Көрұғлы (5-бөлім)
Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 3 мин оқу
Басында қылтаң шашы жоқ,
Ішуіне асы жоқ,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Енеден туа жалаңаш
Бір тазшаны жетектеп,
Әкелді дардың қасына,
Жаны ашып, аяп халық тұр,
Қарап үсті-басына.
Тазша сонда сөйледі:
«Өлетін жанда—үш тілек,
Тілегімді бер»,—деді.
Хан айтты: «Қабыл тілегі»,
Тазшаға сөз беремін,
Қояр екен не тілек,
Тыңдап сөзін көрейін.
—Бірінші менің тілегім:
Жалынғанмен жан қалмас,
Оны жақсы білемін.
Зияным жоқ еш жанға
Күнімді көріп жүр едім.
Тұрмын дардың қасында,
Дар дұзағы мойнымда.
Жастан көрген азабым—
Шаш шықпады басыма.
Қарата айтам халыққа
Бұдан кейін тіріліп
Келмеспін қайтып жарыққа.
Жендеттерің жан алғыш
Сөзіме тыю салмасын.
Тілім тисе біреуге,
Басымды кесіп алмасын,
Бітіргенше сөзімді
Мойныма тұзақ салмасын,
Осы сізден тілегім—
Бердім десең, хан тақсыр?!
Сөзімді мен бастайын,
Арызымды айтып болғанша
Қорқып және саспайын.
Екі айта алмай Бозайхан
Тазшаға ерік береді.
—Әмірің жүріп, Бозайхан,
Жорық жасап дүниені,
Қара тұман, шаң қылдың.
Адамға жаның ашымай,
Қырғындатып халықты,
Жердің бетін қан қылдың.
Рақымсыз, Бозайхан,
Тазшаларда не жазық?!
Жазық сенің өзіңде,
Халыққа тиген зәбірің
Көрінбейді көзіңе.
Құлағың сал, халайық,
Тазшаның зарлы сөзіне!
Ел шауып ішкен қанына
Бұл хан тақсыр тоймады,
Сорлы тазша қандарын
Қоса ішуге ойлады.
Ұқсамайды адамға
Рақымсыздық мінезің.
Айдатып мені алдырдың,
Дар тұзағын салдырдың.
Тазшаның ішіп қандарын,
Сусыныңды қандырдың.
Дүниенің жүзін шаң қылдың,
Жердің бетін қан қылдың.
Түгел билеп құрғақты,
«Әмірім тұт!» деп жар қылдың.
Он екі әйел үстіне
Жазираны жар қылдың!
Гүлжазира сондықтан
Хан болсаң да, сүймейді.
Жыртқыш деп сенен шошынып,
Адам деп сені білмейді.
Қайғы тартып қасіретпен,
Езу тартып күлмейді.
Бір залымның сөзі үшін,
Жетім-жесір тазшаны
Қыруың, сірә, жөн бе еді?
Артыңда қалар балаң жоқ,
Бізден де қу тақырсың.
Тақыр тірі жүрмесе,
Хан да бірге асылсын!
Өз мініңді көрмейтін
Хан болсаң да соқырсың.
Ашуланып Бозайхан,
Сөйлетпейінше тазшаны
«Дарға жылдам тарт!»,—деді.
«Мұндайларды сөйлетпей,
Басын жылдам шап!»,—деді.
«Жазираны келтір!»,—деп,
Бір жендетін жіберді.
Ханнан бұйрық алған соң,
Тоқтамай жендет жөнелді.
Басын жуып Жазира,
Отыр еді таранып.
Кіріп келді бір жендет
Екі көзі аларып.
«Жылдам келсін Жазира!»,—деп,
Жарлық етіп хан шақырды,
Ашулы хан ақырды.
Белгілі болды халыққа—
Жазира тірі қалмайды.
Сайрап тұрған тазшаның
Қайтсе басын жалмайды.
Жендет келе сөйледі:
—Бозайхандай сұлтанды,
Гүлжазира, сүймедің,
Бір тазшаның тілінен
Енді, міне, күйгенің.
Қателесіп, Жазира,
Хан ашуын тебіренттің,
Енді, міне, қор болды
Тазшалармен бір кеттің.
Жазира тұрып жендетке:
—Келдің бе,—деді,—хабардар,
Ханның еті етіме
Тікенектей қадалар,
«Байым» деп қайтып жүремін,
Алдамшыны жан алар?!
Келгелі зарлай жылаумен
Тартылды кеуіп тандырым.
Өлмеген соң, шыдаумен
Жылап мауқым қандырдым.
Мен бір өскен балбырап,
Бақшалы ағаш жемісі.
Басыңда тұрсам салбырап,
Жемек болған әр кісі.
Аласа жерде мен тұрсам,
Кімнің келмес жегісі?!
Хан емес ол, қара тас,
Сонымен бірге жатқанша,
Етіме сірі батқанша,
Жазираның әрқашан
Сол үшін келер өлгісі!
Үлбіреген жібекті
Еріксіз көнге жапсырса,
Көріне ме жарасып?
Көнге қалай жабысқан,
Демес пе еді адасып.
Өлімді артық көремін,
Соныменен санасып.
Өксуменен өткенше
Шыбын жанды қинамай,
Құтылайын дарға асып!
Шал дертіне күйгенше,
Қорлықпенен жүргенше,
Қаным барып қосылсын
Тазшалардың қанына.
Тазша да болса өз теңім
Жатсам, сірә, арман жоқ,
Солардың барып жанына!