Қыдырбайұлы Қобыланды (10-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
—Көзім, сенен қате болды ма,
Шамасын білмей аттым ба,
Қолым, сенен қате болды ма?!
Бұл ұйқының зардабынан
Буыным босап қалды ма.
Тобылғы меңді торы атым,
Жануар, адым аша көр,
Аяғыңды баса көр!
Манағы жүрген сұр құлан
Жансыз болып қалмасын.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Бекініп сүйтіп аламысың.
Құлаштап аттап баса көр,
Адымыңды аша көр.
Тобылғы меңді тор атқа
Қамшыны енді басады,
Құмнан зырылдап өтеді.
Құмның арғы шеті шың еді,
Шыңға таман жетеді.
Шыңның шықты басына,
Манағы жүрген сұр құлан
Барған екен жолдасының қасына.
Қобыланды тауға шыға бергенде, бес қасқаның біреуі Байқасқа қасына жетіп келіп, сөйлей берді:
—Жапанда жүрген баласың,
Жарқыным, қайда барасың?
Балдырғандай жас бала,
Білмеймісің шамаңды,
Танымайсың ба мендей бабаңды?
Менің атым—Байқасқа,
Сені қойман алмасқа,
Баласың не еткен, сен,—деді.
Өлмеймін десең де өлесің,
Ат-жарағың бер,—деді.
Жаным ашып мен тұрмын,
Кете бер елге, сен,—деді.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Асылымды сұрасаң,
Мен бір ноғай деген ел едім.
Ол ноғайдың ішінде
Қара Қыпшақ деген мен едім.
Әкемнің аты—Қыдырбай,
Қобыланды деген мен,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Қозғалмас ханның елі еді.
Ақылы жоқ қалмақтар
Қаза айдаған келеді.
Жаның ашып сен тұрсың,
Ат-жарағың бер,—деді,
Кетейін алып мен,—деді.
Ішіңде бар да ақ сауыт,
Сыртыңда бар да шарайна,
Басында бар да дулыға,
Кезек бердім мен,—деді,
Ата бер, қалмақ, сен,—деді.
Қарсы тұрды қақшиып,
Тайсалмастан бақшиып.
Сонда қалмақ байқаса,
Толайына қол салды,
Атайын деп оңдалды.
Бір атқанда үш атты,
Үш оғын бірдей бос атты.
Киімінен өтсе де,
Етіне дарып кетпеді.
Сауыт пенен шарайна
Оған да оғы батпады.
Сонда Қобыланды сөз сөйлей бастады:
—Байқасқа қалмақ, сен,—деді,
Атамын енді мен,—деді.
Атқан оғым өтеді,
Басың жерге кетеді.
Неше қасқа болсаң да,
Жолдасыңа бар,—деді.
Қатының мен балаңа
Өлемін деп хабар айтып кел,—деді.
Қайта келмесең сен,—деді,
Өлтіремін мен,—деді.
Қорықпасаң қалмақ-ау,
Енді кезек бер,—деді.
Атының басын тартпады,
Еліне қалмақ қайтпады.
Қалмақ тұрды қақшиып,
Екі көзі бақшиып.
Сонда Қобыланды оқ атты,
Атқан оғы өтеді,
Қалмақтан өтіп кетеді.
Аржағында бір төбе,
Тостағандай төңкеріп,
Ол төбеден де өтеді.
Ар жағында бір тауға
Тағы да еніп кетеді.
Сонда қалмаққа Қобыланды батыр ақырды:
—Тағы қапа қалмаңдар,—деп,
Қалғандарын шақырды.
Сонда Байқасқа өлгесін,
Артынан келді баршасы.
Сонда Қобыланды ақырды,
Елуін бірдей жапырды.
Қыра берді ер Қобылан
Тоқтамай-ақ кәпірді.
Сонда бір бала ортаға келмей, шетте жылап тұрады:
Қырық тоғызын сояды,
Жоқ қылып Қобыланды қояды.
Сонда бала Қобыланның қасына келіп, сөйлей бастады:
—Бала едім мен,—деді,
Артымдағы еліміз
Жеті күндік жер,—деді.
Елу кісі баршасы
Қалмақтан шыққан ел—деді.
Бұл ерлерге еріп
Шығып едім мен,—деді.
Мен ақылдан торықтым,
Өлгенін ерлердің көргесін,
Енді сізден қорықтым.
Сонда Қобыланды:
—Олай болса, сен,—деді,
Еліңді баста, жүр,—деді,
Өлтіремін мен—деді,
Елің қандай ел?—деді,
Сонда бала айтады:
—Қалмақтың мұнда қоры бар,
Істеп жатқан тойы бар.
Тілімді алсаң бармағын,
Асыл Қобылан сен,—деді.
Жеті күндік жер,—деді,
Бастаймын тура мен,—деді.
Ата менен анам бар,
Аға менен іні бар.
Бұл тілегім берсеңіз,
Туысқан, туған-ағайын
Соны өлтірмей берсеңіз.
—Баста тура, сен,—деді,
Аудармай елге апарсаң,
Өлтірмеспін оларды мен,—деді,
Біреуіне тимен мен,—деді.
Алдына түсіп желеді,
Қозғалмас деген хан еді,
Жеті күнде жетеді.
Қаланың көрді шамасын,
Жиып ал деп Қобыланды
Тастай берді қасында
Манағы жүрген баласын.
Қозғалмас ханның елімен
Қаласын алды талқандап.
Шұбыртып қатын-баласын,
Қозғалмастай хандардың
Жеті күнде алып болды-ау шамасын.
Жетім-жесір шұбыртып,
Айдады сүйтіп қарасын.
Үш қонып сыртқа шыққанда,
Бұрынғы қалған қырық кісі
Сонда келді шамасы.