Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қыдырбайұлы Қобыланды (4-бөлім)

Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

дегенде Тәуіп хан:—Рұқсат, бара бер,—деді.

—Ай, Қобыландыжан, Қобыландыжан,
«Шақыр» деді атаңыз,
«Алып кел» деді анаңыз.
Артыңнан іздеп келмеске
Болмады біздің шарамыз.
Қайтпайсың ба еліңе,
Қобыландыжандай баламыз?
Қобыланды сонда сөйледі:
—Ата-анама сәлем айт,
Жиырма екі күнде барамыз.
Он сегізде бір қызды
Рұқсат берді, ал,—деді,
Осы отауға бар,—деді.

—Жиырма екі күнде барады деп айта беріңіз атам менен анама, сіз,—деді.

Сол уақытта бір он төрт жасар қыз жүгіріп барып, Құртқа қызға сөйлей бастады:

—Он төрт жасар мен,—деді,
Он сегізде сен,—деді.
Сізді кәрі,—деді,
Соны сізге білдіре келдім мен,—деді.

Сонда Құртқа үйде ілулі тұрған асылдың не керегін түйіп алады, үстіне алтын тонын киеді. Жақұт, маржан, лағла—үш бұйымды тағынады. Патшаның қызы болғасын, не асылдар табылады.

Сонда шығып көруге,
Айтып жауап беруге,
Қобыланды ердің тігулі
Ақ отауына жүгіреді.
Пердесі бар бетінде,
Отаудың келіп алдына,
Көлденең тұрып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Жібекті көр де, шашым көр,
Түймені көр де, басым көр,
Қаламдай қиғаш қасым көр.
Дөңгеленген көзім бар,
Балдан тәтті сөзім бар.
Дидарласып көруге,
Айтып жауап беруге,
Оймақты көр де, аузым көр,
Мақпалды көр де, бетім көр,
Қасықты көр де, қолым көр,
Қоянды көр де, жоным көр.
Жапанға біткен терегім,
Сағынып көрген керегім,—

деп, пердесін көтеріп еді, Қобыланды көзінің назарын салып, миығын тартып күледі. Сосын Құртқа пердесін жауып, қайтып жүре береді. Манағы қыз Құртқаға еріп жүре береді. Былайырақ шыққасын:—Апа, жездем үндемеді,—деді. Сонда Құртқа:

—Үндеме, жарқыным, сен,—деді,
Тыңдамаймын мен,—деді.
Кете бер енді, сен,—деді,
Ер тәбісім еткені—
Көңілінің біткені,—деді.

Тәуіп хан тоғыз күн тойын, он екі күн ойын қылды. Жиырма күн болғанда, ақ Құртқаны ұзатады. Тоқсан нар, тоқсан құл, тоқсан күң береді, тоқсан ат береді. Қобыландының астында көк ала тай бар, ауылдан шығып алғансын, құлдармен жарысады. Тап бергенде тай озады, дүбір шыққасын Құртқа артына қараса, көп дүбір естіледі. Ол дүбірді қараса, көп жылқы көрді, оның ішіндегі біреуі Қыдырбайдың жылқысы еді. Сонда сегіз жылқы қысырақ бар еді. Оның ішінде жалғыз жылқы жирен айғыр бар еді, кекілі ұзын кер бие бар еді. Мұны көрген соң, Құртқа шұбыртып барып алып келді. Сосын Қыдырбайдың еліне келіп, отау тігіп отыра қалды. Отау тігейін деп түскен кезде, Қыдырбай кейи бастады. Отау тігіліп болғасын, Қыдырбай «кер биені әкел» деп ақырды. Сонда бәйбішесі Ақару Қыдырбайға сөйлей бастайды:

—Айналайын, алғаным,
Білмеймісің кешегі
Ақшахандай залымның
Қандай қызық салғанын.
Каңғырып едік бала үшін,
Иесіз қалар мал үшін,
Бір перзент бала үшін.
«Өлтірем,—деп,—өзіңді,
Оярмын,—деп,—көзіңді»,
Тыңдамаушы еді Ақшахан
Сенің айтқан сөзіңді.
Ақ жарылқап, ұл тауып,
Хансұлудай қыз тауып,
Неге аясын дүниені.
Құдай тілегің бергесін,
Қасыңа қоңсы келгесін,
Кер биең құрсын, бер,—деді,
Құртқа жанды көр,—деді.
Сонда Қыдырбай сөйледі:
—Естімеймін сөзіңді,
Өлтіремін өзіңді.
Кер биені бермеймін,
Керек емес Құртқаны
Мен келін қылып көрмеймін.
Келмей жатып мал бөліп,
Ондай зорлыққа көнбеймін.
Өлтіремін мен,—деді,
Енді келіп сөйлеме, енді, сен,—деді.

Тағы оқыңыз