Қыдырбайұлы Қобыланды (1-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Тоқсан баулы ноғайда он екі жарым хан өткен, он екі жарым ханның тұсында Ақшахан деген хан өткен. Ақшаханның тұсында Қыдырбай деген бай болған екен, жасы сексенге жеткен жан болған. Қыдырбай бұрын мерекелі той жасап, екі атанға саба артып, екі ту бие жетелетіп, екі биені сояды екен, төрт саба қымызды құяды екен, жыршы мен жақсы билері сол шеттегі үйде тұрады екен. Бір күні Ақшахан діні бұзылып, Құдай ұрады. Сонда кеңескенде:—Қыдырбайды өлтіріп, дүниесін қазынаға салайын, малын жинап өзіміз алайық, Ақару қатынын қазынаға мал беріп бағайық,—деп билер мен бектерінен сұрайды. Сонда жиналған билер мен бектер:—Мақұл, ал оны қалай өлтіреміз?—дейді. Сонда Ақшахан:—Алудың есебі табылғанда, өлтірудің есебін өзіңіз табыңыз,—дейді.— Жалғаннан той жасайық, Қыдырбайға хабар етіңіз, ертең келсін,—деді. Сонда билер мен бектер «жақсы» деп қош алады. Бұл кеңестің ішінде Қыдырбайдың жеті ата жақыны бар еді, өзі аш-арық еді. Қыдырбайдан «бір сауын лақты ешкі бер» деп сұрағанда, бір сауын сүт те бермеуші еді өзіне. Ертеңіне жұрт Қыдырбайды тойға шақырып келеді деген соң, аяғында қу шоқай, басына кигені малақай, қырлы мылтық мойнында, Қыдырбай екі атанға саба артып, Қыдырбайдың қасына екі ту биені жетелеп, тойға түсейін деп жүрді. Сонда әлгі жақыны Қыдырбайдың алдынан шығып сөйлей бастады:
—Ай, Қыдырбай, Қыдырбай,
Ұлың болса орын бар,
Қызың болса бұрын бар,
Ұлың да жоқ, қызың да жоқ,
Маңдайыңның соры бар,
Дәулетіңнің қоры бар.
Ақшахандай залымның
Жалғаннан қылған тойы бар,
Өлтірейін деген ойы бар.
Сонда Қыдырбай тұрып егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Екі биені босатып,
Қыдырбай қоя береді.
Екі бие үйінің тұсынан өткен кезде, Ақару бәйбіше үйінен шығып тұра берді. Қыдырбай жақындап келгесін, алдынан Ақару бәйбіше көзінен аққан қара жас, ішінде қаны аралас сақалын жуып келе жатқан Қыдырбайды көріп айтқаны:
—Айналайын, алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Ұлы, қызың жоқ-ты,—деп,
Бетіңе таңба салды ма?
Алайын деп малыңды,
Кесейін деп басыңды,
Қысқартуға жасыңды.
Шырын-шекер, бал татқан,
Тар төсекте бір жатқан,
Ендігі кетсең далаға,
Кім болар ие жинаған қараға?!
Мен де бірге кетейін,
Сенен қалып не етейін?!
Иесіз дүние бұл қалсын,
Құрысын дүниең, тұл қалсын.
Кім оймайды менің көзімді,
Тыңдамас ешкім сөзімді.
Сонда тұрып Қыдырбай,
Қатынына сөз сөйледі:
—Асыл да туған алғаным,
Енді болды арманым.
Атаңа нәлет Ақшахан
Басыма қайғы салғаның.
Мен қаңғырып кетейін,
Мұнда тұрып не етейін.
Қалмай ма орда иесіз болып бұл,—деді,
Біз екеуміз кеткесін,
Толып кетер құл,—деді,
Өлгенше ішіп-же,—деді.
Алла тілек бір берсе,
Қайта айналып келермін.
Алла тілек бермесе,
Каңғырумен кетермін.
Кетерін анық білген соң,
Темірден кебіс жасатты,
Темірден қолына таяқ берді.
Жүз құрт берді қолына
Қос жұдырықтай біреуі.
Ішіне оның салғаны
Шекер менен бал еді,
Тәттілігі сондай бар еді.
Киді бөркін басына,
Ерітпеді сорлы Қыдырбай
Ешкімді де қасына.
Неше күндей қаңғырып,
Жол үстінде жүрерге
Ақарудай бәйбіше
Сонда тұрып қалады:
—Оң қолыңды берші,—деп,
Қолынан ұстай алады.
Алғыншы алған жолдасы
—Таңда мақшар тар жолда
Қосқай дағы Құдайым,
Тапсырдым Аққа мен,—деді,
Қош-аман бол сен!—деді.
Жібергесін қолынан,
Жүре берді Қыдырбай
Қаңғырып кетер жолына.
Ақарудай бәйбіше
Қайтып үйге кірмеді.
Қойдан айтты қошқарды,
Сиырдан айтты бұқаны,
Түйеден айтты бураны,
Жылқыдан айтты айғырды.
Қыдырбай кетіп қалғасын,
Сорлы байғұс қайғырды.
Қайтып үйге кіреді,
Кіргеннен соң отырды,
Қисайып жерге жатпады.
Жаулығын салып мойнына,
Жасы төгіліп қойнына,
Түн ортасы болғанда,
Қисайып байғұс жатады,
Ұйқыдан қатты қатады.
Қыдырбай байғұс жол жүрді,
Қаңғырумен көп жүрді.
Басын сүйер жерлері
Далада жатқан тас болды.
Ақшахан сондай қаңғыртып,
Қыдырбаймен қас болды.
Қаңғырудың бойында
Жетпіс күндей жол жүрді.
Толып жатқан көп мола,
Моланы көріп Қыдырбай,
Жетіп келді касына.
«Демалайын мен-ші деп,
Құдай, тілек берші» деп,
Бір моланың қасына
Жата кетті Қыдырбай.
Көзі ілініп кеткенде,
Бір адам келді қасына.
—Арышландыр мен,—деді,
Басың көтер, сен,—деді.
Сіз үшін тілеуге
Аллаға бардым мен,—деді.
Алла берді тілегің,
Ұл менен қыз туады,
Үйге барсаң қатының.
Ноғайлы атын қояды,
Енді елге хан болдың,
Тілегің қабыл жан болдың.
Жатпа мұнда, сен,—деді,
Хабар бердім мен,—деді.