Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы, Тоған, Абат (7-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сонан соң Тоған батыр еліне қайтып келіп, үш-төрт біткен күні Абат әкесіне келіп сөйледі:

Тоғанның аулына келіп, Тоғанмен екеуі үш айлық жолға шығып кетеді.

Ерлер сонда желеді,
Астына мінген тұлпары
Елден шығып кеткен соң,
Арада неше күн жүріп,
Бірнеше асты төбеден,
Бірнеше асты өзеннен,
Бірнеше асты дөңдерден.
Және кетіп барады
Белес-белес белдерден.
Және өтіп барады
Бетегелі боз бұйрат
Шөбі қалың жерлерден.
Және өтіп жөнеді
Мұнарланған биік таулардан.
Екі батыр жапанда
Қорықпай кетіп барады
Аю, қабылан аңдардан.
Далада жан көрмеді,
Сергелдең жортқан ерлерге
Ешбір жан оған келмеді.
Бір мезгілде күн батты,
Ай қараңғы, күн бұлт,
Кімнен олар қорқады?!
Түн қараңғы болса да,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Ерлер жортып барады.
Қараңғы түннің ішінде
Батырлар жортып отырып,
Белес-белес бел де өтті.
Бір мезгілде таң атты,
Биік шыңға кеп жетті.
Сол мезгілдің өзінен
Ауылдан ерлер шыққалы
Екі ай жарым боп өтті.
Биік шыңға кеп батырлар
Төменгі жаққа көз салды,
Сонда жерді көреді.
Жайылған шыңның астында
Қораланған қой менен
Үйір-үйір көрді жылқыны.
Ел екенін біледі,
Қамашауда отырған
Көп екенін біледі.
Жолын қарап батырлар
Шың жағалап жүреді.
Бір жерлерге келгенде,
Жалғыз аяқ шаппа жол
Батырларға болды кез.
Қиыншылық туады,
Тәуекелге бел байлап,
Құйысқанын аттың қысқартып,
Тартпасын да бек тартып,
Ерегеспен сол жолдан
Батырлар енді құлады.
Етегіне түскенше,
Күн де түске толады.
Ат тұяғы қағылып,
Ерлерге қиын болады.
Ат тұяғын көрген соң,
Ерлерге қиын іс туды.

Абат, Тоған сүйтіп тұрғанда, қасындағы сайдан бір кісі шыға келіп еді, көкпеңбек темір кигенді көргенде, шошып жығылып қалып, тағы түрегеліп, Абат пен Тоғанға қарай жүре бастады. Келіп сөйледі:

—Қайдан жүрген жансыңдар,
Ала темір киінген?
Ақ найзаны қолға алып,
Басыңда бар көк темір
Лашын құстай шүйілген.
Құламаушы еді жан бұл таудан,
Сендерді көрдім құлаған,
Қай халық болдың, сен?—деді.
Аты-жөніңді білдірші,
Білейін оны мен,—деді.
Біз бір қалмақ ел,—деді,
Бұрын мұндай көрмеген
Қорқып тұрмын мен,—деді.
Ханыма хабар салайын,
Сол ханыма барайын,—
Деп бір кісі сөйледі.
Сонда тұрып Ер Абат
Оған қарап бүй деді:
—Біз ноғайдың ері едік,
Ноғай деген ел едік.
Іздеп біздің келген жер—
Хан Тулақтың қаласы.
Хан Тулаққа хабар бер,
Қалмақ болсаң сен кіші.
Кісісін тездеп жинасын,
Соғысамын мен,—деді.
Ноғайдан олжа алғандай,
Еліне бүлік салғандай
Не жазығы бар еді?!
Біз де келдік оны іздеп
Шабарға оның қаласын,
Шулатуға баласын.
Үш күн мезгіл беремін,
Қапыда Тулақ қалмасын.
Жинасын елде ол барын,
Ол үшеуден ол қалса,
Өлтіремін ұлдарын.
Қатын етіп алармын
Өзінің туған қыздарын.
Шамасын білмей ұрынып,
Алып және кетіпті
Балдырған елдің ұлдарын.
Кездесіп еді ол Тулақ
Білсін неме қылармын.

Қалмақтың Тулақ ханның ордасына келіп айтқаны:

—Әй, ханымыз, ханымыз,
Кеудеде бар жанымыз!
Келдім көріп бір жанды
Үстіне темір киінген.
Қолына ұстап ақ найза,
Найзасына сүйенген.
Қасында тағы біреу бар,
О да темір киінген.
Оны да байқап қарасам,
Ер қаруы бес қару,
Киген сондай бұйымнан.
Екеуінің де қасында
Көк тұлпар тұр ойнаған,
Көзі оттай жайнаған.
Айналайын, ханымыз,
Найзаң болса саптай бер,
Қылышың болса топтай көр.
Ұшқыр қара тұлпарың
Келтіріп күйге баптай көр.
Халқың қалсаң айырып
Осы жаудан сен,—деді,
Ендігісін өзің біл,
Болдым айтып мен,—деді.
Сол секілді ханыңыз
Ешбір айла таппады,
Сен бір айла тап,—деді.
Тағы да сонда ойлады:
«Шаршап келген жан шығар,
Қайраты қанша болса да,
Қайраты оның болар аз».

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз