Қобыланды батырдың баласының жыры (10-бөлім)
Қобыланды · А. Байтабынұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Кемпір-шалға бар, —деді,
Құлағына сал, —деді.
Кемпір-шалды қуантып,
Ақ батасын ал, —деді.
Қасым атқа мінеді,
Мініп алып жөнелді.
Тап сол келетін күні Жансұлу түсті көреді,
Шешесіне сөйлей қоя береді,
Сөйлегенде не деді:
—Айналайын, анам-ау,
Мен айтайын саған-ау.
Менің көрген түсімде,
Түсімде көрген ісімде,
Жауға кеткен балаң келіп жүр.
Бір жағынан ай туып,
Бір жағынан күн туып,
Аман-сау балаң келіп жүр,
Төбесі көкке тиіп жүр.
Сонда кемпір сөйледі:
—Менің көрген түсімде,
Түсімде көрген ісімде,
Қарағым аман келіп жүр,
Мамасын келіп еміп жүр.
Ордасына кіріп жүр,
Көк атқа мінген бір адам,
Сүйінші сұрай келіп жүр.
Оң жағымда жон шырақ,
Сол жағымда сұр шырақ,
Көзі ашылып қайнады,
Екпіндеп суы төгіліп.
Су аяғы көгерді,
Қарағай-талдар көрініп.
Айтқан ауыз жұмғанша,
Қасым салып келеді,
«Сүйінші берші» деп еді.
Мақсаты болып баланың
Аман-есен келеді.
Осы сапар балаң асты деп,
Әруағы тасты деп.
Қалмақтан олжа көп алды,
Құл қыламын деп ұл алды,
Күң қыламын деп қыз алды,
Арғымақ ат пен нар алды.
Көкемнің серігіне жарады,
Көкемнің көңіліне ұнады.
Балаңның өзі ер екен,
Әруағы көп екен.
Ол баланың ерлігі
Көкемменен тең екен.
Бөрібай сонда сөйледі:
—Дегеніңе көнейін,
Өл десең де өлейін.
Сүйіншіге, қарағым,
Қалауыңды берейін.
Құл бол десең, бастығы
Өзім болып ерейін,
Малдан бөлек берейін.
Ақ батасын береді,
Дүние-мүлкім аяусыз,
Қарағым, саған берейін.
Жаскелең де келеді,
Аққұртқа мен қыз Қолаң
Қосылды елге деп еді.
Бөрібайдай байыңыз
Ұлы шығын той қылды.
Той малына сойғаны
Ту бие менен қой болды.
Жаскелеңнің ойлаған сөзі:
«Мен Бөрібайға шын бала болайын, Тілегі шын еді, көңлінде алалық жоқ, Тілегімді шын тілейтін еді. Осыған шешем Құртқаны берейін, Құртқаның ойын білейін. Шешемді беріп, шын бала болып Жүрейін деп ой ойлады. Құртқаның көңілін біледі, Құртқада ақыл аса көп еді. «Қарағымды баққан шалға Тисем тиейін»,—деп еді.
«Асқан дәулет—көп дүние, қарғам тірі болса, өзінен бөтен ешкім жоқ қой,»—деп Бөрібайға тиіпті.