Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарғабойлы, Қазтуған (8-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қоймайтын едім оны да,
Бір-бірден қашып тарады,
Арты қашып барады.
Оны да қоймай жояр едім,
Сізге асығып шыдамай,
Шөлден бабам танар деп,
Бір жерде жатып қалар деп,
Асығып кеттім мен,—деді.
Шөлдемей, ашпай, шаршамай,
Келдің бе, бабам, сен!—деді.
Қоржынды ашып алады,
Азыққа қолды салады.
Не керек тамақ табылып,
Ол қоржыннан қалады.
Екеуі жатып сол жерде
Тағы үш күн дем алады.
Демін алып болғасын,
Бозмаяны жетелеп
Елге қайтып барады.
«Жүрісі тыныш осы» деп,
Торы жорғаны әкеліп
Әкесіне береді.
—Талай да жүріп көргенмін,
Мін атқа, балам, сен,—деді.
Елге жуық келгенде,
Оқ, Балқан тауының
Қарасы енді көрінді.
—Келе берші сен,—деді,
Ілгері барып анамды
Қуантайын мен,—деді.
Аттың басын бұрып алып,
Елге қарай жөнелді.
Торы жорға атының
Басын сонда жіберді.
Ала құйын шаң болды,
Аттың шаңы бұрқырап,
Атқан оқтай зырқырап,
Табаны жерге тимеді.
Жүрген екен анасы
Атқа мініп қыдырып,
Отыра алмай кідіріп.
Әр төбенің басына
Шығады екен бейшара
Қарауыл қарап жүгіріп.
Көрді қызы анасын,
Көріп былай шамасын.
Атынан түсіп жаяулап,
Қыз алдына жөнелді.
Жақындасып келгесін,
Бәйбіше сонда жылады.
Омырауын ашады,
Құшақтасып тұрады.
Сонда тұрып бәйбіше
Қызына бір сөз сөйледі:
—Қарағым, енді қондың ба,
Сұңқарым едің сен ұшқан.
Іздеген аңды алдың ба,
Әкеңе тауып бардың ба?
Тірі ме екен жан көкең,
Анық хабар алдың ба?
Кеткен болса дүниеден,
Сүйегін тауып алдың ба?
Астыңда мінген күрең жоқ,
Біз пақырда ерік жоқ.
Қалған дәулет бәрі аман,
Жылап жүрмін егіліп,
Көзімнің жасы төгіліп,
Тек жаным тұр өлмеген.
Қанды бүгін сусыным,
Қарағым, менің шөлдеген.
Сау-саламат келдің бе,
Перзентім, аман сен?!—деген.
Сонда қызы сөйледі:
—Айналайын, шешеке,
Мен едім туған балаңыз.
Келе жатыр көкекем,
Жетегінде Бозмая.
Шамға барған кезімде
Көкемнің көрдім реңін,
Жарылды-ау менің жүрегім.
Кел, ауылға кетейік,
Ордамызға жетейік.
Көкем келер кідірмей,
Соған қызмет етейік.
Ертіп жүріп шешесін,
Үйге келді тебініп.
Аттан түсе қалады,
Қой алдырып сояды,
Қазанын отқа қояды.
Сар қымызды сапырып,
Самаурын қатар қояды.
Құяды жақсы шайларын
Етін қойды пісіріп,
Қазанды қойды түсіріп.
Құлынды қойды байлатып,
Қызымызды қойды сайлатып.
Қызы менен батыр келгесін,
Кемпір байғұс қуанып,
Алдынан барды жүгіріп.
Кемпір сонда батырдың
Қасына барып сөйлейді:
—Аманбысың-саумысың,
Сау-саламат бармысың?!
Мұнда қалған ноғайдың
Қараңыз бір үйі жоқ.
Жеткізді Құдай сіздерге,
Көргеннен соң көзіміз,
Ризамыз Аққа өзіміз.
Үйге жетіп келгесін,
Аттан түсе қалады.
Піскен май мен қымызға
Батыр да жақсы тояды.
Бұл жерде бір ай дем алып
Батыр сонда жатады.
Молдау суға барғасын,
Отыр екен бөгеліп.
Он бес күндей демалып,
Бұл да көшті жиналып.
Жарты ай тұрып кідірді,
Қазтуғандай батыр-ай
Шаршаған екен апыр-ай!
Жарты айдан соң көшеді
«Ноғайлыға жетем деп,
Онан қалып не етем» деп.
Екі күні өткесін,
Үшінші күні жеткесін,
Жері жазық дала еді,
Алдыңғы кеткен ноғайда
Қазаншық деген жер бар еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз