Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарғабойлы, Қазтуған (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Көп ішіне барғанда,
Көздің жасын көп төгіп,
Ал, перзентім, жасыма!
Қарғабойлы ағаңа
Барып жауап айт,—деді.
Тыңдар болса сөзіңді,
Елер болса өзіңді,
Жолдас қосар қасыңа.
Егер тіліңді алмаса,
Сөзіңе құлақ салмаса,
Қайтарсың, балам, асыға.
Сонда қызы ойлады
Қарғабойлыға баруға.
Қарғабойдың алдына
Өзінің ойын салуға,
Барып ойын айтуға.
Қарғабойдың алдына
Арызын айтты атаға,
Қасына жолдас алуға.
Жолдас алса жолданып,
Әкесін іздеп баруға.
Қарғабойдан қаймықпай,
Қыз да кіріп келеді,
Кіре сөйлей береді:
—Асыл, артық ер,—деді,
Бір тілегім бер,—деді.
Рұқсат етсең айтайын,
Сөзімді тыңдап көр,—деді.
Ақылға кәміл данамыз,
Сізге ақыл саламыз.
Сегіз күн болды кеткелі
Бір тайлақтың соңынан
Қазтуған сынды бабамыз.
Жолдас берсеңіз жөн білер,
Соңынан іздеп барамыз.
Жалғыз өзім баруға
Бұрын шығып көргем жоқ.
Қасыма ертіп алуға
Аға-іні менде жоқ.
Төрт жағы бірдей құбыла
Бұл дүниеде пенде жоқ.
Құдай нашар қылғасын,
Болдым енді мен ғаріп.
Іздеп жөнін таба алмай,
Алдыңа келдім зарланып.
Берсеңіз басшы, сіз,—деді,
Әкеміздің жолында
Өлуге тұрмыз біз,—деді.
Қарғабойлы сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ноғайлының бастысы
Жиналып бері кел,—деді.
Айтатұғын сөзім бар,
Жалпы, тыңдап көр,—деді.
Шақырғасын келеді
Ел жиналып ордаға.
—Естіңдерші, ел-жұртым,
Менің айтқан сөзімді.
Жүректі шалды бір түтін,
Тұман қаптап көзімді.
Қанатым сынып түскендей
Қайғы басты өзімді.
Қатарласым Қазтуған,
Қатардан асып наз туған,
Уландырды сезімді.
Он алты күн болыпты
Қазтуған ер кеткелі.
Жеріне қашқан тайлақтың
Соңынан қуып жетпеді.
«Әкем менің қайда?» деп,
«Болар ма оған айла?» деп,
Мынау тұрған жас бала,
Баршаңыз, бұған тез қара!
Басшы болып жүретін
Көп ноғайда бар ма екен
Бұған жолдас еретін?
Өзімен туған баланың
Онға жасы келіп тұр.
Асық атып далада
Балалармен ойнап жүр.
Киетұғын киім бар,
Мінетұғын ат та бар,
Алсаңыз қару зат та бар.
Тілімді алсаң, ноғайлы,
Жерің келді аттанар.
Пәленше бар деп айтуға
Еркін тілім келмейді.
Өзім іздеп кетер ем,
Иесіз қалар ел,—деді.
Жеріне кетті-ау ол тайлақ
Мұнда қалды баласы.
Күндердің күні болғанда,
Дұшпанның қанар табасы.
Айтып болдым сіздерге,
Енді жауап беріңіз.
Мынау тұрған балаға
Жолдас боп бірің еріңіз.
«Бармаймыз» деп ноғайлы
Бәрі кейін шалқайды.
Ермейтінін еркімен
Қарғабой да байқады.
Қарс жауып қабағын,
Қызға қарап сөйледі:
—Бектен туған баласың,
Жапа-жалғыз қаңғырып,
Жарқыным, қайда барасың!?
Алыс жолға жүрмедің,
Жақсы-жаман көрмедің.
Бірлігі кеткен ноғайлы,
Қасына бірің ермедің.
Енді кімді жұмсайын,
Айтшы өзің, шырағым!
Өзім-ақ іздеп кетер ем,
Асынып жаудың құралын.
Қалған елде қамқор жоқ,
Оған не амал қыламын?!
Елді иесіз тастасам,
Қаптап келіп қалмақтар
Білемін елді қырарын.
Ел үшін туған ер еді
Қазтуған да қайтпайтын.
Тірі болса келеді,
Ар-намысын сатпайтын.
Ашуы қатты долы еді
Егескен жауын таптайтын.
Бойында қайрат көп еді
Ерлігін елдің сақтайтын.
Тілімді алсаң, жарқыным,
Әуре болма бекерге,
Көштен қалмай жүре бер,
Қазтуған қайтпай кетер ме?!

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз