Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарғабойлы, Қазтуған (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қазақтың ұлы Қазтуған
Бір оралмай еліне,
Тайлақты қуып кетер ме?!
Әлі де болса күтейік,
Тіріден үміт етейік.
Тілімді алсаң, қой, балам,
Қонатын жерге жетейік!
Қызара түсіп қыз сонда,
Сөз сөйледі безеніп:
—Іздемей енді нетейін,
Белімді будым кезеніп,
Жолында өліп кетейін.
Бір шыбындай жанымды
Атама құрбан етейін.
Кез келгенде кекетіп,
Ноғайлы көзімді оймай ма!
«Қаңғырып кеткен әкең» деп,
Бетіме таңба қоймай ма!
Туламай жаным төзер ме,
Шыдамаймын ондайға.
Түзеп ұшқан ақсұңқар
Оралып қайта қонбай ма!
Тірі келсе Қазтуған,
«Шыныменен елім» деп,
Ноғайлыны қорғай ма!
Өлсе, өлігін табайын,
Өлмесе, хабар алайын.
Талабымнан көрейін
Жазылғанын маңдайға.
Өзім қайтып келгенше
Отырады анамыз.
Көрмесең ауыр, ағажан,
Сырттан қорып қараңыз.
Тапсырдым Аққа мен,—деді,
Сау-саламат болыңыз,
Байтақ жатқан ел,—деді.
Сонда тұрып Қарғабойлы
Ноғайға жауап қайырды:
—Ноғайлының баласы,
Ар емес пе елдікке,
Өздерің ойлап қарашы,
Қалған алыс жер,—деді.
Бір ай болды көшкелі,
Шамасы қандай байқаңыз,
Енді ноғай сен,—деді.
Балдырғандай жас бала
Көзіне тұр жас ала.
Тілімді алсаң, жігіттер,
Бір-екеуің ер,—деді.
Жалынып қанша айтса да,
Ерем деуші болмады.
Қарғабойдың сөзі еді
Сөйлеп бір өткен сондағы:
—Ерейін, балам, қасыңа,
Жалғызбын деп жасыма.
Қазтуғанды ел жоқтар,
Күн туғанда басына.
Жалпақ елден жан шықпайды,
Азғын ел деген осы ма?!
Қазтуған қайда дегенде,
Не дер екен ноғайлы
Дұшпан менен досына.
Атымды әкеп байлаңдар,
Жау-жарағым сайлаңдар.
Қазтуғанға қанат пен құйрық
Кеттім іздеп ерімді,
Қамыңды өлмес ойлаңдар!
Сонда қыз тұрып сөйледі:
—Айналайын, жан аға!
Сөзіме құлақ сал, аға!
Елді есіз қалдырма,
Тілімді менің ал, аға!
Екеуің бірдей жоқ болсаң,
Жау созар қолын жағаға.
Иесіз елді жау шапса,
Қаларсыңдар табаға.
Мен үшін, сіз, қайғырма,
Тәуекел деп барайын,
Өлсем жаным садаға,—
Деп асылзат тіледі.
Қарғабойлы тұра келді,
Қолын жайып «Құдай» деп,
Ақ батасын береді.
Батасын алып жас бала,
Үйіне қарай жөнеді.
Алдынан шығып анасы
Істің жөнін сұрады,
Баласы баян қылады.
«Жалғыз қайтып барасың!»—
Деп анасы жылады.
—Жылама, анам, сен!—деді,
Сапарға шығам мен,—деді.
Ақ сүтіңе разы бол,
Болмайды сөзің ем,—деді.
Үш күннен кейін, анашым,
Мінемін атқа мен,—деді.
Жол-жарағын сайлағын,
Беліңді бекем байлағын.
Бола бермес өлгенше
Өне бойы ойдағың.
Әкемді тауып әкелсем,
Соңынан ертіп тайлағын.
Сүтіңді ақтап, анашым,
Болармын сонда майлығың.
Күреңдейін тұлпарды
Жетегіме алайын.
Жүрісі тыныш жануар
Жал-құйрығын тарайын.
Шұбырған елдің ізімен
Қамшыны баса шабайын.
Төңірекке жер жазық
Көз жанарын қадайын.
Көп мағына аз сөзден
Кешікпей енді барайын.
Сонда шешесі мұңайды,
Мұңайып тұрып жылайды:
—Кім көреді жасымды-ай,
Ермек едің, қарағым,
Сен тұрғанда қасымда-ай.
Алғаным кетіп қалғасын,
Болып едім арманды-ай.
Екеуіңнен айырылып,
Қалдым тағы сор маңдай.
Шыдасын ба бейшара
Ішінен шыққан балаға.
Кетемін деп тұрғасын,
Еш қайрылмай анаға.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз