Қыдырбайұлы Қобыланды (7-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Асыл туған сұлтаным,
Қалай екен мінген тарланың?
Құлын бастан еткені
Көтеріп сізді кеткені.
Дариядан қарғып асты ма?
Ортадағы төрт көлді
Аяғымен басты ма?
Төрт көлдің тұрып басында
Келді ме ашу қасыңда,
Тарланның қайраты
Біле білсең осындай.
Бұл тарланды баққаным,
Беске жасы толсын,—деп,
Сізге көлік болсын,—деп.
Сонда Қобыландыға ой түсті: «Япыр-ай, бұл Құртқа үйде отырып, менің төрт көлде тұрып, кейігенімді қайдан білді?— деп,—енді мен бұл Құртқаға тимеймін, Тарланды жақсылап бағып өсіре берсін» деп ашуды қояды. Құртқа сұлу бір сарайға салып Тарланды баға береді, не құлқын тор құнанын таба берді. Етіне қатаң тиер деп сыртына мақпалды жаба берді, жібектен шылбырды таға берді. Сонда тор құлын екі жасар құнан болды. Қобыландының қасындағы қырық жолдасының біреуі Ақшаханға хабар берді: «Қобыландының бір құнаны бар, жер басқанға болатын емес, қалай етіп аласыз, сіз, оны?—деді.— Естіп келдім хабарын мен,—деді. Сонда Ақшахан:—Япыр-ай, қалай қылып алармын ол құнанды, не өлтіруге, не алуға,—деді. Сонда хабар айтқан кісі:—Мен бір айла табармын,—деді.—Сіз жалғаннан той жасаңыз, соған қара атыңызды жаратып бәйгіге салыңыз, алты айлық жолға, әбден күйге келтіріңіз, сонда бұл алты айлық жолға ол торы шыдамай өліп қалады және ол торыға мінуге бала бермеңіз, Қобыландының өзі мінсін,—деді. Оны Ақшахан «бәрекелді» деп, қош көрді, жалғаннан той жасады. Құртқаға той болатынын білдірмейтін болды. Ақшаханның Қобыландыға қастығын бұрын Құртқа білуші еді, сосын бір адамға мал беріп, Ақшаханның қастық ойлайтынын біл деуші еді. Ол адамы Бибіжан деген әйел еді. Әлгі «ат шаптырып, жалғаннан той жасаймыз» деген әңгіменің ішінде сол Бибіжан да бар еді, ол бәрін естіп отырды. Өзі тілеуші пақыр болып жүруші еді. Ол хабарды Құртқа сұлуға айтып келді:—Бүгіннен бастап Ақшахан қара атын бір айға жарататын болды, соған сіз де атыңызды баптай беріңіз, соған тор құнанды қалайда болса қосамыз,—деді. Және бір сыр айтайын, ноғайлыдан асылы бала мінгізбейтін болды. Сонда Құртқа сұлу «жақсы деп қала берді. Тор құнанды жақсылап баға берді. Ақшахан той қылатын болады, үш күн қалған кезде Қобыландының қасындағы жолдастары кеңес құрады:
—Япыр-ай, осы Ақшаханның қара аты жүйрік болғанымен тор құнаннан оза ма,—деп.—Жоқ, біз осы тор құнанды Ақшаханның қара атымен қосып сынайық,—деді. Сонда қырық кісінің аузы бірдей, оны Қобыланды көріп күндейтін еді. Сонда тұрып айтты:—Қосамыз дегенімен, оны Құртка сұлу бермейді, әйел деген сұм болады, оны бес жасқа толғанша бағады. Оны басқа біреуге берейін деп жүрген болар,—деді біреулері. Сонда Қобыланды ұшып тұра келіп:—Бір қатыннан бір атты ала алмайды деген не, мен оны алып бәйгеге қосам,—деді. Сосын атқа мініп үйіне келіп:—Қайда құнан? Әкел, бәйгеге қосам,— деді. Сонда Құртқа құнанды жетелеп әкелді. Үстіне мақпал жапқан, жібекпен белін таңған, жібектен шылбыр таққан құнанды ноқтасынан ұстап жетелеп әкелді. Сонда Құртқа сұлу Қобыландыға жауап айтады: