Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы, Тоған, Абат (6-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Абат тілегін алған соң, еліне келіп түсті. Сонда елінің жақсы ақсақалдары жиналып келді. Сонда ауылдың бір кісісі тұрып айтты:

—Әй, Абатым, Абатым,
Ұстаған қолға болатым,
Ханға барып не алдың!?
Абат сонда оларға
Тұра келіп бүй деді:
—Жасы үлкен ағалар,
Туған бұрын бабалар!
Болып қабыл тілегім,
Шаттың бойын мен алдым.
Аяғында көп балық бар,
Бара берсең сол жерге
Бізге таби халық бар.
Сонда Асанқайғы сөйледі:
—Жиналған көп халықтар,
Ноғайлының аш-арық,
Сол бір жақсы қонысқа
Адам менен айуанға
Жем болады тегіс-ті,
Жері жақсы келіс-ті.
Аты оның болсын Жем,
Аяғын оның сұрасаң,
Толып жатқан балық-ты.
Сол балықты алған соң,
Жарлысы байға теңеліп,
Байдан болмас ол да кем.
Ақсақалдар тұрады,
Үйлеріне барады.
Әйеліне олар келіп,
«Үй жық» деп айғай салады.

Олар сөйтіп айғайлап жатқанда, Асанқайғы айтады:—Бүгін еру болып, ертең таң ата көшерміз,—дейді.

Бір мезгілде күн батты,
Шолпан туа олар да
Үйдің бәрін босатты,
Ағарып сонда таң атты.
Үйді сонда жығады,
Өгізге жегіп арбасын,
Мәстекке жегіп шанасын,
Малдарына жүкті салған соң,
Ноғайлының аш-арық
Шатқа кетіп барады.
Асанқайғы, Ер Абат
Сол ноғайды бастап жөнеді.
Ондаған малы, барлығы,
Қозыларын маңыратып,
Айдап сонда келеді.
Сол көшумен арада
Екі-үш күн жол жүреді.
Аман-есен ол барып,
Жемге сонда қоныпты.
Асан менен Абаттың
Айласымен аш-арық
Қалпына келіп тоғайып,
Сонда бай ел болыпты.
Сорлысы байға теңеліп,
Тұрақтап Жемде қоныпты.
Алдында Шат болса да,
Асанқайғы қонған соң,
Оның аты Жем болыпты.
Пайдасы оның көп болып,
Талай ноғай қоныпты.

Тоған мен Абаттың Тулақ ханға баруы

Арада бір-екі жыл өткеннен кейін, Тоған батыр ойланып отырып, ой ойлайды: «Осы қалмақ елімді шауып еді, жол болса, соған Абатты ертіп барып, кеткен кегімді алайын». Сонан соң Абатқа барып отырып, Асанқайғы қартқа сөйледі:

—Әй, ағамыз, ағамыз,
Болдың бізге панамыз!
Ноғайдың жетім-жесірін
Қойдай айдап сен бақтың.
Аш-арық болған ноғайға
Пана болып оларға,
Тамақ беріп, жем таптың.
Мен бір қиял ойладым
Сол қиялға жетуге.
Мен бір жауға кеткенде,
Қаланың келіп шетіне
Қалмақ шіркін тиіпті,
Олжаны оңай бөліпті.
Жетім-жесір ол алып,
Еліне қарай кетіпті.
Сол тұрған қалмаққа
Барсам мен деп ойлаймын.
Сол қалмаққа мен барсам,
Қалмақтан барып кек алсам,
Жалғыз жауға баруға
Келмеді оның ыңғайы.
Абаттайын балаңды
Қасыма қоссаң деп едім.

Сонда Асанқайғы баласы Абатқа сөйледі:

—Әй, Абатжан, Абатжан!
Ноғайлының ері еді,
Келіп тұр саған ағаңыз,
Жаулы жерде қалаңыз,
Ағаң алсын кектерін.
Жібермесін дұшпанға
Айла істеп бөрілер,
Ағаңа болып жолдас-ты.
Сол бір жауға барасың,
Атаңның тілін аласың,
Сөзіме құлақ саласың.
Сөзіме құлақ салмасаң,
Құрттың атаң шарасын.
Жібермей кекті дұшпанға,
Ағаңмен барып аласың.
Егер жауды алмасаң,
Не болғаның, Абатым,
Ол Аллаңнан көресің.
Сонда Абат сөйледі:
—Айналайын, жан баба!
Қаһарланған дұшпанға
Қаһарын оның сен бастың.
Айла менен білгірлік
Бәрін жұмсап халқыңа,
Өз халқыңнан сен астың.
Бар десең мен барайын,
Ағамменен қосылып,
Ерегескен дұшпанға
Соғыс салып қарайын.
Алыс сапар шегіп жол,
Әуелі халқым, екінші
Ата менен ана үшін
Дұшпанға бермей кегімді,
Төгілмес беттен ар үшін,
Қатын мен бала үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Желге кетер мал үшін,
Әуелі Алла, екінші
Пірлеріме сиынып,
Бекініп белді буайын.
Қалмақтың жерін басайын
Ағамменен қосылып.
Кім үшін тудым әуелден,
Ерегескен дұшпанға
Халқымды мен бермейін.
Ортасына халқымның
Шыбын жанды салайын.
Сол сөзді айтып Ер Абат,
Бадана көзді берік сауыт,
Дәуіт соққан сауыт
Баса үстіне киеді.
Беренін белге байлады,
Басына киіп дулыға,
Алыс жолға жүруге
Берендіктеп, белдіктеп,
Шұғаменен терліктеп,
Жемге байлап үш-төрт күн
Көк тұлпарды қояды.
Үш-төрт күні өткенде,
Барамын, аға, мен,—деді.
Атың болса, бапташы,
Найзаң болса, сапташы,
Қылышыңды бапташы,
Барармын, аға, мен,—деді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз