатқан жан еді.
Көлденең жатқан тау еді,
Айналасын сұрасаң,
Өзі мықты жау еді.
Жан келмейтін жер еді,
Өзі де мықты ер еді.
Бір жаһаннан қорықпайтын
Асылы мықты неме еді.

Ноғайлы келе жатыр дегесін, Қостөре екі мың әскермен шығып жатқан екен қарауылға.

Көрінді жаудың қарасы,
Ашылды жердің шамасы.
Қостөреге көрінді
Қобыланды мен Қошабай
Екеуінің қарасы.
Жүз кісі алып қасына,
Қостөре жүрді аралап,
Көрінген жауды болжалап.

Сонда жүз кісі ертіп қасына Қобыланды да келіп жетті. Сонда Қостөре Қобыландыға сөйлей бастады:

—Екі бірдей баласың,
Екеуің де қайда барасың?
Білмей ме екен адамзат
Өзінің қайрат шамасын?!
Біз қалмақ деген ел едік,
Бөлек жатқан ер едік,
Жау көрмеген біз едік.
Айтыңыз ата-анаңыз,
Білейік енді шамаңыз.
Сонда Қобыланды сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Біз ноғайлы деген ел едік,
Тоқсан баулы ноғайлы
Ежелден жатқан көп едік.
Ұзыннан жатқан өзен су
Жағалай қонған мол еді,
Көптігіміз сол еді.
Ноғайлының ішінде
Бөлек-бөлек санасы
Қара Қыпшақ деген ноғаймыз.
Қыдырбай еді атамыз,
Қобыланды мен Қошабай
Сонан туған баламыз.
Іздегенім сұрасаң,
Қостөре қалмақ ер еді,
Бір мықты жер еді.
Мұсылманға кірсін деп,
Іздеп шықтым дініңіз.
Қайсысы жақсы бұл діннің,
Өзіңіз ойлап біліңіз.
Екі талай жер болса,
Жеңісуге қалайсыз?
Аз бен көпке қараман,
Тәуекел етіп қаламыз.
Қостөре сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ноғайлы деген, сен,—деді,
Жасқанатын емен мен,—деді.
Ондай көңілің бар болса,
Сынасалық, кел,—деді.
Сонда тұрып Қостөре
Атының басын бұрады,
Оңтайланып алады:
—Енді кезек бер,—деп сұрады.
Қобыландыдай баланың
Білейін күш шамасын.
Сыйламай ма екен ер Қобылан
Жасы үлкен ағасын?!
Кезегімді, батыр, бер,—деді,
Қайратымды көр,—деді.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Ата бер, қалмақ, сен,—деді,
Жасқанбаймын мен,—деді.
Қайратың болса ете бер,
Аянбай, қалмақ, сен,—деді.
Сонда қалмақ долданды,
Қорамсаға қол салады,
Атайын деп оңдалды.
Қорамсадан оқ алды,
Төртеуін бірдей атады.
Қобыландыдай еріңнің
Үстінде бар да ақ сауыт,
Сыртында бар да шарайна,
Басында бар да дулыға
Сыртында бар да қалқаны.
Қарсы тұрды қасқайып,
Жасқанатын ер ме еді.
Сонда қалмақ оқ атты,
Үшке дейін жалғастырып болатты.
Ол қалмақтың үстінде
Ақ сауыты жоқ екен,
Тек шарайна бар екен.
Сонда Қобыланды ойланды,
Қорамсаға қол салды,
Көк жебені қолға алды.
Атайын деп Қобыланды,
Қостөреге көз салды.
Өзіне кезек бергесін,
Атуға кезек келгесін,
Қобыланды сонда
Қостөреге сөз айтты:
—Қостөредей хан,—деді,
Сөзіме құлақ сал,—деді.
Анау тұрған жолдасың
Кейін қайтсын, бар,—деді.
Бар болса сенің қатының,
Балаң менен оларға
Сәлеміңді айт,—деді.
Өлмеймін деп ойлама,
Менімен тіпті ойнама.
Мынау тұрған сұр жебе
Атсам оқты қоймайды,
Өзі өтпей қоймайды.
Сен секілді қалмақты
Өлтірмей, сірә, қоймайды.
Қалмақ кете қоймайды,
Айтқан тілін алмайды,
Кейін қайтып бармайды.
Сұр жебесін ер Қобылан
Сонда тұрып басады.
Шарайнаға қарамай,
Атқан оғы өтеді,
Қалмақтан өтіп кетеді.
Қалмақтың басы бөлінді,
Өлгендігі қасындағы
Жүз кісіге көрінді.
Жүз кісіден он кісі
Кейін қарай қашады.
Сонда Қобылан ер тұрып,
«Қостөре хан өлді деп,
Келіп көрсін құл»—деді,
Енді болды жер,—деді.
Сонда жүз кісі қалмақты жасырды,
Қошабай батыр ақырды:
—Келе бер,—деп,—қорықпасаң,
Айқайлап бәрін шақырды.
Қошабай мен ер Қобылан
Қалмаққа сонда шабады.
Ішіне таман барғасын,
Батырлар жұлқыс салады.
Қошабай мен Қобыланды
Қалмаққа салды ойынды.
Бұрынғы қашқан он кісі
Қалмаққа берді хабарды.
Хабар алып көп қалмақ,
«Ерлердің басын кесіп алам» деп,
Жақындап жетіп қалады.

Тағы оқыңыз