Көрұғлының көрде туғаны (4-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Баяндайық сізге тура, жөн істі,
Базар барып алғын,—дейді,—жемісті.
Көрұғлы ер жігіт болып келатыр,
Тірі болса кеңейтеді өрісті.
Дайын етіп өзіңді шақ еткейсің,
Өзің аулақ таса жерге кеткейсің.
Ол қабірдің бірте-бірте аузынан
Ұзақ қылып жемісіңді төккейсің.
Бала шығып жемісіңді көреді,
Дәмін алса таусылғанша тереді.
Адамзаттың нәпсі деген жауы-дүр,
Сонда сенің тілегіңді береді.
Осылайша берді бұған аянды,
Таң да жақын атарына таянды.
Осыны айтып ғайып болды көзінен,
Ұйқысынан сол уақыт оянды.
Оянған соң түсі екенін біледі,
Қуанғаннан жарылғандай жүрегі.
Бабалыны қасына ертіп Күләйім,
Шаһар жаққа ерте азанда жүреді.
Қаласынан алды түрлі жемісті,
Жемісті алып ол қабірге келісті.
Қырық шілтеннің айтқанымен молаға
Ұзақ етіп біраз жерге төгісті.
Боз бие екен көп жылқының анасы,
Әсте жаман болмайды екен баласы.
Соның бірін ұстап мінді жылқыдан,
Құс та болса ұстар-ау деп шамасы.
Қыз баласы киер киім құрпыдан,
Жаяу озбас деп ойлайды жылқыдан.
Бір тасаға атын қойды жасырып,
Аңлып отыр шыға ма деп сыртынан.
Бала шығып ол жемісті көреді,
Дәмін алып таусылғанша тереді.
Бабалыны аңлып жатқан білмейді,
Жатқан жері көрінбейтін жер еді.
Тере-тере ұзап кетті қабырдан,
Қырдан асты, неше белес, бауырдан.
Жемістерді қызыққаннан уыстап,
Айырмайды екі қолын ауыздан.
Енді Бабаң атқа мініп желеді,
Құрықты алып, таса жермен келеді.
Еш нәрседен хабары жоқ Көрұғлы
Дәл қасына келген кезде көреді.
Көргеннен соң кейін қарай қашады,
Бабалы да атқа қамшы басады.
Жетпек түгіл, көрмей қалды қарасын,
Енді Бабаң қайтемін деп сасады.
Бұл балаға жете алмады шапқан ат,
Осыншама неткен жүйрік адамзат.
Күләйімге не бетімді айтам деп,
Өлімнен де күшті болды бұл ұят.
Бұл не деген адамзаттың тағысы,
Көрұғлының аттан озды шабысы.
Бала шығып жеміс тере кеткенде,
Шілтендердің келген екен бәрісі.
Бабалының әр мақсаты табылды,
Қос жолбарыс қарсы қарап шабылды.
Тесігі де бітіп қапты қабірдің,
Жүре алмады, жолбарысқа жалынды.
Мені қуып келе жатыр бір дұшман,
Жаяу қашып шаршап келдім алыстан.
Жалғаншының адамынан қорқамын,
Есігімді босатсайшы, арыстан.
Құрық алып шауып келді Бабалы,
Бала қашты бетіне алып даланы.
Тауға қарап қашып кетті жеткізбей,
Бабаң жылап айтты мынау наланы:
—Сұрасам да, Тәңірім, тілек бермедің,
Артық шығар мұнан дағы өлгенім.
Қырық шілтен жалған ба екен айтқаны,
Өңім десем түсім бе қуып жүргенім?
Тауға келсе асқар-асқар бел екен,
Белден асса бір топ адам жүр екен.
Сәлем беріп Бабаң келіп қараса,
Ортасына баланы алып тұр екен.
Бабалыға берді бұлар жауапты:
—Бала қуып болдырыпсың бір атты.
Қашқаныңды ұстап тұрмыз біз, балам,
Мұқтажидан алайық деп сауапты.
Бұл жұмысты қайдан білсін Бабалы,
Шілтен екен бұл адамның тамамы.
Жазым болып және қашып кетер деп,
Аяқ-қолын байлап берді баланы.