Асанқайғы, Тоған, Абат (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу
Сол жер қараумен жүріп Асан Нұрдың қарабайырын тапты. Асанның жалғыз баласы болды. Оның аты Абат болады. Бір күндерде Әділ Жәнібек хан Аштарханды салдырып, қалың ноғайды шақырып той қылып, Асан қайғылы болды деген соң, Асанды шақырды. Асан оған бармады, сонан соң бала піштіріп той қылды, соған шақырып еді, Асанқайғы оған барды. Сонда Әділ Жәнібек хан Асанқайғыдан сұрады:—Мен Аштарханды салдырып той қылдым, онда келмедің, бір кішкене баланың терісін кестіріп той қылдым, онда келдің, соның себебі не деді?—Сонда Асан айтады:
—Аштарханды салдырдың, бармадым, оның себебі—оның мехнатын кім көрсе, рахатын сол көреді деп еді, қалаңды құлға салдырдың, күндердің күнінде қалаңды кәпір алады,—деді.
—Әй, Асаным, Асаным,
Құстың ханы қу еді.
Құстың құлы Құладын,
Оған қуды алдырдым.
Қайратымның көбінен
Мұсылман дінге көндіріп,
Құлға қала салдырдым,—
деді Жәнібек.
Сонда Асанқайғы сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Құлға қала салдырсаң,
Күндердің күні болғанда,
Қалаңды салған құл алар.
Құс төресі қу еді,
Құладын оның құлы еді.
Күндердің күні болғанда,
Басыңды сенің құл алар,—деді.
Сонда Жәнібек:—Осы ноғай ішінде кім би?—деді. Сонда Асан өзінің жалғыз баласын:—Біздің Абат би,—деді.
—Кім ер?—деді Жәнібек.
—Біздің Абатжан ер,—деді Асан.
—Кім мерген, атқыш?—деді
—Біздің Абатжан мерген,—деді.
Жәнібек ойлады: «Әй, боқ сақал-ай, осының жалғыз баласынан басқа ноғай тумаған екен ғой» деп.
Әділ Жәнібектің бір қаршығасы бар еді, оны бір жабайы қаршыға аң алдырмай қуып келіп тығады екен. Әділ Жәнібек:— Әй, Абат, сен мерген болсаң, сол жабайы құсты атып бер,— деді.
Абат пен Әділ Жәнібек аңға шықты. Құсын аңға салып еді, жабайы құс тағы да қуып келді. Абат мұны атып қалып еді, жабайы құстың құйрығын айырып кетіп өзіне тимеді. Сонда Жәнібек:—Абатым, мерген емес екенсің ғой,—деді.
Абат:—Жоқ, мен мергенмін, аршыл құс болса, дақ салдым, енді келмес,—деді. Арсыз құс болса, келер онда ат деген жеріңнен атамын,—деді. Бұл сөзден Жәнібек жеңілді. Сонан соң Абат елге кеткен соң, Әділ Жәнібек хан сол ноғайдағы ермін деп жүрген кісінің бәрін шақырып алды, соның ішінде Абат та келді. Ерлер тегіс жиналған кезде Жәнібек айтты:—Менің ала алмай тұрған жерім бар, соны алып келсеңіз,—деді. Сонда еш жан «бас болып барамын» деп айтпады. Сонан соң Абат тұра келіп сөйледі.
Сөйлегенде бүй,—деді:
—Әй, ханымыз, ханымыз,
Халық билеген жанымыз.
Рұқсат болса сіздерден,
Алармыз қалмақ қаласын,
Көрерміз құлдың шамасын.
Қасыма менің беріңіз
Қырымның байтақ ерлерін.
Сонда Әділ Жәнібек:—Айт, кімді аласың?—деді.
—Бізге берсең жарайды
Артық туған Тоғанды.
Айсаның ұлы Ахмет,
Батыр Алау, ер Әмет,
Қарғабойлы Қазтуған
Әруақты ер еді.
Бұлттай желге өрлеген,
Адырнасын қолға алып,
Жарағын жауға сермеген.
Атағаны Абаттың—
Өңкей асыл ер еді.
Шынтасұлы Төрехан,
Ақжонасұлы Ер Кеңес,
Және берсең Тарғынды,
Бірінен-бірі кем емес.
Екпінді ерлер қарқынды
Ердің осы басы еді.
Тұтасымен қырықтың
Болады берсең,—деп еді.
Абат мерген бас болып,
Қасында бар қырық жігіт
Шығып елден жөнеді.
Алыс емес арасы,
Тек екі айлық жол еді.
Есен қазақ түлейі
Түбі тайыз су еді.
«Қалмақтың жері—бұл ел» деп,
Елден шыға қырық батыр
Сонда кетіп барады.
Түлкі жүрмес түлейден
Түнде жүріп өтеді.
Қарсақ жүрмес қалыңнан
Қақа жарып өтеді.
Сайланған өңкей батырлар
Жеңіз берен ол киді.
Қолына ұстап найзасын,
Ат құйрығын шарт түйді,
Беренді беліне нық байлап.
Бір мезгілде күн батты,
Күн артынан таң атты.
Жортып сонда желеді,
Қақпай кірпік біреуі.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Әлі жортып келеді.
Қаратүлей қамыстың
Ішіне сонда енеді.
Қақа жарып қамысты,
Ат тұяғы жанышты.
Қасындағы көлшікке
Суарып атын алады.
Азғана жел қақтырып,
Тағы да мініп алады.
Жортуылмен қырық батыр
Әлі кетіп барады.
Есен қазақ түлейге
Тағы да еніп қалады.
Бір мезгілде ерлер тұрады
Бірімен-бірі кеңесіп.
Қай жағынан жаудың тиюді
Ерлер сонда қарады.
Аттанған қолды көргенде,
Қашты қалмақ қалаға.
Сонда ерлеріне Абат сөйледі:
—Әй, ерлерім, ерлерім,
Артық туған беглерім,
Қалмақ алды хабарды,
Мықтап белді буалық.
Діні жаман кәпірге
Қылыш шауып, қан төгіп,
Соғысты үлкен қылалық.
Ұсташы қолға найзаңды,
Діні бұзық кәпірге
Тастамашы айлаңды.
Сонда ерлер үш бөлініп жүреді,
Бірінші қолды бастаған—
Асанның ұлы Ер Абат.
Екінші қолды бастаған—
Айсаның ұлы Ахмет.
Үшінші қолды бастаған—
Қайтпас батыр ер Тоған.
Қойшы менен түйеші,
Жылқышы мен бадашы
Ханыңа барды шұбырып,
Қалмақ иттің баласы.
—Әй, ханымыз, ханымыз,
Кеудедегі жанымыз
Еліңе келді көп әскер
Өңкей сауыт киінген,
Астына мінген бедеуі,
Батырлар өңкей жиылған.
Қашып саған келдік біз,
Еліңе халқың жинашы.
Сол бір келген ерлерден
Артық туған сен болсаң,
Халықты алып сен қалшы.
Елге келіп тиген соң,
Жау екенін бұл білді.
Сонда ханың қаттанып,
Жеңіз берен бұл киді.
Кілең темір киініп,
Қасына алып ол жүрді
Туған екі баласын.
Қасына алып жүз батыр
Қаланың шықты шетіне.
Сол уақыт болғанда,
Ноғай да келді қарысып,
Бұлар да алып көк берен,
Келді қарсы екі қол.
Үсті-үстіне жиылды,
Батырларға да болды жол.