Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарғабойлы, Қазтуған (6-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Ноғайлыдан ер көрсем,
Алармын басын деп едім.
Қарғабойлы, Қазтуған
Бөлінген екен ноғайдан
Кетемін,—деп,—Шамдарға.
Шығып едім мен іздеп,
Жолықсам,—деп,—заңғарға.
Соның үшін келемін,
Қараны көрсем желемін.
Анық хабар аларға
Қарымыңды сұраймын,
Қай халықсың сен?—деді.
Қыз тұрып сонда сөйледі:
—Қарымымды сұрасаң,
Ноғайлы деген ел,—деді.
Сол ноғайдың ішінде
Өз атымды сұрасаң,
Қазтуған батыр мен,—деді.
Тұрамыз ба бөгеліп,
Соғысалық кел,—деді.
Шыққан болсаң жекпе-жек,
Кезегімді бер,—деді.
Қазтуған соны айтқанда,
Қалмағың кейін шегінді.
Жасқанғанын білгесін,
Қызың сонда тебінді,
Оңдады жауға найзасын.
Енді қызың ойлады
Өз жанының пайдасын.
Сонда артына қалмақ қарады,
Кейіндеп жылжып барады.
Артындағылар шақырды,
«Кел жылдам!» деп ақырды.
Сонда тұрып қызыңыз
Салады қамшы Күреңге,
Арышлан, жәрдем бер,—деді,
Жалғыз едім мен,—деді.
Қасиетті ер болсаң,
Әскер болып көрінші
Бұл қалмаққа сен,—деді.
Қалмаққа қол салысты,
Үш күндей ер соғысты,
Қалмақпен қатты тоғысты.
Қалмақ кетті қыруға,
Мұрсат бар ма тұруға!
Мүмкіндігі болмады
Аттың басын бұруға.
Астындағы Күреңі
Тер шыққан сайын өрледі.
Омырауынан аққан тер
Жаңбырдай болды тамшылап.
Арандай аузын ашады,
Құлаштап аяғын басады.
Аяқтан шыққан топырақ
Құйындай болып шашады.
Атты кісі қалмақтың
Талайын жерге басады,
Үстінен қарғып асады.
Қолында бар-ды найзасы,
Найзасы қылған айласы.
Неше күндей қалмақпен
Салады сонда соғысты,
Ен майданда тоғысты.
Кірді ердің реңі,
Қалмақтың бітті сүреңі.
Жалғыз-жалғыз ыдырап,
Алды-алдына бытырап,
Сүмеңдеп кетіп барады.
Күні-түні алты күн
Үлкен соғыс салады.
Қалмақ жаман қашқасын,
Қолы қосылып сасқасын,
Ердің пысы басқан соң,
Бір мың кісі қалмақтың
Жарма-жары өледі.
Құтылды-ау тек үш жүзі,
Жеті жүзі жоқ болып,
Сол сапарда қалғаны.
Тастай беріп қалмақты,
Қайта шапты атына.
Байлап қойған жануар
Кете алсын ба далаға,
Кісінейді қараға.
Түсе қалып Күреңнен,
Торыға ерді салады.
Атпен шауып жүрсе де,
Қыз да шаршап қалады.
Атқа мініп алғасын,
Торы ат қатты ырғытты,
Қамшы басып сырғытты.
Қамшы етіне тигенсін,
Торы жорға жаман зырлады
Сарыжанның оғындай.
Күні-түні сабалап,
Торы ат жүрді жобалап.
Елдің жолы соқпақтай,
Табаны жерге тиеді
Торы жорға атының
Құлаштап ұрған тоқпақтай.
Сабалап таудан құлады,
Жер жазыққа түскесін,
Қызымыздың көрінбей
Келе жатыр қарасы.
Майданда жазыққа түскен қыз
Мұңайып бір жылайды,
Жылай тұрып жырлайды:
—Көрінбейді-ау бабамыз,
Отыр екен нағылып
Үйде қалған анамыз?!
Жамандатқыр Бозмая
Айырдың ғой бабамнан,
Тағы айырдың анамнан.
Жапанда жүріп меңдедім,
Бабамды көрмей шөлдедім.
Сүйегін көріп бабамның
Қатарында өлмедім.
Екеуі қатар тұрғанда,
Ажалды неге бермедің!
Көрдім жердің жазық даласын,
Ен майданда зарлаттың
Қазтуғандай батырдың
Жалғыз туған баласын.
Жетекке алдым Күреңін,
Егер көрсем қарасын,
Жарылар еді-ау жүрегім,
Кірер еді-ау реңім.
Сөйтіп қызың мұңайды,
Өксіп-өксіп жылайды,
Жыламай көңілі тынбайды.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз