Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қыдырбайұлы Қобыланды (13-бөлім)

Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Айналайын, қарағым,
Танымаймын мен,—деді.
Бес саусақтың қалы бар,
Көрмей сенбен мен,—деді,
Мазақтама, сен,—деді.
Сол уақытта Қобыланды
Атынан түсе қалады.
Бар киімін шешініп,
Сыпырып жерге салады.
Сонда кемпір келеді,
«Ойға түссе тізем деп,
Өрге шықса белім деп,
Баяғы, әттең, күнім» деп,
Құлынын көзі көргесін,
Құшақтай алып мойнынан,
Құдай маған берді деп,
Қарағым қайдан келді деп,
Ақ жүзінен бір сүйіп,
Сонда кемпір жығылды.
Түсі кетіп бозарып
Бір азырақ жатқасын,
Есін жиып алады.
Есін жиып алғасын,
Сонда кемпір сөйлейді:
—Қабыл екен тілегім,
Кірді,—деді,—реңім.
Бітсе де бүгін сүрегім,
Құдай алса ризамын.
Шығып мүйіз басыма,
Жетіп көкке тіреуім.
Алшағырдай қалмақтың
Жеті қатар қазған оры бар,
Ор ішінде жиған торы бар.
Жеті қатар жебе бар,
Болаттан каққан шеге бар.
Отыз аршын қаласы бар,
Бер жағында балшық сор.
Ат шаппайтын жері бар,
Қалмақтың мұнда торы бар.
Осыдан барып сен өлсең,
Маңдайымның соры бар.
Қарың қайда болса, қатының сонда,
Қырымға бар да хабар сал,
Ноғайдың байтақ ерін ал,
Қайтып кел де, кегің ал,
Қарағым, менің тілімді ал.
Сонда Қобылан ер еді,
Жүгіріп атты ерледі,
Ашуменен терледі.
Анасынан туғалы
Мұндай жапа көрмеді.
Құбылтып енді желеді,
Дөңгелентіп келеді
Ақ бұлттың үстімен,
Көк бұлттың астымен.
Алшағырдың қатыны
Сол күні түнде түс көрді,
Түсінде жаман іс көрді.
Сонда түсін айтуға
Байына қатын жүгірді:
—Бүгін мен бір түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Күнбатыстан келді көк бөрі,
Ойда жатқан отыз қой
Отызын бірдей ол жеді.
Қырда жатқан қырық қой
Қырқын бірдей ол жеді.
Алты бағлан ақ қозы
Алтауын бірдей ол жеді.
Жабағылы көк саулық
Көтеріп тұрып ол жеді.
Ай мүйізді көк қошқар
Тамағынан оны алды,
Мойнын бұрап ол салды.
Күн шығыстан қара бура ол келді,
Даусы шықты күркіреп,
Қалмақ қашты дүркіреп.
Жалғыз қызың Ибажан
Даусы шықты шырқырап.
Бір құба үлек бұл келді
Ол қалаға аунады,
Кесегі қалмай қурады.
Қалмақ халқы шулады,
Жамыраған қойдай маңырады.
Бір айдаһар бұл келді,
Қалаға келіп ысқырды,
Ен қалмақты тықсырды.
Отырған жері ой-шұқыр,
Басқан жері май шұқыр.
Бес өгіздің терісінен
Қолына қамшы етіпті.
Құнан пілдің сырт қайысын
Атына тізгін етіпті.
Малды иесіз деп пе едің,
Малдың да иесі жетіпті.
Осы түсім жаман түс,
Күнбатыстан көк бөрі
Қобыланды батыр болмасын.
Ойда жатқан отыз қой
Отыз төрең болмасын.
Қырда жатқан қырық қой
Қазы, мүфти болмасын.
Алты бағлан ақ қозы
Алты балаң болмасын.
Жабағылы көк саулық
Біздей сорлың болмасын.
Ай мүйізді көк қошқар
Сұлтаным өзі болмасын.
Өз ордаңда өкіртіп,
Ор қояндай шалмасын.
Шулатпасын балаңды,
Қиратпасын қалаңды.
Айдаһардай ысқырып,
Ен қалмақты тықсырып,
Отырған жері ой-шұқыр,
Көпшікті ері болмасын.
Басқан жері май шұқыр,
Үзеңгісі болмасын.
Үзеңгі майдай еріліп,
Ер келмесін тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Бес өгіздің терісі
Белдігі берен болмасын.
Құнан пілдің терісі
Белдегі садақ болмасын.
Басыңа күн тумасын,
Біз секілді бейбақты
Сабап қойға қумасын.

Тағы оқыңыз