Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарғабойлы, Қазтуған (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Тоқсан баулы ноғайлар
Мәслихат төбе басында
Жиылып кеңес құрады,
Темірдің төмен қасында.
Жем өзенінің жағасы
Мекен еткен қаласы.
Он сегіз күн кеңесті
Ноғайдың сонда баласы.
Асанқайғы, Ер Тоған
Сыр дариясын жағалап,
Нұрдың Қарабайыры
Солай асып жөнелді.
Қарғабойлы, Қазтуған
Шам шәһаріне кетем деп,
Мұнда тұрып нетем деп,
Қарт Әділ Жәнібек
Қалған жері осы еді.
Асанқайғы көшкен жер
Шыңғырлау, Торыат басы еді.
Қыземшекті Саршоқы
Осы судың қасы еді.
Асанқайғы, Тоғанның
Бөлінген жері осы еді.
Қарғабойлы, Қазтуған
Мәслихаттан бөлінді.
Қойға қошқар салмады,
Сиырға бұқа салмады,
Түйеге бура салмады,
Жылқыға айғыр салмады,
Еркекке әйел қоспады,
Адамды байтақ ұстады.
Тұзсыз тамақ бергеннен
Еркегі де, әйелі де
Қайратынан айырылып,
Бойдақ болды бәрі де.
Қарғабойлы, Қазтуған
Шұбырып асып жөнелді,
Шам шәһаріне жетем деп,
Ұшқияннай кетем деп,
Оқ, Балқанға жетем деп.
Оқ, Балқанға барғансын,
Ағып жатқан дария су
Қазтуған малын суарды.
Алдыңғысы қанады,
Кейінгі суы лай болып,
Түйесі қанбай қалады.
Шөлдегенсін жануар,
Боздап, аңырап қашады.
Ботасын тастап Бозмая,
Баяғы кеткен жеріне
Жемге қарап жөнелді.
Мал суарып тұрған ер
Сонда көзі көреді.
Артынан қуып Қазтуған
«Қайырам» деп жөнелді.
Әрі-бері қуса да,
Қуғанына қарамай,
Мая да үркіп жөнелді.
Шабуыл салды жетем деп,
Қайырып келмей не етем деп.
Ботасы қалды ауылда
Бозмаяның боздаған.
Тұра қашып анасы
Қайырмақ болды Қазтуған.
«Алдынан орай шығам» деп,
Қазтуған да келеді.
Көре сала жануар
Құлаштап мая желеді.
Ақбөкендей орғытып,
Маяға жақын төнеді.
Қазтуған қуып жете алмай,
Маяны қиып кете алмай,
Дағдарысқан жер еді.
Сарсаңның шеті сабылған
Бір жұмаға толады.
Адамның қарасы көрінсе,
Бозмая қаша береді.
Тайғанамай тау-тастан,
Кідірмей аса береді.
Маяға жетпей Қазтуған,
Ашуланып, ақырып,
Тұлпарын басқа тебеді.
Қазтуғанның ұлы жоқ,
Жалғыз қызы бар еді.
Жасы он бесте болса да,
Ақылы зерек дана еді.
Далаға кеткен әкесі
Келмегесін торығып,
Шешесіне сөйледі:
—Айналайын, анамыз,
Мен едім жалғыз балаңыз.
Алла нашар қылғасын,
Келеді неге шамамыз?!
Бір тайлақтың артынан
Қуып, іздеп кетті бабамыз.
Жамандатқыр Бозмая
Кеткен шығар еліне,
Шалқып жатқан көліне,
Өзінің туған жеріне,
Оған нешік етеміз?!
Мұнда қалды баласы,
Жеріне кетті-ау шамасы.
Қырдан ішер суы жоқ,
Қурап жатқан дөң еді,
Өзі бір алыс жер еді.
Не шара бар Құдайға,
Атам өліп қалған-ды.
Ноғайға хабар салайын,
Қарғабойлы батырға
Мұнымды айтып қарайын.
Сонда тұрып шешесі
Қызына жауап айтады:
—Айналайын, қарағым,
Еркек тусаң не етерге!
Құдай нашар қылғасын,
Жолықтым ғой бетерге.
Жөн таппайсың, перзентім,
Артынан іздеп кетерге.
Қасыңа ерсе бір ноғай,
Болар еді-ау сол қалай?!
Ақ сақалды жан ертсең,
Талайды көрген шал ертсең,
Қиынды қиып шығатын
Ақ сақалды, сары тісті
Ақылгөй туған кәрі ертсең,
Барар едің сен,—деді,
Не дейін саған мен?—деді.
Он беске келген қарағым,
Кім ерер сенің қасыңа?!
Ағайын-туған аз еді-ау,
Сөзіме менің жасыма,
Ұзақ жолдың бейнеті
Береді қорлық басыңа.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз