Көрұғлы (2-бөлім)
Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 2 мин оқу
Надандықтың белгісі—
Бет келгенде берілер.
Қожа болып сыртыңнан,
Орынсыз бөсіп, елірер.
Өзінен-өзі мақтанып,
Буға пісіп, семірер,
Білгіш жүйрік өзі боп
Оңашада көрінер.
Кердең басып аяғын,
Жыртыла жаздап керілер.
Өсек айтар ел кезіп,
Еңбек десе ерінер.
Ойламай орғып сөйлейді,
«Білетін бәрін мен» дейді.
«Ақылым арна таусылмас,
Білімім шалқар көл» дейді.
«Өзімнен артық адам жоқ,
Аузымнан шықса жөн» дейді.
Оңбайтұғын өр кеуде
Дұрыс айтсаң көнбейді,
Мастандырса мақтаумен,
Қас дұшманын көрмейді.
Ақыл айтқан досына
«Аулақ» деп қолын сермейді.
Жүрген жерін бүлдіріп,
Елге тыныштық бермейді.
Біреу мақтап қайраса,
Орынсыз іске айдаса,
«Жанашырым сен» дейді.
Ұятқа барып ұрынар,
Тұмсығы қанап, жығылар,
Ойына да келмейді.
Өткен күнді еске алып,
Өзіне есеп бермейді.
Аңғал сорлы алақтап,
Босқа шауып далақтап,
Жексұрын болып халыққа
Қанжілік болып терлейді.
Айтып өсек, өтірік,
Қасиетін кетіріп,
Жүргенін өзі көрмейді.
Түсінбей сондай надандар,
Өтті қилы замандар.
Жаны ашитын нашарға
Туғанша әділ адамдар.
Жетім менен жесірді,
Тонап алып кей зұлым,
Мықтымын деп есірді,
Жер мен малын тартып ап,
Қонысынан көшірді.
Нашардың берген арызы
Қашан дұрыс шешілді?
Қырғындатып қиратып,
Тіршілігін өшірді.
Халыққа азап шектірген
Сол заманның хандары.
Қанішер және зорлықшыл
Сол хандардың заңдары.
Басына ажал төнгенде,
Азапты қатты көргенде,
Халық сонда аңғарды.
Ханның бірі Бозайхан—
Одан да халық зарлады.
Ешбір ханнан әділдік
Халыққа үлгі қалмады.
Өз қамы үшін соғысып,
Жердің бетін қандады.
Бұрынғы бір заманда
Сұлтан өткен Көрұғлы,
Көрден шығып ол бала—
Атанып кетті Көрұғлы.
Біраз сөйлеп берейін
Көрұғлыны халыққа.
Әшкереле, қызыл тіл,
Өткен істі жарыққа.
Ашыла сөйле, көмейім.
Айтар сөзді анықта.
Желіп, мен де жөнейін
Келген кезде шабытқа.
Үстем болсын мерейім,
Он саусағым, талықпа!
Қырандай, даусым, саңқылда,
Түлкі көрген шаңытта.
Қалыспай сөйле, домбырам,
Жамбыл сөйлеп кеткенде,
Деп қалмасын кейбіреу:
«Кәрілік бұған жеткен бе?»
Сыр бере қоймас Жамбыл да,
Жас ортаға жеткенде.
Қайрат бітер бойыма
Жас ортадан өткенде.
Ұзаққа Жамбыл сілтеді
Өлеңнен алып көкпары,
«Айт» дегенде айтпасам,
Болармын елге өкпелі.
Мені де халық сыйламас,
Ел қадірін көрмесем.
Сараң ақын демей ме,
Сөз қолқасын бермесем?!
Еңбегім жанар түбінде,
Ел үшін шаршап, терлесем,
Бозайхан атты ер өтті
Құлашын кең сермеген,
Жеңілуді білмеген,
Қан майданда—ұрыста
Қарсыласып келгенде,
Ешкім де төтеп бермеген,
Өзінен басқа хандарды,
Хандық еткен жандарды
Өмірінде сүймеген.
Жер бетінде халықтың,
Күн астында жарықтың,
«Билесем бәрін мен» деген.
Қан көрмесе жеті күн,
Ел шаппаса екі күн,
Құмартып қанға шөлдеген.
Алтынды алмас белінде,
Әмір етіп еліне,
Даңқын естіп Бозайхан,
Баспаған адам жеріне.
Қабағына қар қатқан,
Кірпігіне мұз қатқан.
Жорыққа шықпай әскермен
Күні жоқ ханның жай жатқан.
Найзасы алтын шашақты,
Жорық жасап жан-жақты,
Жауды қырып жайратты,
Малын тонап айдатты,
Қырғын соғыс астында
Шабынды көріп ел жатты.