Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарғабойлы, Қазтуған (10-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Жақындасып келгесін,
Серен шықты ілгері,
Қасына жолдас бұл алып.
Жолдасы да бір кісі,
Жақындасып келгесін,
Бірі-бірін көргесін,
Қарғабойлы, Қазтуған
Парыменен келеді.
Екі бірдей ер еді,
Бір-біріне тең еді.
Сонда тұрып Сереннен
«Сен кімсің?» деп сұрады.
—Мен қалмақ деген ел,—деді,
Етек-жеңім кең,—деді.
Мың кісі бар әскерім,
Іздегенім сен,—деді.
Сонда тұрып Қазтуған
Бір-екі ауыз сөз сөйледі:
—Асылымды сұрама,
Мекеннен көшіп шұбырған
Қарғабойлы, Қазтуған
Деген батыр—біз,—деді.
Серен қалмақ сен болсаң,
Тұрамыз ба сөз сөйлеп.
Өзің қатар тең болсаң,
Іздеген жауың біз болсақ,
Беліңді бу да, кел,—деді.
Серен қалмақ сөйледі:
—Жекпе-жеке кел,—деді,
Маған кезек бер,—деді.
Сонда тұрып Қазтуған
Қимылда, қалмақ, сен,—деді,
Аямаймын мен,—деді.
Ноғай менен бұл қалмақ
Ежелден емес тең,—деді.
Сен секілді қалмаққа
Боламын ба мен,—деді.
Оңғарса Құдай жолымды,
Боларсың маған жем,—деді.
Іздеп келген ерсің ғой
Алайын деп ел,—деді.
Атуға, қалмақ, іркілсең,
Кел, атайын мен,—деді.

Сонда қалмақ сұрланып,
Қаруды қолға алады.
Оңтайланып атуға
Қарғабойлы батырға
Қалмақ жақын барады,
Жақындап қалмақ қалады.
Іркілсін бе бұл қалмақ,
Өзіне ерік тигесін,
Атып оқты қалады.
Атқан оғы қалмақтың
Шарайнадан өтеді,
Ақ сауыт сетінеп кетеді.
Үшке дейін оқ атты,
Оғын қардай боратты.
Үшеуі де өтеді,
Етіне барып жетпеді.
Артық туған төре еді,
Қарғабойлы ер еді.
«Сен секілді қалмақпен
Кезектесіп тұрам ба?»
Атайын деп жебені
Қарғабойлы жөнеді.
«Қарсы тұрсаң қабақ деп,
Оқ өтетін өзегің
Жұтқыншақ мынау тамақ» деп,
Оғын қардай боратты.
Атқан оғы өтеді,
Басын жерге қалмақтың
Домалатып кетеді.
Қарғабойлы батырдың
Атқан оғын қарасаң,
Сауыт бұзар оқ еді,
Не де болса шоқ еді.
Он екі тұтам бұл оқтың
Өтпейтін жері жоқ еді.
Серен қалмақ қарады,
Жолдасы өліп қалғасын,
Артына айғай салады.
Артында жүр жүз кісі,
Жақын еді арасы.
Қалмақ пенен ноғайдың
Араласты баласы.
Жеңісуге қалды ғой
Өңкей ерлер шамасы.
Артында қалған мына бір
Алдыңғы шаңды көргесін,
Артқысы да шабады.
Серен дейін ханыңыз
Кейін қашты шегініп.
Қарғабойлы, Қазтуған
Екеуі бірдей ұмтылды,
Жетемін деп тебініп.
Артынан қуды қалмақтың
«Ханымыз кейін кетсін деп,
Кейінгі көпке жетсін» деп.
Салды жаман ұрысты,
Жапырам деп тырысты.
Көп қалмаққа жеткесін,
Үлкен соғыс еткесін,
Жинаған қалмақ баласын
Қарғабойлы, Қазтуған
Жауға намыс бермеген.
Ақ сүңгі қолға алып,
Тұс-тұсынан сермеген.
«Серен қалмақ қайда?» деп,
Қарғабойлы, Қазтуған
Бір-бірінен сұрады.
—Серен басын алайын,
Алып жерге салайын.
Сол қалмақты өлтіріп,
Кегімізді алайық.
Қазтуған батыр жөнелді
«Артынан қуып жетем деп,
Серенге бармай не етем» деп.
Қазтуғандай батырың
Қуып жетті ақыр-ай.
Құтылмады қашса да,
Тұра қалды бұл Серен
Таянғасын, япыр-ай.
Кете алмады қашқанмен,
Ақыл ойлап көңілінен
Аттың басын бұрады.
Серен қарсы келгенде,
Қазтуған батыр сөйледі:
—Серендейін қалмағым,
Ауыр ма менің салмағым?
Көп қалмақты қырдырдың,
Тістелді ғой бармағың.
Әуелден-ақ сен едің
Басыңды кесіп алмағым.
Құмарың болса сермей бер,
Қаруыңды, қалмақ, сен,—деді.
Суырды Серен қылышын,
Аламын деп тынысын.
Жоқ екен қалмақ найзасы,
Аз екен оның айласы.
Шапқанменен болмады
Қылыштың ешбір пайдасы.
Қазтуғандай батырдың
Алмастан екен найзасы.
Салып қалды найзамен
«Жұтқыншағың қайда?» деп.
Сонда Серен қақалды,
Кеңірдек пен өңештен
Қабат өтіп көк найза
Омыртқаға тақалды.
Сонда Серен қалмағың
Атынан түсіп бұл қалды.
Серендейін қалмақтың
Кідірмей басын сонда алды.
Қалмақты тонап сол жерде,
Ат-жарағын алады.
Арам дене секірді,
Айдалада долданды.
Самсаған қолын айдады,
Қалмақтың соры қайнады.
Ер қазақтың баласы
Гүлшешектей жайнады.
Тындырғасын көңілін,
Ел аңыз ғып айтады
Қазтуған ердің өмірін.
Естіген елден ертектей
Жыр қылып ұзын ырғасын
Өрдім жырдың өмірін.
Естігенді елге жаймасам,
Алдына беріп қоймасам,
Басылмайды көңілім.
Тағы да талай жырлармын,
Жыр кестесін сырлармын,
Жетсе егер өмірім.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз