Көрұғлы (7-бөлім)
Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 4 мин оқу
Бозайхан сенді кемпірдің
Жылап айтқан сөзіне.
Жендеттерін жіберді,
Қаракөз құлды тоқтаусыз
«Алып кел!» деп өзіме.
Жендеттер құлды әкелді,
Бұйрық алып ханынан.
«Шыныңды айт!»,—деп қинады
Бұрау салып санынан:
—Кемпірдің тоқал ешкісін
Сен, Қаракөз, сауыпсың.
Босқа жүрмей, Қаракөз,
Сөйтіп олжа тауыпсың.
Түзу жолдан бұрылып,
Арамдыққа ауыпсың.
Шыныңды қазір айтпасаң,
Асыласың дараға.
Тамақ таппай кемпір жүр,
Үйінде қырық балаға.
Қол-аяғы байлауда
Қаракөз жатыр зарланып:
—Дүниеге қызығып,
Көрмедім, тақсыр, алданып.
Он сегіз жаста баламын,
Бір кемпірдің тілімен
Нахақтан күйіп барамын.
Осыдан мені босатсаң,
Ешкіні сауған бендені
Қайтсемдағы табамын.
Бұйрық қылсаң, тақсыр-ау,
Күнәсіз өліп қаламын.
Құлақ салмай сөзіне
Шырқыратты баланы.
Шырылдаған дауысы
Аспанды жарып барады.
Құлақ салды жетімге
Даланың тағы аңдары.
Жаңғырығып теңселді
Жер мен көктің заңғары.
«Қалдыр»,—деп тірі зарлаған
Даусын естіп баланың,
Қайғырды, өте қамықты
Аң-құстары даланың.
Жетімге сонша жаны ашып,
Жетім киік жылады.
Қара тасты жібітті
Көз жасының бұлағы.
Жетім қалған анадан
Киіктің ол ылағы.
Қаракөздің тірлігін
Жетімдер түгел сұрады.
Орман, тоғай аспанда
Жетім құстар шулады.
Хан жарлығын қайырып,
Қайыспады, алмады.
Мейірі түсіп аналық,
Сонда кемпір толғады:
«Қаһар етпе, хан тақсыр,
Мен де бағып отырмын
Қырық әкесіз жетімді.
Отын алдым тоғайдан
Тоңбасын деп соларды
Боршаладым етімді,
Жоқшылықтың зарынан
Тоздырдым сұрап бетімді.
Зарын тартқан өмірдің
Жетім сөзі өтімді.
Қинау көріп сорлының
Көзінен ақты қанды жас.
Болса өзімдей бұл сорлы,
Боршаланған жалаңаш.
Сауған шығар ешкімді
Болғаннан соң қарны аш.
Бір ешкіге қараған
Бір үйде біз—қырық бас.
Азаптама баланы,
Етіне салып жараны.
«Қайтты» десең, сөзінен
Алсаңыз, тақсыр, міне бас!
«Қаракөз-ау, Қаракөз,
Мен де сенің шешейің.
Жетімдік сенің хақыңа
Болса да күнәң кешейін!».
Зарлатпа, ханым, жетімді
Қайғы бір тескен көкейін.
Сұрамайын сүтімді,
Бүйтіп қинау салғанша,
Қаңғырып аштан өтейін.
Тілегімді бермесең,
Көз жасымды көрмесең,
Бозайхан, саған не дейін?!
—Қабыл болсын, кемпір-ау,
Тағы да сенің тілегің,
«Қаракөзді қина»,—деп,
Өзің келіп тіледің.
Жетімді жетім қимайды,
Оны да мен білемін.
Бұдан былай сен кемпір
Арыз айтып келмейсің,
Кімнен қорлық көрсең де,
Алдымды менің көрмейсің.
Қаракөзді сол кемпір
Құтқарды қайта өлімнен:
«Ешкімнің сүтін ішетін,
Кім болса да тауып бер,
Сұраймын сенің өзіңнен.
Кәрі жаным түршікті
Қарағым, айтқан сөзіңнен».
Өксіп-өксіп жылады
Шешеге келіп Қаракөз:
—Сүйегімді сындырды
«Ұры» деген сол бір сөз.
Он сегіз жаста осындай
Бір жалаға болдым кез.
