Асанқайғы, Тоған, Абат (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда шығып келеді,
«Жекпе-жек» деп келеді.
«Келді менің тұсым» деп,
Қасындағы ерге қарамай,
Шыға Абат жөнеді.
Сонда қарсы келеді,
Қарсы келіп тұрғанда,
Қалмақтың ханы сөйледі,
Сөйлегенде бүй,—деді:
—Әй, ноғайсың, ноғайсың,
Ақ найзаңды шүйіріп,
Кімге, залым, қарайсың?!
Көк беренің қолыңда,
Жалғызыңнан жабысқыр,
Соғысуға қалайсың!?
Шытырайып қарайсың,
Шытырайып қарасаң,
Көзіңді сенің оярмын,
Қаныңды ұрттап тоярмын,
Кесіп басыңды жоярмын!
Менің тегім сұрасаң,
Қалмақ деген ел едім,
Ішіндегі қайтпас ер едім.
Сен қасымда қой болсаң,
Мен бір арлан бөрі едім.
Қасымдағы тоқты-торымды
Ауызға салып жер едім.
Бұл сөзді естіп Ер Абат
Қаһарланып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Мен ноғайдың ері едім,
Ноғайлы бай ел еді.
Қасымда бар қырық батыр
Әрқайсысы мың кісі,
Қырық мың кісі қол жатыр.
Әй, ақылсыз, сен, қалмақ,
Кішкене ғана шыдасаң,
Шекеңе тиер қол тоқпақ.
Қалмақ қылды қаһарды,
Сонда тұрып ұмтылды.
Бір-біріне қарсы шабысты,
Найзаласып қағысты,
Қылышпенен шабады.
Абат батыр ол тұрып
Сонда шапты қылышпен,
Онда да қылыш өтпеді.
Аттан түсе қалысты,
Жағаласты салысты.
Ақырында не керек,
Жан шығуға дейін барысты.
Қарт бурадай қамданып,
Сонда найза салады.
Һауазымдай хандардың
Құрыды сонда сілесі.
Шаршағаннан ханыңның
Бүгіледі сонда тізесі.
Қалмақты жығып алады
Асанның ұлы Ер Абат.
Һауазымдай қалмақтың
Сонда бітті мүдәсі.
Һауазым хан өлген соң,
Шықты сонда баласы.
Қайратына қарашы,
Абаттайын батырға
Қарсы шапты қасқарып.
«Атамның кегін алам» деп,
Келіп қалып сонда алысты.
Сүйдегенше болмай-ақ
Ханға тиген ақ найза
Баласына ханның шанышты.
Ақ сауыттан өтпеді,
Сонда қалмақ жапырды.
Ноғайлының батырлар
Қасарысқан ер сабаз
Олар да сонда айқайлап,
Қалмақ, ноғай арасы
Қызыл ала қан болып,
Біріне-бірі шабысты.
Қалмақ пенен ерлердің
Арасы қызыл қан болды,
Көрмегенге таң болды,
Тақа қалың шаң болды.
Бір шетінен тиді Ер Абат,
Бір шетінен Ер Тоған.
Бір шетінен ол тиді
Айсаның ұлы Ахмет.
Ерлер келді қалмақты
Қорлаған қойдай қып
Қамап алды қат-қабат.
Ақ берені жарқылдап,
Суырды алмас қолына,
Кәпірдің түсті соңына.
Абат пенен Тоғанның
Жұлдызы шыққан оңына.
Жиналған ердің екпіні
Қалмақтайын залым кәпірге
Берді ерлер тепкіні,
Шапты ерлер ту байлап.
Найзалары қолында,
Ерліктің жүрген соңында.
Батырлар ерік бермеді,
Жиналды қалмақ баласы,
Тұс-тұсынан қылыш сермеді.
Кетерін білмей ол қайда,
Біріне-бірі тығылып,
Қалмақты сонда кернеді.
Қысылып сонда сасады,
Ортада қалған кәуірдің
Сұсы жаман қашады.
Сыртына кеткен қалмақтың
Айсаның ұлы Ахмет
Жібермей сырттан тосады.
Оны қоймай қырады,
Қаланың ішін қандатып,
Шарбақтарын шаңдатып,
Жамыратқан қойдай маңыратып,
Би мен төре, бектерің
Өңменінен кірген найзаға
Жанын оның қорлатып.
Талай қалмақ сандалды,
Ен далада қаңғырып,
Кетті ханның баласы.
Екі бірдей баланың
Атының жүйрік болғаны,
Жете алмай қалды қарашы!
Сол екеудің артынан
Ерлер мініп Телкүрең,
Асанның ұлы Ер Абат,
Айсаның ұлы Ахмет,
Батыр туған Ер Тоған,
Шынтасұлы Төрехан—
Төрт ер кетті қат-қабат.