Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қыдырбайұлы Қобыланды (15-бөлім)

Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қобыланды қасындағы қырық жолдасын ертіп алып, жауға жүрмек болады. Сонда шешесі Ақару Алшағырдан көрген қорлығын Қобыландыға айтып сөйлей бастайды:

—Асыл туған сұлтаным,
Неше жыл болды мінгелі,
Шаршамай ма шапқан тұлпарың?
Беліңе буған көк берен
Сермесе кеспей қалмағын.
Білмеймісің, перзентім,
Алшағырдай қалмақтың
Қойын бағып зарлаған
Біз секілді бейбақты?
Сүйтіп қалмақ қорлаған,
Кетіп есім мен деген,
Тек жаным тұр өлмеген.
Басқа біткен шашымыз
Бір күндерде қуарды.
Жасымыз жетіп меңдеген,
Тек жаным тұр өлмеген.
Кетпе, балам, сен,—деді,
Өз көзіңмен көр—деді.
Қолыңнан қаз да, көм,—деді.
Ерік кетіп мен,—деді,
Дидарыңды бір көрмей,
Жау ішінде шөлдедім.
Жылай да енді жұбайым,
Жар болсын енді Құдайым.
Ана десең, перзентім,
Кетпе деп сенен сұраймын.
Жасым жетіп торықтым,
Ажал жақын секілді,
Мен өлімнен қорықтым.
Енді кетсең далаға,
Үстімізге жау қонар.
Күн тумай біздей анаға,
Біз секілді ғаріпты,
Зарлатып, балам, бола ма?!
Бұрынғыдай, қарағым,
Жүретұғын дәрмен жоқ,
Сіз кеткесін далаға.
Енді бізде арман көп,—
Деп кемпір жылай берді.
Сонда қарындасы Хансұлу
Жақын келді қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай:
—Айналайын, егізім,
Алтын еді лебізің.
Қыдырбай еді бабаңыз,
Сіз кеткесін далаға,
Қалған иесіз қойыңыз.
Атымыз әйел болғасын,
Келсін неге шамамыз?!
Қалмақтың бақтық құлдарын,
Қиындықтың біз көрдік
Неше түрлі сұмдарын.
Өлтіріп кет, сіз,—деді,
Қалайық өліп біз,—деді.
Білесің бе, ағеке,
Жасы үлкен бабаңыз
Жеті жатта бұл қалды,
Келмеді-ау біздің шамамыз,
Баруға бар ма шамаңыз?!
Құдай бізге қылғасын,
Жылаудан басқа болмады
Ешбір біздің панамыз.
Сорлы болған бауырдың
Оңбайтын ісін біліңіз.
Қолына түссем кәпірдің
Қайғы түсер басыма.
Сіз бір қайтып келгенше,
Дидарласып көргенше,
Өзің ойлап қарашы,
Не келер оның қолынан
Мынау тұрған анаңыз.
Сіз кеткесін далаға,
Көреміз ғой біздер де
Өктем-өктем сөздерді,
Сіз келгенше жолыңнан.
Сіз кеткесін далаға,
Жолығамыз ғой, ағеке,
Қара бауыр құлдарға.
Сөз айтуға болмайды
Атаңа нәлет мұндарға.
Сол жауапты айтқанда,
Үйден шығып Ақ Құртқа,
Жақынырақ келеді,
Келе тұрып сөйлейді:
—Айналайын, алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Не түрлі көрдім азапты,
Сіз кеткесін далаға.
Артыңызда күн туды
Қатын менен балаға.
Қалмақ қорлық бердірер
Ақ сүт берген анаңа.
Жақын жерде кәпір жоқ,
Тілімді алсаң, сұлтаным,
Бізді тастап кетпеші,
Қаншама жәбір біз көрдік.
Көрдіңіз ғой өзіңіз
Айырып алдың өзіңіз.
Сіз болмағасын бұл жерде
Таянып қалып едік өлуге.
Ақ сүт берген анаңыз
Жәбір көрген бұл байғұс.
Жадыңызға алсаңыз,
Атаңыз жатып бұл қалды.
Өзіңіз кетіп қалғасын,
Бұл ордада кім қалды?!
Қалмақтың ісі осылай,
Бізге мұндай күн салды.
Өлтіріп кет анаңды,
Тастап кетпе, сұлтаным,
Мұндай жиған қараңды.
Асылың артық ер,—деді,
Айттым сізге мен,—деді.
Жадыңызға саламын,
Тындасаңыз сіз,—деді.
Ақарудай бәйбіше
Келіп тұрды қасына-ай,
Көзінің төгіп жасын-ай:
—Сағынып көрген тұяғым,
Кезенесің алысқа
Кетейін деп, шырағым.
Ақ Құртқа мен Хансұлу
Естисіз бе сіз сөзін.
Біздің көрген жәбірді
Көрмеп пе еді көзіңіз.
Енді сапар бұл шексең,
Тірі қоймас дүниеде,
Көміп кет енді өзіңіз.

Тағы оқыңыз