Сенсеңіз маған, шешеке,
Жастан бейнет көргенім.
Әркімдерге жалданып,
Жасымнан бақыт көрмедім.
Бұдан былай ешкіңді
Көзімдей көріп бағайын.
Сауған адам бар болса
Қайтсем-дағы табайын.
Қолыма түссе ұрыңды
Алдыңа, шеше, салайын.
Ханнан шеккен ызаны
Сол ұрыдан алайын.
—Ешкімді болсаң саумаған,
Ұрыны тап, жан балам.
Тоқал ешкі болмаса,
Тегене сүтке толмаса,
Ашығамын, сандалам.
Таңдайына ақ тимей,
Шулап отыр бар балам.
Өңкей жетім, жылаулы
Бір қасық сүтке зар, балам.
Ұрыны тапсаң, сүйінші
Өзімнен келіп ал, балам.
Әкетті қойын Қаракөз
Ақсаңдай басып аяғын.
Әзер қойға ереді,
Ашынып зарлай береді,
Демеу қылып таяғын.
Көз айырмай Қаракөз
Қара ешкіні бағады,
Сол қара ешкі маңырап,
Шөптің басын шалады.
Молаға қашан жеткенше,
Қойдың шығып алдына
Асыға басып барады.
Қой молаға жеткенде
Қара ешкі қашты жүгіріп.
Куалады Каракөз
Ақсаңдай басып сүрініп.
Екі қайың айқасқан
Барады жақын молаға.
Қарап тұр бір жартастан
Көрден шыққан балаға!
Табақтай болып көрінді
Екі көздің шарасы.
Түп күйесі қазанның
Денесінің қарасы.
Екі қарыс көрінді
Қас пен көздің арасы.
Деп ойлауға болмайды
Адамзаттың баласы.
Киімі жоқ, жалаңаш
Ешкіге келіп жабысты.
Осындай бір керемет
Қара ешкімен табысты.
Ешкіні еміп қақтады,
Жөн сұрауға Қаракөз
Зәресі ұшты, батпады.
Қашпақшы болды қойды айдап,
Күндегідей демалып,
Қаракөз құл жатпады.
Айдап келді асығып,
Қойды ерте қораға:
«Белес-белден асырып
Бардым,—деді,—молаға,—
Көрден шықты бір бала,
Көргенді айтпай бола ма?
Алғашында байқамай
Қарадым жай жүзіне.
Танып қалдым есімнен
Көзім түсіп көзіне.
Аман қалмас еш адам
Келсе егер кезіне.
Кемпірдің тоқал ешкісі
Молаға барды маңырап,
Дыбыс беріп басына.
Болса керек тегінде
Сол баламен ашына.
Ұстамақ түгіл, ұрының
Бармадым жақын қасына.
Көрден шықты сол бала,
Маңыраған ешкінің
Даусы қалды басыла».
—Қойыңды, хан, бақпаймын,
Енді саған қой бағып,
Сірә, да олжа таппаймын.
Бір байға барып жалданып,
Жанымды ептеп сақтаймын.
Дірілдеді шошынып,
Қаракөз құл жылады,
«Қой бағудан босат»,—деп,
Ханнан қатты сұрады.
Хан да қатты ойлады,
Қаракөзге сенбеді.
Қой жаюға Қаракөз
Не берсе де көнбеді.
«Жаймағаным қой болсын»,—
Деп боздады, еңіреді.
Қаракөзді басында
«Шығарды» деп ойынан,
Босатқысы келмеді.
Болмаған соң зарланып,
Тілегін патша береді.
«Сол баланы көрсем»,—деп,
Қаракөзден тіледі.
—Мен бармаймын, хан тақсыр,
Ол моланың жанына.
Барсаң, тақсыр, көресің
Құл моланың бағына.
Оған егер болмаса,
Қойшың қойды апарсын,
Өзі-ақ барар аңырап.
Қара ешкіні болжасын,
Бала шығар қабірден
Ешкі барса маңырап.
Батыр болсаң барарсың,
Сонда, ханым, арырақ.
Білуімше ол мола—
Жазираның моласы,
Зәуде болса ішінде
Кету керек баласы.
Бірақ оны ұстауға
Ешкімнің келмес шамасы.