Қыдырбайұлы Қобыланды (9-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Қошабай мен Қобылан бәйгені алып болғасын, елге қарап жүріп келе жатқанда, күймелі арбамен қыз-келіншекті ертіп, алдынан қатыны шықты пар жеккен жорғамен. Сонда Қобыланға Құртқа сұлудың айтқаны:
—Қайырлы болсын, сұлтаным,
Байрақтан келген тұлпарым!
Ақсұңқарым, келдің бе,
Ақшахандай зұлым хан
Қуарып өзі қалды ма?
Арышландай ер еді
Қасыңдағы Қошабай.
Асыл туған дана екен,
Өзі жетім бала екен.
Бұны өзіңіз көріңіз,
Егер келсе шамаңыз,
Іні қылып алыңыз.
Сонда Қобылан Құртқа сұлуға айтты:
—Тоқсан баулы ноғайлы
Аралап өзің көр,—деді.
Лайықты бір әйел
Осыған алып бер,—деді.
Сосын тұрып ақ Құртқа
Бір әйелді алып береді.
Лайықты бала еді,
Іні болып бұл тұрды.
Сонда тұрып Қобыланды
«Аттанайын,—деп,—қалмаққа»,
Жол жүріп келе жатады.
Жайықтың арғы бетінде
Жиренқопа деген жер еді,
Бесоба деген дөң еді,
Ол жерде мекен қылған
Қара қалмақ қатты сыбанның елі еді.
Алшағыр деген хан еді,
Жаз болса бағушы еді,
Күз болса шабушы еді.
Адамның дегенін қылмайтын
Өзі бір қайсар ер еді.
Сол көлді көргесін, Қобыланды елін көшіріп сол көлге келеді. Алшағыр хан бұрын сол жерде отырушы еді, көлді сыртынан бағып тұрушы еді. Қобыланды көшіп келгесін, сол жердің оттығына қызығып қона кетті. Алшағыр Қобыландының қонғанын көре кетеді.
«Құдай бізге берді деп,
Бір көп дәулет келді деп,
Шауып алар ел болды» деп,
Үш жүз кісі қалмақ аттанып, жайылып жатқан малды қуады.
Тобылғы меңді торы атпен, белдігі алтын болатпен, алпыс аршынмен Қобылан шыға шапқан кезде, қалмақтар шошып тұра қашады. Бір қатары кетті баладай бақырып. Сонда Алшағыр қалмақ атының басын бұрады, ойлап кеңес құрады, бір айла жасайын деп Қобыландыға қарап тұрады. Қобыланды жетіп келгенде, Алшағыр қалмақ сөйледі:
—Екеуміз бір жерде тұрып қос болайық,
Өлгенімізше дос болайық.
Менің жете алмай тұрған жерім бар,
Айтайын деп тұрған кебім бар.
Қырық күндік жерде
Ала алмай тұрған жауым бар.
Оны ала алмай тұрған себебім:
Жиырма күндік шөл еді,
Сол шөлден өтіп бара алмай,
Кідіріп тұрған жайым бар.
Сонда Қобыланды Алшағырдың «дос боламыз» деген сөзіне иланып, аңқау ер көдек қырық жолдасын ертіп, Қобыланды батыр жолға шығып жүре берді. Алшағыр қалмақ айтты Қобыландыға:—Оның бес қасқа деген ерлері бар. Айқасқа мен Байқасқа, Көкемби қасқа мен Көкқасқа, аяғында толып жатқан көп қасқа.
Елден бір бөлек жатқан ел,—деді.
Өзі бір мықты жер,— деді.
Қырық күндік көлдің шетіне жиырма күндік жер барғанда, батырлар ере алмай кейін қалады.
Жалғыз өзі Қобыланды
Ілгері кетіп барады.
Бір жерлерге келгенде,
Ұйқысы келіп қалады.
Анық ұйқысы келгенде,
Алты күн жатып ұйықтап,
Ұйқысы сонда қанады.
Өзі ұйықтап жатқанда Тобылғы меңді торы аты жерді тепкілеп оятты. Қобыланды оянып, басын көтеріп қараса, кетіп бара жатқан бір құланды көрді. Сонда Қобыланның оғының көзі бар еді, жеті қырдың аржағынан барып тиюші еді. Қобыланды атып болғасын, өліп жатқан болар деп келіп қараса, оғы жатыр, құлан жоқ. Сонда Қобыландының айтқан сөзі: