Көрұғлының көрде туғаны (7-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 3 мин оқу
Садақтың тартуын да біліп алды,
Есі еніп, Көрұғлы бек ақылданды.
Бабалы таса жермен алып келіп,
Баяғы Ғаждам қашқан жолға салды.
Сол жерде қош айтысты жылап тұрып,
Бабалы қолын сүйді мойын бұрып.
Ізінен тұлпарлардың айырылма деп,
Қоштасып кетті бабаң кейін жүріп.
Бұлбұл сайрар қапаста,
Келе жатыр Көрұғлың
Боз биемен әсте-әсте.
Жөней берді ошал ұғылан,
Екі көзі шапырашты.
Көрмек болып елдеріні,
Үргеніш шаһар, белдеріні.
Әр асудан асып келед,
Байқап қарап жолдарыны.
Жалғыз өзі топтай болып,
Ұзатылған оқтай болып,
Жанып тұрған шоқтай болып,
Белдеріне кемер бағлап,
Дұшман сөзі жүрекке дағлап,
«Алла!» диәп жолға тартып,
Бір Аллаға зар-зар иғлап,
Дариядайын қайнап тасып,
Жош ұрады хәдден асып,
Жалғыз өзі жол тартыпты,
Шөлде таңмен араласып.
Қабат басты тау мен тасты,
Боз биеге қамшы басты.
Неше күндей тынбай жүріп,
Небір биік таудан асты.
Ай астында шолпан жұлдыз,
Су түбінде ойнар құндыз.
Жалғыз өзі келе жатыр,
Қырық бір кеш, қырық бір күндіз.
Жүрегінің парасыны,
Мұнша алыс арасыны,
Қырық күн тамам біткенінде,
Көрді Шанбіл қаласыны.
Ынтызар болып еліге,
Кездесті неше беліге.
Аман-есен Көрұғлы бек
Жетті өзінің еліге.
Жалғыз жүріп бала шөлдеп торықты,
Ел шетінде бір шопанға жолықты.
«Бұл шаһардың қандай аты, не-дүр?» деп,
Бұл шопаннан ел мәнісін сұрады.
Шопан айтты:—Түрікпен деген ел,—деді,
Үргеніш шаһар, Шанбіл деген бел,—деді.
Халық егесі Ақыл деген ханымыз,
Өзің кімсің, танымадым мен,—деді.
Көрұғлы айтты:—Мен де түрікпен боламын,
Жолаушымын, ел мәнісін сұраймын.
Түрікпен елде бір танысым бар еді,
Әгар білсең соған барып қонамын.
Шопан айтты:—Жолаушысың сен өзің,
Ел мәнісін көп білмеуші ем мен өзім.
Біле қойсам танысыңды сілтейін,
Кім де болса атын айтшы сен өзің.
—Толыбайдың баласы еді Раушанбек,
Аты шыққан, әркім білер асыл тек.
Осы уақта бары-жоғын білмеймін,
Бірі оның аты еді Ғаждамбек.
Шопан айтты:—Бұлар болса танысың,
Әлде қандай әлде жақын-алысың.
Осы уақта біреуі бар, бірі жоқ,
Білгенімнің мен айтайын мәнісін.
Ғаждамбек те заманында бек болған,
Арғы атасы текежәуміт тек болған.
Осы күнде Ғаждамбегі тірі-дүр,
Раушанбектің өлгеніне көп болған.
Әкесінің өлгендігін бала білді,
Алланың тағдырына мойынсұнды.
Елінен текежәуміт сұрап жүріп,
Үйіне тағасының келіп қонды.
Үйіне тағасының келіп қапты,
Таныды сұрамай-ақ асыл затты.
Құшақтап Ғаждамбектің мойынынан,
Жас бала өксіп-өксіп жылап жатты.
Тағасы есін білмей құлап қапты,
Баланың кім екенін танымапты.
Көтеріп басын жерден есін жиып,
«Қарағым, кім едің?» деп жөн сұрапты.
Айтады сонда бала көргендерін,
Ақанай қаза жетіп өлгендерін.
Қырық шілтен жәрдем беріп көрде туып,
Қалдырмай айтып өтті келгендерін.
Сәлемін Күләйімнің айтты және:
—Зар жылап анам қалды ол бейшара,
«Қалдырмай дұшмандарға алып кет» деп,
Көп сәлем айтты сізге анам және.
Солай деп сөзін бала тамам етті,
Танып-дүр сұрамай-ақ Ғаждамбекті.
Тағасы Көрұғлыны көргеннен соң,
Аллаға мың мәртебе шүкір етті.
Қолында Ғаждамбектің болды бала,
Әкесі өлгеніне көңілі нала.
Көрұғлы бәлиғатқа келе берсін,
Айтайын Ғаждамбектен бір сөз және.
Еліне Ғаждам, Раушан келген екен,
Раушан көп ауырып өлген екен.
Ел-жұрты бірлікпенен Ғаждамбекке
Ортадан бір қыз алып берген екен.
Жүреді Ғаждамбектің көңілі тасып,
Сұлуды еткеннен соң Тәңірім нәсіп.
Перизат құсни зиба, сақыпжамал,
Сыртынан көрген жанның бәрі де ашық.
Сыртынан көрген жандар ашық болған,
Баршагүл Ғаждамбекке нәсіп болған.
Мүләйім, сөзі шырын балдан тәтті,
Етеді Көрұғлыға жанын құрбан.