Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарғабойлы, Қазтуған (4-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қалмақ пенен бұл ындыс—
Екеуі де жаман ел.
Сапарыңда кез болса,
Неғыласың, балам, сен?!
Алысып әлің жете ме,
«Жүзден жүйрік,
Мыңнан тұлпар» деген бар.
Күрең тұлпар болса да,
Онан құтылып кете ме!
Ортаға түссе, басыңды
Тостағандай қылады.
Қоя ма қалмақ өлтіріп,
Тәніңді жерге тығады.
Дүниеге көзің салғайсың,
Алыстан қара көрінсе,
Тасаланып қалғайсың.
Абайсызда қалмақтың
Түсіп қалма қолына.
Кез қыла көрме бір Құдай
Залымдардың торына.
Осынша байтақ елдерден
Ермеді бір жан соңыңа.
Арам қатқыр Бозмая
Бітті менің сорыма.
Құдайға айттым бозқасқа,
Қарағым, сенің жолыңа.
Бұл ордада зарланып
Қалып барам мен,—деді.
Қозғалмаймын, құлыным,
Келгеніңше сен,—деді.
Тірі қайтар күн болса,
Осы орынға кел,—деді.
Сонда қызы сөйледі:
—Алла оңғарса сапарды,
Әкемді алып келемін.
Ақ жүзіңді, анашым,
Осы арадан көремін.
Қарсы алдыңнан жау келсе,
Қара бұлттай төнемін.
Қолдаса әруақ қолтықтап,
Алдырмаймын, жеңемін.
Қос қанатты тұлпардың
Шабысына сенемін.
Сонда кемпір үйінен
Маймаңдай басып шығады,
Желбегей салып желеңін,
Қызына қарап тұрады.
Жайдақ мініп тұлпарға,
Қолына найза алады,
Найзаға ерлік етем деп
Ерлік етпей не етем деп,
Шапшаңдығым білінсін,
Сынасын көріп шешем деп,
Шешесіне бұрылып;
«Қолыңа ал,—деп,—құмалақ.—
Найзамен түйреп көрейін,
Түскенше жерге домалап».
Шешесі құмалақ алады,
Лақтырып жерге қалады.
Кетіп жатыр құмалақ
Алды-алдына домалап.
Ыңғайланып қыз дағы
Тұлпарға қамшы салады,
Жерді басып тұрмады,
Орындай мылтық зырлады.
Еңкейіп найза салады,
Түскенше жерге құмалақ
Біреулеп шаншып алады.
Ат зырылдап өткенше,
Он-он бесін еңкейіп
Құмалақтың алады.
Шапшаңдығы кемпірге
Баланың сонда ұнады.
Азық-түлік бұл алып,
Арқан менен қауға алып,
Қолына ұшты найза алып,
Әкесінің киген шарайна
Үстіне киіп алады.
Үйде қалған қорамсақ
Ерге іліп алады.
Еркектің киіп киімін,
Өн бойына қарады.
Төбеге түйіп тұлымын,
Қынына қанжар салады.
Ат қасына барды да,
Шешесіне қарады.
Шешесі сонда мұңайып,
Өксіп-өксіп жылайды,
Жыламай көңілі тынбайды.
Ордасы иесіз қалғасын,
Қамықпай кемпір неғылсын?!
—Қарадан туған жан едің,
Айырдан туған нар едің.
Қарағым, жалғыз бала едің,
Кетемін дедің далаға,
Келгеніңше кімдер бар,
Күндер өтер арада.
Бұршақ салып мойныма,
Үш айналып болайын,
Қарғам, сенен садаға.
Қыз да болсаң тұяғым,
Қош-аман бол, шырағым,
Жар болсын Жаппар Құдайым!
Төбенің түспен басынан,
Келгеніңше қасыма.
Мал қанар деп ойлаймын
Көзден аққан жасыма.
Ризамын мен,—деді,
Тапсырдым Аққа сені,—деді.
Көргенше күн жақсы,—деп,
Қызының қолын ұстады,
Тезірек бар, сен,—деді,—
Кешегі шұбырған елдің соңынан.
Сонда қызы сөйледі:
—Қош-аман бол,—деді,
Тапсырдым Хаққа мен,—деді.
Әкемді барып көргенше,
Қайта айналып келгенше,
Не көрсең де көн,—деді.
Қылатын Аққа айла жоқ,
Мендей болып қаңғырған
Адам баласы қайда жоқ.
Көлденең шыңды жағалап,
Жүре берді баяғы
Кеткен ізді шамалап.
Түсіп ізге жүреді
Сонда қызың жағалап.
Күні-түні жүргесін,
Құба дөңге бұл жетті,
Сай саладан көп өтті.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз