Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (8-бөлім)

Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 4 мин оқу

Естігенде Бозайхан
Білмеді жылап-күлерін,
Күрсінді қатты, өкінді
Қайғы басып жүрегін.
«Артымда қалса бір бала»
Деп ойлаушы ем тілегім.

Ұстауға хайла таба алмай,
Молаға батып бара алмай,
Батырларды шақырды
Дұрыс ақыл бере алмай
Уәзірлері шатылды.
Сол кезде кеткен жорыққа
Қырық кісілік күші бар,
Құлақасқа батыры.
Қандай ашу қысса да,
Соған жауап беретін.
Теңемейтін адамды,
Өте жақсы көретін.
Құлақасқа келгенде,
Қанша шаршап жатса да,
Орнынан хан тұратын.
Басқа жанды қоя сап,
Соған көңіл бұратын.
Шапқыншымен алдырды
Құлақасқа батырды.
Қырық кісінің күші бар
Қысылған кезде әрқашан
Сол табатын ақылды.
—Құлақасқа батыр-ау,
Қырық батырың жинашы,
Бір хабарды есітіп,
Ойға салып сынашы.
Көзімен көрген Қаракөз,
Өзің барып сұрашы!

Жайын айтты Қаракөз,
Айтатыны сол бір сөз:
«Өлтіреді,—дейді ол,—
Қандай батыр болса кез.
Күшке бала ұстатпас,
Хайласын тауып алмаса.
Кім табар хайла осыған,
Хан да соны ойласа!?
Хан өзі асып өлтірген
Құлдардың сол моласы.
Кек алуға жаралған
Болмасын құлдың баласы?!
Ол құл өсіп ержетсе,
Ханды келіп тебірентсе,
Баруға болмас панасы».
Құлақасқа сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Не сөйлейді, мына құл,
Хан перзенті емес пе,
Жазира болса анасы?
Іште кетсе сол күнде,
Кімнің бар оған таласы?
Бұл сөзді хан естісе,
Ажалдан бұрын өлесің.
Адам болса ханзада,
Оны ешкім құл демесін!
Басың олжа өзіңе,
Ойламай айтқан сөзіңе.
Хан естісе бұл сөзді,
Көрінер жаның көзіңе.
Есіңде барма, Қаракөз,
Бір өлімнен қалғаның?
Жетім деп аяп, жаны ашып,
Кемпірдің сұрап алғанын.
Құлақасқа батырың
Қаракөзге қадалып,
Осылайша ақырды.
Хан сөзіне қараған,
Бас пайдасын санаған
«Шығарсам,—деп,—атымды».

Ақылшысын шақырып,
Толтырды хан сарайын.
Ақсақалды қарттарды
Қалдырмай көрші, маңайын.
Хан шашады жарлықты
«Түгел кел!» деп ағайын.
Ат жетер жерден алдырып,
Жарақтарын сайлады,
Қылышты белге байлады.
Өз көзімен көруге,
Сол моланың басына
Қоймен барып келуге,
Хан бір ақыл ойлады.
Басқа адамдар бұл іске
Ақыл айта қоймады.
Моласына құлдардың
Қаптап қойды айдады.
Қара ешкіні бақылап,
Келе жатқан алдағы.
Қой да жетті молаға,
Қара ешкі жүр маңырап,
Тыным таппай жана да.
Бір мезгілде қабірден
Бір үлкен бас көрінді.
Ханда зәре қалмады,
Таса жерге шегінді.
Ақырын байқап қараса,
Жазираның қабірі.
Бозайханның бойында
Қалмады ешбір сабыры.
Еміп жатыр ешкіні,
Алды-артына қарамай.
Алыстан болжап хан тұрды,
Келуге жақын жарамай.
Талай ой келді басына,
Бара алмады қасына.
Мұндай сұмдық көрген жоқ
Жетпіске келген жасында.
Қайтуға хан асықты,
Ішін қайғы ашытты.
Жазираның қайғысы
Ханды сонда жасытты.
«Асыл туған, Жазира-ай,
Мұндайыңды білмедім.
Мұндайыңды білгенде,
Құрбан болып жолыңа,
Өзім неге өлмедім?!
Сапар шектің оқыстан,
Қайғыңнан мен де күлмедім.
Үш-төрт жылдан бер қарай,
Осындай бір перзентті
Маған сақтап жүр ме едің?».
Күңіреніп хан отыр
Жалғыз өзі далада.
Неше жылдай зар тартқан
Құмар еді балаға.
Неше жылдай зарланып,
Баласыз өтті өмірі.
Ұл ма, қыз ба сол перзент,
Анықтап соны білмекке
Ханның кетті көңілі?!
Ешкіні қақтап емген соң,
Кетті кіріп молаға.
Төбешікте хан отыр,
Басқа адам жоқ молада.
Айырған жоқ ұл, қызын,
Қалдырыпты құмда ізін,
Сезді ме, әлде, бала да?!
Хан келді қайтып сарайға,
Жиналған ел сарайда.
Естіген адам қалмады
Осы халді маңайда.
Халыққа хан зарлады,
Тістеулі тұр бармағы.
«Гүлжазира сұлудың
Оқыстан өліп қалғаны.
Сонда іштегі бала екен,
Келбеті сондай бар екен.
Гүлжазира—шын адал
Мені сүйген жар екен.
Ұстауға сол баланы
Кім ақылын табады?
Барғанынша аузының
Менен алтын алады.
Ақылы іске аспаса,
Жамандыққа бастаса,
Басы алынып қалады».
Міне, осындай жар салды
Сарайдағы халыққа.
Халық түгел ұйлықты,
Шыға алмады жарыққа.
Тағы да неше қайталап,
Халықтан хан өтінді.
Оңай олжа таппасқа,
Қан жамылып жатпасқа,
Халық түгел бекінді.
Кемпір шықты табам деп,
Қара ешкінің иесі.
—Қазынаңды бөліп қой,
Маған деген тиесі.
Қырық бір адам қараған
Жалғыз ешкі малым бар.
Қырық балам болмаса,
Аяйтын қандай жаным бар?
Ақысын төле, Бозайхан,
Қара ешкінің сүтінің.
Ендігі ұрым сен болдың,
Жетті ғой енді күтуім.
Сұрағанда жетімді
«Алдыма келме» деп едің.
Мен болмасам, Бозайхан,
Жетімді аяр сен бе едің?
Қинау салдың нақақтан
Сол үшін аяп еңіредім.
Артық болса кешерсің,
Қате айтсам, басым кесерсің.
Перзент көріп, мінекей,
Жанғалы тұр еңбегің.
Сен бала үшін қайғырдың,
Мен мал үшін қайғырдым.
Жалғыз ешкі сүтінен
Ала жаздай айрылдым.
Бозайхан сөзге тоқталды,
«Сүт хақынды ал»,—деді,
Кілтшісін шақырып,
«Сарайға алып бар»,—деді.
«Көтергенше алтын бер
Әкетсін кемпір арқалап.
Одан артық сұраса,
Сол жерде өлтір балталап».

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз