Асанқайғы, Тоған, Абат (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Асан бұрын Асан мырза еді, өзі бай еді. Бір уақытта ноғайлы жиналып отырғанда, ноғайлының ішінен біреуі:—Бір дарияда адам көрмеген бір балық бар екен,—деді. Асан мырзаның бір досы бар екен, осы досын шақырып алып, соған жүрмек болды. Сол балықты көру үшін Асанқайғы жүріп кетеді. Сол балыққа барса, біреулер дарияға екі ау салып жатыр екен. Бір аудың балығын Асанға береміз деп айтқан еді. Ол аудан балық көп шықты.
Бір перінің қызы бар екен, оның жеті ағасы бар еді. Сонда қыз тұрып жеті ағасына айтушы еді:—Аға, мені адам баласына қос,—деуші еді. Сонда ағалары сандық жасатып, оның сыртын күміспен қаптап дарияға салып жібереді. Ауды екінші рет салғанда, ауға сандық ілініп шығып еді. Сонда Асан көпке айтты:—Ал, жамағат, сендер не ішін, не сыртын алыңыз,—деді. Сонда жамағат тұрып:—Біз жарлымыз, көрініп тұрған күмісті аламыз,—деді. Асан мырза ішін алатын болды. Сандықты ашып жіберіп еді, ішіндегі шынайы сұлу қызды көрді. Асан балықты алмай, қызды алып кете берді. Келе жатқанда, қыз Асан мырзадан үш нәрсе сұрады:—Бірінші, жатқанда етімді сипама,— деді. Екінші, кетіп бара жатып, қайтып келіп үйді сығалама, үшіншіден айтты үш жылға дейін сөйлемеймін, соған дейін маған сөйлеме, бұл жағдайымды жанға айтпа,—деді.
Сол уақытта халық көп келіп жиналды. Келсе аузы жоқ, тілі жоқ, сақау екен, мұны көріп Асанды келемештеді. «Асан мырза жұрттан қалған сақауды алып келіпті» деді. Сонан кейін Асан кейін ойлады, ойын бір кісіге айтты: —Осыны базарға апар, жақсыны-жаманды көріп сөйлер,—деп ойлады. Базарға апарып еді, онда да сөйлемеді. Сонан кейін тұз артқан түйеге мінгізіп жүргіз, түйеге екі саба қымыз арт, сорға барған соң, қымызды шешіп жібер, қымыз төгілгенде, «төгілді» деп айтар ма екен,— деді. Түйені сордың үстімен жүргізді, сосын қымызды шешіп жібергенде, төгілген қымызды көріп, қыз жерге түсіп, қымыздың аузын байлап, өзі сорды баспай жүріп кетті. Содан кейін Асан мырза да бір құрдасының аулына кетті. Сонда түскен соң, үйге келген соң, Асанның құрбысы тұрып, Асанға былай деді:—Әй, Асан, сен менің құрбымсың, сен құлағы жоқ саңырау, тілі жоқ сақауды алғаның не, сенің малың жетпей ме, тоқсан баулы ноғайдан тілі бар әйел ал, егер малың жетпесе, менің малымды қоса бер,—деді. Осы ноғай айтады:—Сенің құрдасың Асан ғой, сен де сақау, саңырау ал,—дейді. Сенің үшін мені қорлайды,— деді. Сонда Асан тұрып:—Үш жылда сөйлермін деп еді, сосын алып едім,—деді. Сонан кейін ауылға қайтып келсе, қатыны тыр жалаңаш ұшайын деп жатырған үстіне келеді.
—Әй, Асан мырза, мен сені ер деп етегіңнен, нар деп білегіңнен ұстап едім. Үш нәрсе тілеп едім, «бердім» деп едің, кәне, бергенің?—деді.—Қолтығымды сипама деп едім, оны істемедің, екіншіден, шығып кетіп жабықтан қарама дедім, оны да істемедің, қарап қойдың, үшіншіден, үш жылдан кейін сөйлеймін жанға айтпа деп едім, оны да айтып қойдың, мені мал дедің бе, базарға шығардың, қып-қызыл қаннан аппақ сүт шығатын еді, оны төктірдің, әйел баспайтын тұзды бастырдың. Тұз адамның тамағының дәмін келтіруші еді, оны лас еркек баспайтын еді. Енді мен саған жоқпын, сен маған жоқсың,— деп шаңырақтан шығып кетті.—Менде бес айлық балаң бар еді, оны Мысырға туып кетермін, содан аларсың,— деді. Содан кейін Асан қатынының күйігімен жеті жыл желмаямен жер қарап кетті. Содан Асан қайғылы болып жүріп, «Асанқайғы» атаныпты.