Көрұғлы (3-бөлім)
Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 4 мин оқу
Бозайханның жорығын
Көп еді хандар күндеген.
Бозайхан шықса ақырып,
Әскерін жиса шақырып,
Жер бетінде бір адам
Езу тартып күлмеген.
Жорық жасап Бозайхан,
Судай ақты қызыл қан.
Жазықсыз елді қырғындап,
Нахақтан кетті талай жан.
Малын шауып алған соң,
Мекенін елдің өртеді,
Ханнан қорлық ел көрді.
Демесін біреу ертегі,
Міне, осындай әңгіме
Елестетер ертені.
Хандар билеп қаланы,
Ұшан-теңіз даланы,
Хан билеген халықтар
Қайғылы және азалы.
Айға шапқан арыстан,
Ерегісіп алысқан,
Ашулы және ызалы.
Аш-жалаңаш күйзелген
Хан аямас қараны.
Ханнан қайғы тартқан ел
Жүректері жаралы.
Хандар ашу шақырса,
Халықтан өшін алады.
Бұлтқа сілтеп қылышын,
Найзасын көкке тіреген.
Қан төгуге құмартып,
Күнде соғыс тілеген.
Үстемдік етіп Бозайхан
Асқақтап шалқып тасады.
Бозайханның дабылын
Естіген ел қашады.
Жауатын күндей тұлданып,
Қаны қашып сұрланып,
Қия шауып құзды алып,
Оя шауып мұзды алып,
Басқа жан тірлік етуге
Жер бетін де қызғанып.
Қылыштың қаны кеппеген,
Адамның күші жетпеген.
Жер қалмады маңайда
Бозайхан жорық етпеген.
Ұрған доптай домалап
Соғысқан жерде бас қалды,
Шабуылда жеңгенде
Найзаға шаншып қайтады,
Өздері кескен бастарды.
Қызық көрмей өмірден,
Құтыла алмай өлімнен,
Құмырсқаға жем болып,
Өлексемен тең болып,
Талай қыршын жас қалды.
Тасқын өзен-суларға
Адамнан көпір салыпты.
Дария, мұхит, теңізден
Жауына өтіп барыпты,
Қойдай қырып жауларын
Байлығын тартып алыпты.
Осылай өсіп көңілі,
Байлығы, жері кеңіді.
«Хан бар ма?—деп сұрады,—
Мендей боп өткен өмірі?».
Көп ішінен бір кемпір
Түрегелді орнынан
Таяғына сүйеніп.
Күрсінді қатты үш рет,
Қайғыланды күйініп.
Түрегелген кемпірге
Халық түгел қарады.
Кемпір нұсқап көрсетті
Кісі асатын дараны:
—Хан мен дардан шошынып,
Жүрегіміз жаралы.
Он жеті ұлым бар еді,
Екеуін ана дар алды,
Он бесін түгел хан алды.
Жалғыз кемпір мен емес,
Рахымды хан сен емес,
Сексен беске мен келдім,
Жетпіс үшке сен келдің.
Хан болғаннан бер қарай
Бес жүз жорық жасадың,
Кемпір, шалды зарлатып,
Түгел жермен теңгердің.
Біраз тыныштық алатын,
Арқамыз кеңіп қалатын—
Өлім келіп, өлмедің.
Өзің қу бас, балаң жоқ
Артында сенің қалатын.
Сені жоқтар адам жоқ,
Сөйлеуге де шамаң жоқ,
Антым бар менің халыққа
Бүгін сөйлеп қалатын.
Жауға айдап құрттың
Халықтың туған баласын.
Кессеңдағы тілімді,
Мен айтамын шынымды.
«Бас кесер хан Бозайхан»
Деген атақ халыққа
Түгел тарап білінді.
Жер бетінде адамдар
Сен өлген күні қуанар,
Мен секілді сорлылар
Жылаудан сол күн уанар.
Баласын елдің құрытып,
Тұрсың бүгін шаттанып.
Сенен жыртқыш аң артық,
Неменеге мақталық?!
Өмірі қанға тоймадың,
Әдетіңді қоймадың.
Осыны айтып мен бүгін
Өлейін деп ойладым.
«Басымды кес»,—деп алдына
Кемпір басын ұсынды.
Өмірінде Бозайхан
Сол кемпірден қысылды.
Бірақ басын алмады,
Бетінде қан қалмады.
«Жақсы,—деді,—мұнан да
Ажалдың тура алғаны».
Қайтты үйіне қайғырып,
Шаттықтан патша айрылып,
Он екі әйел, біреуі
Сөйлесуге батпады,
Хан көңілін жай қылып.
Алып жатқан жер бетін,
Айтушы еді халықтар:
«Бозайханның малы» деп.
Хандығы кімге қалады,
Өртеніп іші жанады,
Есебі жоқ байлықты
Кімдер жиып алады?
Көп алдында тілдеген,
Хан қадірін білмеген,
Сол бір мыстан кемпірдің
Сөзі өтіп барады:
«Асыл сауыт үстімде
Гауһар, інжу жығалы,
Қара көк тұлпар астымда
Алтын, күміс тағалы.
Өліп кетсем бір күні
«Тұяқсыз боп өтті» деп,
Дұшмандар қылар табаны.
Мұрақорым жоқ болса,
Сарайымды шабады.
Солай деп ойлап, бір кезде
Хан тағынан құлады.
Әйелдері жиналып
«Не болды?»—деп сұрады.
Өкпесі бар адамдай,
Өкіріп жатыр қабандай,
Дөңбекшіді, тұрмады.
Бозайхан сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
Жасы биыл он бесте
Кіші уәзірдің қызы бар,
Болғандай маған сұлу жар,
Сол көңіліме ұнады.
Он екі бедеу, аулақ кет,
Сендерден бала тумады.
Гүлжазира —балғын жас,
Қыр мұрынды, қиғаш қас,
Күміс кірпік, алтын шаш,
Қараңғыны жарық қылған
Үлбіреген уыз жас.
Балқып еріп кеткендей,
Сәулесі түссе, қара тас.
Жазираның нұрына
Талай адам болған мас.
Ел көзіне түспейтін
Бетпердесіз, жалаңбас.
Көрмей ғашық болып хан,
Тірлігінен кетті сән.
Ханнан жауап алуға,
Қасына жақын баруға,
Он екі бірдей әйелдің
Жетпеді қорқып батылы.
Бас уәзірдің біреуін
Бозайхан алды шақырып.
Келе сала уәзірі
Қала ма деп шыбын жан
Аяғын құшты жалынып.
Әлде басы алынып,
Хан қасында көп адам
Бастары қалған шабылып.
Долы ашудың үстінде
Бозайхан жатыр шабынып.
Біраз мезгіл сазарып,
Уәзірге жауап қатпады.
Үш күн болды төсектен
Бас көтермей жатқалы.
Ханға келіп бас ұрып,
Бас уәзірдің жатқаны.
Етті оған хан жарлық
«Гүлжазира келсін!» деп,
«Кіші уәзір кешікпей,
Қызын маған берсін!» деп,
«Әйелдікке аламын,
Осы сөзге сенсін!» деп.
Орындауға жарлықты
Кетті уәзір жүгіріп.
Үсті-басы шаң болды,
Аузы, мұрны қан болды,
Жолда талай сүрініп.
Кіші уәзірден бас уәзір
Келе сүйінші сұрады:
—Осынша халық ішінен,
Сенің қызың Жазира
Хан тақсырға ұнады.
Өз күйеуің хан болып,
Қолыңның осы жеткені.
Хан алдына жылдам бар,
Айнып қалса хан тақсыр,
Боларсың маған өкпелі.