Қыдырбайұлы Қобыланды (6-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Сіз кеткесін далаға,
Біз қалдық бір пәлеге.
Төсегіңнің үстінде
Маралдай бір адам керілді,
Сыбыр-сыбыр сөйлесіп,
Сыңқылдасып күлісті,
Сосын келдік біз,—деді,
Ендігісін білесіз дағы сіз,—деді.
—Көріп тұрған көз жаман,
Көп ішінде айтқан сөз жаман,—
деп, Сұр қызыл атқа мініп алып, Қобыланды жалғыз елге жөнелді.
Қобыланды батыр ақырды:
—Қайдасың, қаншық!—деп,
Сонда Құртқаға бақырды.
Сонда Құртқа сұлу ұйықтап жатыр екен, жаулығын салуға шамасы келмей, көйлекшең жүгіріп далаға шықты. Алдында жай бұлты бар еді, бұны Құртқа көріп, Қобыландыға жақындап келгенде,
Құртқаны қамшыменен ұрады,
Ет-бауырынан өтеді,
Құртқа былай кетеді.
Талқан болып үстіндегі көйлегі,
Қып-қызыл қан еттерін
Жоса қылып кетеді.
Ет-бауырынан өткесін,
Құртқа жылай жүріп сөйлейді:
—Асыл туған алғаным,
Сенен өлсем болмайды—
Дүниеде менің арманым.
Ұлсыз, қызсыз демесең,
Күнәмді қой да мойныма,
Ұрып өлтір өзімді,
Неге ойдың менің көзімді?!
Атаңа нәлет екі құл
Барып шағым салды ма?
Көп ішінде сөз айтып,
Бетіңнен тырнап алды ма?
Сыбыр-сыбыр сөйлесіп,
Сыңқылдасып күлісіп,
«Төсегінен өрді деп,
Менің көзім көрді» деп,
Зұлымдар хабар берді ме?
Кер биені бақтырдым
Екі зұлым құлдарға,
Атаңа нәлет мұндарға.
Төрт аяғын тигізбей,
Топыраққа ал,—дедім.
Жібектен көрпе мен бердім,
Тигізбей жерге ал,—дедім.
Аяғының біреуі топыраққа тиіпті,
Тиген жері тас болып,
Шеміршекке батыпты,
Асыл туған ер,—деді.
Жалған десең бұл сөзім,
Қасына барып құлынның
Аяғын өзің көр,—деді.
«Алып кел,—деп,—құлынды»,
Сонда Қобыланды ақырды.
Сарайда тұрған құлынды
Алып келіп көрсетті.
Аяғы тасқа тиіпті,
Шеміршекке таңба батыпты.
Сонда Қобыланды таңбаны көргесін, бір адамды қоя берді «екі құлды қуып кел» деп. Құлдарды қуып келгесін, ұрыпсоғып, екі құлды бір ағашқа байлап қойды.
Сонда келтірді келісін,
Тірілей сойып терісін.
Құртқа құлынды сайлады,
Сарайға салып байлады.
Сол құлынды өсіріп, ешкімге көрсетпей жасырып бақты. Сонда Қобыландының жолдастары:—Япыр-ай, бұл құлынды неге көрсетпейді, жасырып мінгізетін адамы бар шығар,—деп Қобыландының қасында тұрып айтады. Сонда Қобыланды ұшып тұра келіп, «ол құлынды қай жерде мінермін» деп, үйіне жетіп келіп:—Құлын қайда? Алып кел, мінейін!—деп ақырды. Сонда Құртқа сұлу үйден құлынды алып шығып, жүгенін салып:— Мініңіз,—деп, Қобыландыға береді. Қобыланды мініп алғанда, құлын Қобыландыға қарамастан ұшып шауып алып жөнеледі, алдынан бір дарияға кездеседі, ол дариядан бір қарғығанда ортада тұрған төрт көлге барып түседі. Төңірегі мол еді, айқын судың ортасында тұрған бір бөлек су сол еді, одан әрі құлын ешқайда жүрмеді, құлынның басында жүген жоқ, ұрайын десе, қаруы жоқ. Сонда Қобыланды бір ой ойлады: «Е, жолдастарым мені алдап, далаға асырып жіберейін деген екен, ай, сені ме, Құртқа, барғасын сенің де басыңды кесермін» деді. Сосын құлын қайта бір қарғып еді, сыртқа келіп түсе қалды. Сонда баяғы өзін байлаған жерге, шауып аулына келді. Жақындап келгесін дарбазаның аузы ашылды, құлын шауып кіріп кеткенде, Құртқа сұлу «бір жері ағашқа ұрылар» деп, Қобыландыны көтеріп алып қояды. Сонда Қобыландының түсі бұзылып қалған екен, енді Құртқа сұлу Қобыландыға сөйлей бастады: