Қыдырбайұлы Қобыланды (14-бөлім)
Қобыланды · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу
Байлаулы атың баптай көр,
Қылышың болса, таптай көр,
Найзаң болса, саптай көр.
Осы түсім жаман түс,
Осы айтқаным келмесін.
Хансұлудың көргенін
Жаратқан жан көрмесін.
Сонда Құртқа сұлуың
Үйден шықты жүгіріп,
Отыра алмай кідіріп.
«Құдай маған берді ме екен,
Сұлтаным бүгін келді ме екен!».
Қалаға шықты өрмелеп,
Екі қолын сермелеп.
Көзінің төгіп жасын-ай,
Қаланың шықты басына-ай.
Жасын тыйып алады,
Төңірекке көзін салады.
Көк бұлттың астында,
Ақ бұлттың үстінде
Құбылып ойнап келеді.
Тобылғы меңді тор атты
Сонда Құртқа көреді.
Қобыландының алдында
Жай бұлты бар еді,
Қызыл мұнар жел болып,
Алдынан оның келеді.
Сонда Құртқа сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Айналайын, алғаным,
Келген екен қалаға,
Көрді ме екен анасын,
Емді ме екен мамасын.
Көрді ме екен енекем
Туған жалғыз баласын.
Шығарып алып мен қойдан,
Мақпал мен парша піштірсем,
Тұсынан мейман түсірсем,
Сары аяқтан сапыртып,
Сары балды іштірсем.
«Ұлсыз, қызсыз өттім» деп,
Мен бейарман болмаймын
Жалғанша сенің жүзіңнен.
Келген екен ізімнен
Қыдыр ата жар болып.
Қырық шілтен, қолдай көр,
Алдында туған аға жоқ,
Артында туған іні жоқ,
Есіркейтін пенде жоқ,
Өзінен туған бала жоқ,
Алладан басқа пана жоқ.
Жалғызымның жолына
Жанымды айттым құрбан-ды.
Құдай нашар қылғасын,
Нешік айла етерге
Жолығып тұрмын бекерге.
Сонда Қобыланды жетеді,
Жеті қатар қазған ор
Ат қарғытып өтеді.
Жеті қатар жебесін
Атып талқан етеді.
Ойда жатқан төресін,
Төренің ұрды енесін.
Алты бірдей баласын
Алты жерде шалады.
Жабағыдай көк саулық
Қырға қарай құлады.
Алшағырдай қалмақты
Ор қояндай өкіртіп,
Ордасында шалады,
Өлтіріп кегін алады.
«Қарындасым қайда?» деп,
Көп қалмақты аралап,
Бірнеше күн қарады.
Кең тоғайдың ішіне
Көп жылқыға таман барады.
Тігулі тұрған жолым үй,
Жолым үйге қарай барады.
Тесігінен сығалап
Жолым үйдің ішін қарады.
Үйдің ішіндегі отырған құлдар:—Біздің қолымыз аяқты көтере алмайды, ауыр,—деп, Хансұлуға көтертіп қымыз ішіп отыр екен, сонда Хансұлу:
—Осылай ма еді бергенің,
Қорлық болды-ау көргенім,
Мұнан жақсы болар еді өлгенім,—
деп ойлап отырса, тесіктен сығалап тұрған Қобыландыға көзі түсіп кетіп, қымыз ішкізіп отырған құлдың басына зереңмен салып қалады, қымыз төгіліп қалады, құл жазғанның өзі аппақ қымыз болады.
Ұрғаннан соң Хансұлу,
Үйден шығып жөнелді.
Сонда құлдар ақырды,
Хансұлуды шақырды:
—Қашпа, сорлы, сен,—деді,
Шығармаймын үйден мен,—деді.
Құтылармын дейсің бе,
Қашқанменен, сен,—деді,
Осылай деп құлдар сөйледі.
Үйден шығып алғасын,
Хансұлу қайтып келмеді.
Жалғыз шыққан құлды қырады,
Құлдарды Құдай ұрады.
Отыз құлды қырғасын,
Үні шықпай үйде тұрады.
Сонда Қобыланға жақындап, Хансұлу сөз сөйледі:
—Айналайын жан аға,
Келдің бе Алшағыр салған қалаға?
Жолықтың ба, ағеке,
Бес сарықтың соңында
Қаңғырып жүрген анаға?
Алшағырдың қасында
Жеңешемді көрдің бе?
«Егізім менің қайда» деп,
Мені іздеп келдің бе?
Қабыл екен тілегім,
Жаңа кірді-ау реңім.
Шығып мүйіз басыма,
Жетіп көкке тіреуім.
Біздің көрген жәбірді
Мұсылманға бермесін,
Жаратқан ынсан көрмесін.
Егер кетсең далаға,
Мені қоя көрме қалаға.
Бір шыбындай жаным болсын
Жолыңа, көке, садаға.
Алтын басым күң болды,
Менің теңім құл болды.
Кетіп өзің далаға,
Иесіз дүниең тұл болды.
Үйде тұрған он құлдың
Қатты қолын бу,—деді,
Сабап, тіпті қу,—деді.
Қобыланды артық ер еді,
Атынан түсе қалады,
Үйге таман барады.
Құлдардың қолын буады,
Құлға бір мүшкіл туады.
Манағы тұрған Хансұлу
Құлдарды сабап қуады.
Кезекті дүние деген бұл
Қалаға жақын келгесін,
Қалған құлды қырады.
Құлды қырып болғасын,
Манағы тұрған Хансұлу
Кідіріп сонда тұрады.
Сонда тұрып Қобыланды
Алдырады арбаны,
Жорға менен күймені,
Үстіне шатыр құрдырды.
Хансұлудай аруға
Кілең жібек кидірді.
Алшағырдың қатынын
Қойға салды күңдікке,
Қызын салды долыққа,
Сүйтіп кегін алады.
Алғаннан соң қаласын,
Шулатқасын баласын,
Қалмақтың көрді шамасын.
Шешесіндей Ақару
Бұған да арба жектіріп,
«Жүрісі жайлы болсын» деп,
Оған да жорға жектірді.
Ақ Құртқадай аруға
Бұған да жегіп арбаны,
Қатар жегіп жорғаны,
«Үшеуі қатар болсын» деп,
Үшеуіне де торқа кигізіп,
Түсі бірдей жорғаны
Үшеуіне жегіп парымен,
Бірнеше күн жол жүріп,
Баяғы Жирен көл еді,
Сол көліне қайрылып
Қобыланды батыр келеді.
Сол көлге келіп жағалап,
Қонып қалды-ау шамалап.
Қалмақтың би мен бегі еді,
Қонып жатқан ел еді.
Бәрі бірдей артынан
Маңыраған қойдай өреді.
Қаңғырып қалмақ келеді,
Қобыландының шапқан жері осы еді.
Жирен көлді мекендеп
Қашаннан жатқан ер еді.
Алшағырдың тұқымы
Ол мұсылманға бағынып,
Қара Қыпшақ болғасын,
Ноғайлы деген сол еді,
Ол ноғайлының елі еді.
Соныменен ара қыпшақ көбейіп,
Әбден біраз ел болды.
Сонда Қобылан бірнеше күн тұрғасын,
Жирен көлге қонғасын,
Демін алып болғасын,