Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қыдырбайұлы Қобыланды (11-бөлім)

Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сол күні Қобыланды батыр ұйықтап жатып бір түс көрді, түсінде жаман іс көрді, ол түсін жолдастарына сөйледі:

—Әкем еді Қыдырбай,
Қуарып жүзі солыпты,
Нағыз мұңды болыпты.
Әкем жүр ошақтың қасында,
Жерде жатыр басында
Түс көрдім жаман осындай.
Ақарудай анамыз
Аяғында шарық-ты,
Құрым қалпақ басында,
Тия алмай жүр көздің жасын да,
Қайғысы болды-ау осындай.
Ақ Құртқадай алғаным,
Болыпты қатты арманым.
Аты әйел болғасын,
Неге келсін дәрмені.
Егізім еді Хансұлу,
Ат артына мініпті.
Шұғадан жабылған
Туырлығын қарасам,
Тоқымдыққа тіліпті.
Үйде тұрған қазынаны
Жабыла қалмақ киіпті.
Артымдағы дүние
Сондай мүшкіл болыпты.
Аспанға шаңын шығарып,
Тоғайда жатқан көп малды
Қалмақ айдап қуыпты.
Мен ілгері кетейін,
Атама сәлем берейін,
Анамның жүзін көрейін.
Егізім еді Хансұлу,
Жолығып жауап берейін.
Алған жарым ақ Құртқа,
Оның да жүзін көрейін.
Жетім менен жесірді
Сіздер айдап келерсіз,
Енді мен елге кетейін.

Сонда Қобыландының бір жолдасы сөз сөйледі Қобыландыға:

—Барарсың, Қобылан, сен,—деді.
Кеткенің тастап болмайды
Енді бізге жөн,—деді.
Жер ошақта атаң бір тұрса,
Шулап тағзым етерге.
Басы жерде бір тұрса,
Ұйықтап төсегінде бұл жерге.
Ақарудай бәйбіше
Шарық кисе аяққа,
Болған шығар кебіс-ті,
Дүниесі болған тегіс-ті.
Хансұлудай егізің
Ырғытып жорға мінген-ді,
Құбылтып торқа киген-ді.
Салтанатын бұл көріп,
Тәрбие көріп жүрген-ді.
Алған жарың ақ Құртқа
Құбылып жүзі бұл солса,
«Алғаным қашан келер,—деп,—
Тілекті Құдай берер» деп,
Мұңайып ол жүрген-ді.
Олардың айтқан жауабы
Қобыландыға жарамай,
Кететін болды қарамай.
Тобылғы меңді торы аттың
Елге басын қаратты.
Құлан да емес,
Кұс та емес,
Құйын да емес,
Аң да емес,
Адам көрген жан емес.
Ашылып кетті арасы,
Көрінбей кетті қарасы,
Жылқының ондай болмас баласы.
Сексен күндік жол еді,
Сегіз күнде келеді.
Ай қараңғы, күні бұлт,
Сонда торы ат тұрады.
«Не болды,—деп,—торы атқа»
Сонда Қобылан ұрады.
Сонда торы ат сөйлейді:
—Елден шығып кеткелі
Ауыздығымды алмадың,
Басымды жерге салмадың.
Арқа терім іріп тұр,
Артқы оқпаны еріңнің
Қыр арқама кіріп тұр.
Арқадан аққан қанды ірің
Бақайыма жетіп тұр.
Борбайымның қоңы жоқ,
Бұл мойнымның жалы жоқ,
Жүруге менің әлім жоқ.
Жирен деген көліңді,
Қалмақ алған еліңді.
Ақ Құртқадай арудың
Қаққан алтын қазығы,
Қазықтан тұрмын кете алмай.
Шамданған соң жеріңе
Қалғаным жоқ жете алмай.

Ат жүрмеген соң, Қобыланды қылышын суырып алып, сонда айтқан сөзі екен: «Алшағыр қалмақ жерді шауып, алған жерін тастап қашқан екен, жетпіс күндік жерге асқан екен». Аттан түсе қалып жерді сипап қарады, қазықты тартып қолға алды, отыра алмай долданды. «Ат қазықтан кетпейді» деген сөз осыдан қалған екен ғой. Аттың ерін алып тастай беріп, Қобыланды батыр

Отыра алмады кідіріп,
Маңдайдан тері шұбырып.
Ағарып таң атқанда,
Биік дөңге көз салса,
Бесоба деген дөң екен.
Ешкі қырған деген
Биік тау екен.
Тұрған жерге көз салса,
Жирен деген көл екен.

Тағы оқыңыз