Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы, Тоған, Абат (4-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Белес-белес бел өтті,
Арада неше тау өтті.
Абаттың мінген Күреңше
Аспанға қарғып ойнады.
Қолында бар ақ найза,
Қолға ұстаған ақ найза,
Болады жанға ол пайда.
Сонда бір таудан өтіпті,
Екі бірдей жас бала
Үш күндік жерге жетіпті.
Ат құйрығын сабылтып,
Қара терге малынтып,
Аюдайын ақырған,
Қалмақтар оған бас ұрған.
Кеткен асып баланың
Артынан келді төрт батыр.
Шықты алдынан Ер Абат
Найза ұшына ту байлап.
Онан соң жүріп келеді
Айсаның ұлы Ахмет.
Онан жүріп Ер Тоған,
Ең артында келеді.
Ақ найзасын өңгерген,
Айыбы жас демесең,
Азын көпке теңгерген
Шынтасұлы Төрехан.
Алдындағы баланың
Сонда тұрып үлкені
Артына бір қарады.
Сонда үлкені інісіне сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әй, қанатым, қанатым,
Қолыма ұстар болатым,
Артымыздан жау жетті ғой,
Дәрмен бізден кетті ғой.
Арыстандай ақырған
Қалмақ деген халқыма
Иесі еді аңқыған.
Ноғайлының ерлері
Әкеңізді өлтірді.
Және қуып келгені
Біздердің де артымнан.
Ұшы болат ақ найза
Оны бір қолға алалық.
Қорамсаны қолға алып,
Соғысамын деген ноғайға
Жақын біз де баралық.
Аш арыстанша алысып,
Ноғайменен қаралық.
Ерлер келді қасына,
Келді екен деп оларды
Алмады баллар есіне.
Әуелінде қашса да,
Аз екенін көрген соң,
Шошынып тізгін жимады.
Екі бір жас баланың
Қорықпасын көрген соң,
Абат сонда долданды,
Беренге батыр сыймады.
Ақ сүңгісін қолға алып,
Сол балаға баруға,
Барып кегін алуға
Кетті сонда Ер Абат.
Қарт арыстандай қасқарып,
Келіп Абат сөйледі,
Сонда да тізгін жимады.
—Әй, сен қалмақ, сен қалмақ,
Кегім бар сенде аламсақ.
Әкеңді сенің өлтіріп,
Қалмақ, алдым қалаңды.
Кетіп қайда барасың,
Тарттырармын сазаңды.
Қорықпаймын деп ойлайсың,
Білмейсің, бала, шамаңды!
Сонда бала сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Келдің жетіп сен,—деді,
Ызғарыңды бетке шашсаң да,
Ауызыңды ашсаң да,
Қорықпаймын мен,—деді.
Жекпе-жекке келсең сен,
Алысам десең, кел,—деді.
Батырлар жауға жасанды,
Ақ найзаны қолға алып,
Ат үстінде найза салысты.
Қақырғаны қан татып,
Түкіргені жын татып,
Ерлердің жүрек қабынды-ай.
Қызған сайын ерлердің
Маңдайдан тері ол ағып,
Иленді ерлер сабындай.
Бір уақыт болғанда
Асанның ұлы Ер Абат
Ақ беренмен шабады.
Қоса тұрып тағы да
Жағаға қолды салады,
Оны жұлып алады.
Шапқан оның қылышы
Тарылтты қалмақ тынысын.
Ағасы оның өлген соң,
Кішісі сонда шабады.
Қарт қояндай қасқарып,
Қарсы келіп қалады.
Ханға тиген ақ сүңгі
Оған да Абат салады.
Тілге келмей ол дағы
Тезірек өліп қалады.
Ағасы мен інісін
Абаттың өзі алады.
Салдырлаған көк темір,
Артындағы тұлпары
Адыра ессіз қалады.
Асқар таудай жүрегі
Ағалы-інілі екеудің
Бітті тезден ажалы.
Қарға менен сауысқан
Еттерін жеп тауысқан.
Абат пенен ер Тоған
Жетекке алып аттарды
Қалмақтың еліне жөнеді.
Жортып қатты жолдарда
Ерлеріне келеді.
Қалмақтың елін алыпты,
Қалған анау батырлар
Айдап жолға салыпты.
Жесір менен жетімін
Алып кетіп барады.
Баяғы өткен жерлермен
Өтіп кетіп барады.
Баяғы өткен көлшіктен
Ат суарып алады.
Үш айлар өткенде
Жесір-жебір шулатып,
Еліне қайтып келеді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз