Асанқайғы, Тоған, Абат (8-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сонда Тоған Абатқа сөйледі:
—Әй, Абатым, Абатым,
Жау да келіп таянды,
Таянбаса не қалды?
Қайрат болса, Абатым,
Көрсетелік ол жауға.
Қаршыға едік қу алған,
Келіп шаршап алыстан
Қайратың сенің қайтты ма?
Денеде қайрат бар болса,
Қыбырлашы, қанатым.
Қолымызға ұсталық
Ақ сап болат найзаңды,
Тастама тауға айлаңды.
Екі батыр тұрады,
Қолына алып найзасын,
Атына енді мінеді.
Әуелі Алла, екінші
Бабадан жәрдем тіледі.
Шаршаған екен көк тұлпар,
Тұқайы оның кетіпті.
Сыныпты үлкен тұқайы,
Жүрмей қалды жануар.
Сонда тұрып қалмағың
Халқынан алды жүз кісі.
Сонда тұрып хандары
Үстіне киіп алады
Сауыты жоқ болған соң,
Қой жүні қызыл шекпенін.
Белге ілді садағын,
Беліне алды қылышын,
Қолға алды найзасын,
Құртуға жаудың айласын.
Тарылтуға және де
Аттанған ердің тынысын.
Көзімен ерлер көреді,
Көп екенін біледі.
Сонда тұрып ер Тоған
Жау қарасын көрген соң,
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды,
Жау да сонда таянды.
Атына жалынып айтқаны:
—Әй, жануар, жануар,
Адым аяқ баса көр,
Адымыңды аша көр,
Үстіңдегі иең де
Жабығып кеп тұрғанда,
Оған да сен жәрдем бер!—
Деп тұрғанда жанындағы
Жақын қасқа келеді.
Көк темірді киінген
Өңкей ерді көреді.
Тулақтайын ханыңыз
Жақын қосқа келіп,
Келіп сөйлей береді:
—Ай, адамзат, адамзат,
Қайсы болдың сен халық?
Үстіңе кидің көк сауыт,
Қолыңа алған ақ найза,
Қарыңа ілдің садағың.
Халқыңнан асқан ермісің,
Ілгері басқан қадамың?
Үстіңе киген ақ сауыт
Ер болсаң да алармын.
Қалбыр темір болса да,
Қой жүні киген шекпеннен
Ол бір сауыт кем,—деді.
Сонда Тоған сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Менің тегім сұрасаң,
Ноғай деген ел едік,
Ел ішінде ер едік.
Менің атым—Ер Тоған,
Қасымда менің Абатым,
Өзімнің құйрық-қанатым.
Шапса кеспей қалмаған
Ұстаған қолға болатым.
Қияда жүріп шарлаған
Ақсұңқар құс секілді
Қанатын жайып қомдаған.
Қосылып жүрсек екеуміз,
Талай қалмақ сорлаған.
Қаһарланып ұмтылсақ,
Қар аралас жаңбыр бораған.
Темір де болса Тоғанның
Үстіне киген ақ сауыт
Одан найза өтпеді.
Ат үстінде ерлердің
Ақберені жарқылдап,
Сонда ерлер шабысты,
Айла жасап қағысты.
Оған да қалмақ көнбеді,
Аттан түсті батырлар,
Белдерінен алысты,
Жағаласты салысты.
Тоғанда алмас бар еді,
Сол алмасты алады.
Жағаласып жүргенде,
Алмаспен жарып қалады.
Жауын сонда мұқатып,
Көңлі ердің тынады.
Қалмақ шіркін өлген соң,
Сонда қалмақ жапырды,
Сонда қалмақ сөйледі:
—Әй, ноғайсың, ноғайсың,
Жалғызыңнан жабысқыр,
Ажырайып қарайсың!
Жекпе-жекке соғысып,
Алысуға қалайсың?!
Сонда тұрып Ер Тоған,
«Кезегім менің келді» деп,
Тулаққа қарай жөнелді.
Қолына алып найзасын,
Тулақ та қарсы келеді.
Сонда салды соғысты,
Жекпе-жекке тоғысты.
Ақ найзасы жарқылдап
Тулақ пенен Ер Тоған
Біріне-бірі салады.
Тулақтайын залымның
Шекпенінен найза өтпеді,
Денесіне жетпеді,
Одан әрі кетпеді.
Оларға Абат ақырды,
Тоған мінді ол атқа,
Жетті сонда мұратқа,
Сонда қылыш бермеді.
Ат тұяғы тақылдап,
Қарсыласып кернеді.
Алты күн салды соғысты,
Абат пенен Ер Тоған
Сонда кезек бермеді.
Жүз кісідей қалмақтың
Сексені бірден өледі.
Қалғаны да қашады,
Жалғыз қуып барады
Артық туған ер Тоған.
Абаттайын батырға
Үш жерден найза салыпты.
Барлығы да аяқтан,
Қоршауыл тұр басқа жер
Шарайна мен сауытпен,
Найзаны салсын қай жақтан?!
Қаны ағып тыйылды,
Түрегеліп атына
Болды бару қиын-ды.
Сол өжеттікпен, ерлікпен
Барып атқа мінеді.
Найзасын ұстап қолына,
Ер Тоғанның соңынан
Бұл да қалмай ереді.
Қашып кеткен қалмақтың
Со соғыста ер Тоған
Талайын сүйреп жіберді.
Артқа қашқан қалмақты
Абат ер де түйрепті,
Омыртқасын күйретті,
Қабырғасын қақыратты.
Қолына алып садағын,
Қарсы келген қалмақтың
Кеудесінен неше атты.
Иесінен айырып,
Талай атты ойнатты.
Абат пенен Ер Тоған
Қалаға келді сиынып,
Жалмауыздай тебініп,
Қаладан шығып жөнеді.
Шығатұғын жолы жоқ,
Манағы шыңға келеді,
Шыға алмасын біледі.
Арада бірнеше күн жол жүріп, сонан шыққан соң, еліне келеді.