Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (4-бөлім)

Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 2 мин оқу

Естігенде Жазира
Қалтырап, шошып, зарлады,
Қанды жас көзден парлады.
Жетпісте шалға барғанша,
Күнімді соған салғанша,
Ажал неге алмады?!
Зарлағанмен Жазира
Зарын тыңдар адам жоқ.
Әкесі айтты: «Қарағым,
Ханға қарсы тұрарлық,
Оған төтеп боларлық
Ерлігім жоқ, шамам жоқ».

Гүлжазира сұлуды
Хан алды он бес жасында.
Жазықсыз жас балдырған
Ноқта түсті басына.
Гүлжазира құса боп
Көзіне жас толады.
Денесі жастың түршігіп,
Құсалы, дертті болады.
Патша келсе қасына,
Қайғы түсіп басына,
Ес-ақылдан танады.
Айтар сөзден жаңылып,
Ессіз болып қалады.
Қанды жас көзден сорғалап,
Тасыған селдей ағады.
Көзінен аққан ыстық жас
Қара тасты еріткен,
Жазираны кім екен
Патшадан аулақ жеріткен?!
Көрген жерден түршікті
Жазираның денесі.
Он бестегі Жазира
Қайғыдан болды елесі.
Жақын келсе Бозайхан,
Үрейленіп болды өлмеші.
Жетпістен жасы асқанда
Жас қыз алып желікті.
Елден астым десе де,
Гүлжазира кемітті.
Қураған шеңгел астында
Өсе алмай гүл солыпты.
Гүлжазира зарықты,
Өз теңін ойлап тарықты,
Көзінің жасын сарықты.
Жүрген жас қыз шарқ ұрып,
Торға түскен сұңқардай
Қайғы, мұңға молықты.
Қуанышты хан отыр
Ақ сұңқар түсіп торына.
Таққа отырды құлшынып,
Әлдекімнің сорына.

Бір бай келді жетелеп
Жетім тазша баланы.
Парша-парша киімі
Денесі ауыр жаралы.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Киімсіз отыр жалаңаш.
Неше күн тамақ ішпеген
Дірдек қаққан сорлы жас.
Ашулы бай сөйлейді:
—Арызым бар, хан тақсыр,
Мал керек болса, мойныма
Керегінше сал, тақсыр!
Осы бір тазша баланың
Қорлығы маған өтіп тұр,
Он бес ділда мойнында
Бекер босқа кетіп тұр,
Арызым сізге сол, тақсыр!
Бұл шаһарда, ей, патшам,
Тілі ащы бұл тазшаның.
Көрдіңіз бе, мінекей,
Тазшалардың асқанын?!
Өткен жылы бір тазша
Болды менің қолымда.
Осындай тілі қайнатты
Ол тазшаның сорын да.
Бір тазшаның жүз қырсық
Жүреді екен соңында.
Биылғы жылы бір тазша
Кез болды тағы сорыма.
Тазша біткен босқа жүр
Шаһардың былғап көшесін.
Өзімен бірге қырсаңыз
Тазшаларды өсірген
Әкесі мен шешесін.
Елді бұзып барады,
Елге бүлік салады,
Бұлардың басын кеспесең,
Кімнің басын кесесің?
Таңдап алған шаһардан
Гүлжазира жарыңыз
Тазшаға біздің үйдегі
Ғашық екен, наныңыз!
Өтірік болса бұл сөзім,
Басымды, тақсыр, алыңыз!
Сізден артық көріпті
Гүлжазира тазшаны.
«Менсінбеймін», дейді екен
Жетпістегі патшаны.
Ақылың кәміл, ханзада,
Күнәһар болып, қарашы,
Сізді құлға сатқаны.

Әмір етіп Бозайхан,
Тазшаларды жидырды.
Әмірімен шаһарды
Уысына сыйдырды.
Тазшаның тілі тигендер
Бірге келсін тазшамен,
Кімді тілдеп күйдірді?
Бір байбатша болмады
Тазшаларды мақтаған.
Күнәсі жоқ болса да,
Кедей сорлы тазшаны
Байбатша қашан жақтаған?
Тазшаларды дарға асты,
Болмады ешкім ақтаған.
Тазшаларды құлдыққа
Әр шаһардан келгендер
Сұраса да сатпаған.
Шағушының тілімен
Тазшаға патша өшікті,
Тазшалар жүгін арқалап,
Бой жасырып қалқалап,
Патшадан қашып көшіпті.
Қашып жүрген таз болса,
Кез келген жерде шабарлар
Олардың басын кесіпті.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз