Қыдырбайұлы Қобыланды (3-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Қыдырбай үйіне келіп, үйіндегі қатындарға «ізіжолдарың құтты болды» деп, бір-бір жаулық пен бір-бір көйлектен берді. Қатындар:—Баланың өмірі ұзақ болсын, қайыры болсын,—деп шығып жөнеледі. Сонсын Қыдырбай он күн ойын, қырық күн тойын қылады. Тоқсан баулы ноғайлыға хабар салған еді, «атағын жұрт білсін деп, Арышланның айтқаны бойынша, атын ноғайдың өзі қоятын ед, мұның атын кім қояр екен» деді. Сонда ешкімге «ат қой» деп айтпады. Адамның бәрі жиналып болғансын, қой баққан қойшы, сиыр баққан сиыршы, түйе баққан түйеші, жылқы баққан жылқышы—бәрі де «Қыдырбайдың тойына барамыз» деп шұбырды. «Қыдырбай неге той қылады?» деп сұрағандарға:
—Қобыландыдай ұл туған,
Хансұлудай қыз туған.
Соның тойына ет жеуге барамыз,—деген екен. Қобыланды деген ат осыдан қойылған. Ал содан соң, Қобыланды есейіп, толып, төрт жасар жігіт болады. Сонда
Бек деген бір құл бар еді,
Ақ сақалды жан еді.
Елуге келген шал еді,
Ақылы көп дана еді.
Сонда Қыдырбай Қобыландыны Бекке ертіп жылқының арасына қоя береді.—Ағаңмен бірге бар. Жылқыға көзің сал, таңдап біреуін ал,—дейді. Қобыланды жылқыны аралап келгесін:
—Ата, мал да көп екен,
Ар жағы биік жал екен.
Жолда бір шулаған айқай бар екен,
Ол не дауыс?—деді.
Сонда Қыдырбай: —Шырағым, өзің қарғадай туған баласың, дауыс құрысын, неғыласың. Ол дауыс ешқайда кетпес, тірі болсаң, барарсың,—деді. Бір күндері Қыдырбай ұйықтап жатқанда, Қобыланды керегенің басында тұрған сұр жебені алып, сырттағы байлаулы тұрған өзі мініп, үйретіп жүрген көк ала тайды мініп шауып кетеді. Қыдырбай оянса, қасындағы баласы жоқ, кереге басында тұрған сұр жебе жоқ, тысқары шығып қараса, байлаулы тұрған көк ала тай жоқ, баланың басқа жерге барарға жайы жоқ. Сонда Бекті шақырып алып:
—Қобыланды әлгі дауысқа кеткен екен, артынан қуып бара бер, жібермей алып келе көр,—дейді. Сонда Бек қуып жеткенше, Қобыланды Тәуіп ханның төбесіне келіп қалады.
Сонда Тәуіп хан Қобыландыға қарады да:
—Қаратастың жауы келді,
Қарағымның теңі келді,
Мұны алатын кісінің жөні келді,—
деп, Қобыландыға тағы қарап:—Ай, боқсақалға баланың қадірі өтпеген екен, белді тұғыр тауып бермеген екен,—дейді. Сонда:—Сен, бала, анау қара тасты ат,—деген. Сонда Қобыланды атайын деп шіренгенде, астындағы ала тай шыдамай, жығылып қалады. Сонда Тәуіп хан бір қолымен кекілінен, бір қолымен құйрығынан көтеріп тұрып:—Енді ат,—дейді. Қобыланды тартып қалып еді, қара тас екі жарылып қала берді. Сонда Тәуіп хан:—Балам, анау тұрған отау сенікі, бар да түсе бер,—деді. Қобыланды келіп атынан түсе бергенде, қыз-келіншек толып келе берді. Сонда Қобыландыны көріп, Бек шауып келіп, Тәуіп ханнан рұқсат сұрайды:—Қобыландының қасына барайын ба?—деп. Сонда Бектің айтқаны:
—Халық ұстаған ханымыз,
Ел билеген бегіміз,
Қобыландыға бар,—деді,
Шақырып алып кел,—деді.
Үйде отырған Қыдырбай
Өзіміздің тума болғасын,
Шабуылды саламыз,
Тілін алмай неге қаламыз.
Рұқсат болса барайын,
Оған хабар салайын,—