Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы, Тоған, Абат (5-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Елге жуық келгенде,
Ілгері озды хабарға.
Елге жақын баруға
Абат пенен ер Тоған,
Айсаның ұлы Ахмет—
Үшеуі кетті ілгері.
Жәнібек Әділ хандарға
Келіп хабар береді.
«Жесір-жебір келді деп,
Есесін тап енді» деп,
Тобын жазбай үшеуі,
Оған хабар берген соң,
Еліне қайтып келеді.
Асанқайғы қартына
Иіліп сәлем береді.
Сонда Асан сөйледі:
—Аман-есен келдің бе,
Құлыным, жалғыз сен,—деді.
Және де аман келді ме
Қасыңдағы құрбы-құрдасың?
Есен-аман сен барып,
Қалмақтарды алдың ба,
Құлаттың ба ордасын?
Қалмақтың жерін босатып,
Айдап алып келдің бе
Жетім-жесір баласын?
Талқандадың ба қаласын,
Көрдің бе Һауазымның,
Балам, оның шамасын.

Сол өзі ел-жұртымен амандасып, арада екі ай өткенде, хан тағында отырып, бір нәрсе ойлады: «Бұл Абат шыдамды деп еді, осыны тағы да бір сынайын» деді. Бір күні Абат түннен тұрып, жылқыға кетті. Әйелі үйінде жылы төсекте жатыр еді. Хан елең-алаңнан бір тісінен басқа ақ жері жоқ құлды жіберді:— Сен соның әйелі төсектен тұрмай барып, қойнына құшақтап кіріп жатып ал. Егер қызғаншақ болса, іші тар болса, сені келіп ұрар, ұрса да тұрма,—деді. Сонда құл келіп Абаттың әйелін құшақтап жатады. Күн түс болады, соған дейін екеуі тұрмайды. Бір мезгілде Абат үйіне келсе, әйел мен құл екеуі құшақтасып жатыр екен. Абат жайменен келіп, әйелінің қолын еркектің мойнынан алып, еркектің қолын әйелдің белінен алып тастап, өзі жылқысына кете береді. Сонан кейін құл тұрып үйіне кетеді. Онан кейін Абат әйеліне еш нәрсе айтпайды. Сонан кейін Абатты Жәнібек шақырады. Шақырғанын біліп Асанқайғы баласына сөйледі:

—Әй, Ер Абат, Ер Абат,
Сөзімді тыңда, сен Абат.
Тілегіңді айт десе,
Шаттың бойын сұрашы
Бақашығы білектей,
Баттауығы жүректей,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Баттауықты шалғынға
Шөккен түйе таптырмас,
Балығы жылқы жаптырмас
Балдырғанды көл еді.
Көлгірсіген құба дөң
Талайдан қалған жер еді.
Бір жағын оның сұрасаң,
Түйе мен қойға жай.
Бір жағы оның тағы да
Жылқы, сиыр малға жай еді.
Аяғын оның сұрасаң,
Ноғайлының жиналған
Ашы менен арығы,
Пақыры мен мүскіні.
Аштарына балық бар еді,
Ол да соған жай еді.
Жәнібекке барсаң сен,
Сұрашы, балам, сол жерді.
Берсе егер ол жерді,
Шыңғырлаудан кетерміз,
Шатқа таман жетерміз.
Қасыңдағы ноғайдың
Егер болса...............
Ноғайды ертіп барып біз,
Атын бөлек етерміз.—

деп баласы Абатқа айтты. Сонан соң Абат жалғыз өзі ханға барды.

Сонда ханың сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әй, Ер Абат, Ер Абат,
Әкең мерген деген соң,
Оны да мен сынадым.
Екінші рет келгенде,
Ерлігіңді сынадым.
Қалмақтың алдың қаласын,
Билігіңді сынадым.
Жиылып тұрған ерлерге
Ашып жауап бастадың.
Кеңдігіңді де сынасам,
Құлды алған қойнына
Қатыныңның қолдарын
Құлдан алып тастадың,
Батыр, саған бастадым.
Сонда Абат сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әй, Ханымыз, ханымыз,
Артық туған ханымыз.
Ноғайлы халықтың ішінде
Болдық ханым барымыз.
Тілегімді тілесем,
Шаттың бойын беріңіз.
Сонда хан сөйледі:
—Әй, Ер Абат, Ер Абат,
Үйіңдегі боқсақал
Айтты саған ол қалай?
Тіле дедім, мен бердім.
Бердім енді ала бер,
Мекенденіп бар да көр.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз