Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлының көрде туғаны (6-бөлім)

Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу

—Қарап тұрсам кім тиеді өзіме?
Ыза болып жас ағыздым көзіме.
Қасірет дағын шешесіне шағынған,
Құлағың сал Көрұғлының сөзіне.
—Біздей ұғылың рең-түсі солған-дүр,
Қайғы-дертке ішім бүгін толған-дүр.
Ел-жұртымды жасырмай айт, анажан,
Біздей қозың қайдан пайда болған-дүр?

Бір баланың сөзі маған бәнт болды,
Ішім толы қайғы менен дерт болды.
Біз кімдерден пайда болдық, анажан,
Шыдай алмай іші-бауырым от болды.

Мұны естіп жылай берді Күләйім:
—Амалым жоқ бұған нешік қылайын.
Бір жақсылық көрдім бе деп жүргенде,
Және қайдан пайда болдың уайым?

Бір ақсұңқар түсіп еді қолыма,
Құрбан еттім шыбын жаным жолына.
Мойны үзілгір дұшман иттің балдары,
Кез болды ғой маңлайымның сорына.

«Әгар айтсам мұнда тұрмай кетеді,
Айтпай қойсам қайғымен жүдеп бітеді».
Не де болса лажы жоқ Күләйім
Баласына елді баян етеді.

—Балам, сені қасіретте қып қоймайын,
Талдап сөзді ретімен жайлайын.
Құлақ салып жақсы тыңла, қарағым,
Жасырмайын, бәрін баян әйлайын.

Біздер келіп бұл қалаға кез болдық,
Әуелден-ақ дұшман итке сөз болдық.
Бұл Шағдаттың бізге өтіп тізесі,
Көрмегенді көріп, қалқам, қор болдық.

Ағып жатқан бұлақ сөйтіп шөл болды,
Екі батыр дұшмандарға қор болды.
Раушанбектің көзін ойып зарлатты,
Еш нәрсені көрмейтұғын көр болды.
Сен туған соң жүруші едім қуанып,
Екі бектен айырылғанда суалып.
Дұшмандардың қорлықтарын ұмытпай,
Қайғыменен кетті әжең қуарып.

Қайда жүрсең болсын Алла панамыз,
Үргеніш-дүр, балам, сенің қалаңыз.
Қасіретпен біздер қалдық зар жылап,
Қашып кетті әкең менен тағаңыз.

Айтып берді осылай деп анасы,
Көрұғлыдай тыңлап тұрды баласы.
Кезекпенен анасымен сөйлескен,
Көрұғлының сөзін тыңлап қарашы:

—Алланың добы-дүр адамның басы,
Құзғынға жем болсын дұшманның көші.
Тірі болсам мен қылармын сауғашы,
Анам, сізді бір Аллаға тапсырдым.

Тірі болса барып көрсем атамды,
Шығарайын ішімдегі қапамды.
Бір оралып мен алармын батаңды,
Рұқсат бер, кешір, ана, қатамды.

Мұны естіп ол Күләйім жылады,
Сөйлей алмай біразырақ тұрады.
Бір уақытта бас көтеріп, ес жиып,
Баласына айтты сонда мынаны:

—Барар жерің Үргеніш деген ел болар,
Атырабында Шанбіл деген бел болар.
Және туды қияметті күн бізге,
Бұл анаңның көрген күні не болар?

Он екіде, жас толмаған баласың,
Жолдасың жоқ, жалғыз кетіп барасың.
Жаратқанға тапсырдым сені, бар, балам,
Жол көрмеген әлде қандай боласың.
Хақ ісіне әрне етсе амал не,
Раушанбек пен Ғаждамбекке сәлем де.
Аман-есен онда барсаң, қарағым,
Қалдырмағын дұшмандарда анаңды.

Рұқсат алды анасынан жас бала,
Боз биеге қару-жарақ салды ала.
Жол жабдығын сайлап алып бір күні,
Бабалымен атқа мінді бұл бала.

Бабалы тау ішіне алып келді,
Қимайды жіберуге Көрұғлы ерді.
Еменнен садақ иіп, оғын жонып,
Баланың арқасына таңып берді.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз