Көрұғлы (9-бөлім)
Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 2 мин оқу
Кілтші ашты сарайды,
Алтынды кемпір арқалап,
Жан-жағына қарайды.
Кемпірдің көзі тоймады,
Алсам деп тағы ойлады.
Кілтші ашып қойыпты
Қазына толы қойманы.
Кілтші айтты: «Шешеке,
Болмайды менің тарлығым.
Қазынасы ханның көп
Көтерсең де барлығын.
Алмасаң, көп айланба,
Нәпсіге еріп ойланба».
Орындауға балта алды
Ханның айтқан жарлығын.
Сарайдан кемпір секірді,
«Аз алдым» деп өкінді.
Арқалап алтын әкетті
«Асырауға жетер» деп,
Үйдегі қырық жетімді.
Алтыны көп бай кемпір
Қайта келді сарайға.
Азық алды жетерлік
Жетімдерге талайға.
Кемпір айтты сол кезде:
—Хан тілегі бойынша,
Ұлы, қызын қойсақ айырып.
Сүйіншіні алып бір мезет
Көңілін қойсақ жай қылып.
Қазір осы сарайға
Шеберлерді жинасын,
Неше түрлі ойыншық
Жасасын олар, тынбасын.
Сол ойыншық жасалып,
Екі түрге бөлінсін.
Бір бөлегі қуыршақ,
Асық, сақа, ат-тұрман
Екінші жақтан көрінсін.
Өте шебер жасалсын
Ойыншықтар қызықты.
Қызыл-жасыл көз тартсын
Оюлы және сызықты,
Болсын көзді тартатын.
Ойнағанда баланың
Құмары тасып артатын.
Көрген бала айрылмай,
Жабысып ұстап жататын.
Хан әмірі бойынша
Ойыншық жатыр жасалып.
Қуанышқа батқан хан
Нұрланады жасарып.
Ойыншық-арба, шаналар,
Бітіп те қалды қашалып.
Неше түрлі тамаша
Бояулы өрнек сызықты.
Ойыншықты көргендер
Құмарланып қызықты.
Осыларды апарып,
Қойдырды кемпір молаға.
Неше түрлі ойыншық—
Шықса бала далаға.
Әуелі келіп сол бала
Жүрді біраз таңданып.
Қуыршақты көрген жоқ
Ойнамақ түгіл, қолға алып.
Арба менен шананы
Олай-бұлай сүйретті.
Үстіне мінді қызықтап,
Бәрін түгел күйретті.
Алды қамшы қолына,
Сезіктеніп қарады
Оңы менен солына.
Ерге қарғи мінеді,
Екі жақтап қамшылап,
Ілгері ептей жүреді.
Әбден ойнап болған соң,
Қуыршақтан басқасын
Бір жерге әкеп үйеді.
Баланың еркек екенін
Сонда көріп біледі.
Ханға кемпір бара сап,
Балаларды жидырды.
Өңкей еркек балаға
Біркелкі киім кидірді.
Ат мініп талдан астына
Шашақ басын қамшының
Балалар ұстап үйірді.
Балаларды қырық-қырықтан
Екі жаққа бөледі.
Майдан ашқан баланы
Көрдегі бала көреді.
Жақын келмей алыстан
Біраз байқап жүреді.
Қызып кетіп майданға
Жалаңаш бала кіреді.
Ойнап жүрген балалар
Мұны көріп сасады.
Сасқанының белгісі
Быт-шыт болып қашады.
Қолға түскен баланы
Асықтай қағып лақтырып,
Үстінен таптап басады.
Сол майданның тұсында,
Шыққан жолын баланың
Батырлар барлап алады.
Қалың қолды көргенде
Састы бала шамалы.
Құлақасқа андып тұр
Бала шыққан тесікті.
Көрден шыққан сол бала
Батырларды қиратып,
Ызаланып өшікті.
Қырық кісілік күші бар
Құлақасқа батырды
Жауырыннан ұстап ап,
Көрден шыққан сол бала
Бұрқ еткізіп лақтырды.
Құлақасқа қорланды
Ие болмай балаға.
Жолын тосқан батырлар
Кездесіпті жараға.
Көрге кірді кідірмей
Ұстатпай қылған шараға.
Іске аспады сонымен
Кемпірдің тапқан шарасы.
Қапаланып хан жатты
Қолына тимей баласы.
Құса болып Бозайхан,
«Дұшмандардың болдым,—деп,—
Шыныменен табасы».
Бозайханның шаһары
Неше күндей жиылды.
Ұстай алмай қырық күндей
Істің арты сұйылды.