Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (6-бөлім)

Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 3 мин оқу

Жазира келді қуанып,
Құрған дардың қасына,
Алды-артына қарамай
Тұзақты салды басына,
Тазшамен бірге өлуге
Тұрғандай-ақ асыға.
Күлбеттеніп Бозайхан,
Қырындап теріс қарады.
Гүлжазира өлімді
Өзі сүйіп қалады.
Бұйрығын күтіп Бозайдың
Жендеттері дайын тұр,
Тартпақ үшін дараны.
Жазираны қия алмай
Хан тоқталды шамалы.
Жазираның үлбіреп,
Бетінен нұры тамады.
Сонда тұрды Жазира:
—Хан, екі айтсаң қарасың,
Жендеттерің жан алғыш
Тартпайды неге дарасын?
Сарайыңнан, Бозайхан,
Жақсы көріп мен тұрмын
Тазшалардың моласын!
Дегенде хан: «Тарт!»—деді,
Бармағын өзі шайнады.
Қапаланып хан сонда,
Бұл қалай деп ойлады.
Сымға тартқан күмістей
Сұлудың аппақ білегі.
Баяулап барып тоқталды
Жазираның жүрегі.
Тұрса да дарда көз тартты
Сүмбідей түзу сүйегі.
Жазираны көрген жан
Жаны ашыды, қайысты,
Тал-шыбықтай бұралып,
Он саусағы майысты.
Таңдап алған Жазира
Асылып кетті дараға.
Жете алмады Бозайхан
Бір шыр еткен балаға.
Сүйіп алған Жазира
Кездесті мұндай жалаға.
Жақсы көрді Жазира
Ханнан құлдың өлігін.
Өлерінде өтінді
Құлмен бірге көмуін.
Жас құлдарды қалады
Жазираның жүрегі.
Араласып бір кетті
Өңкей жастың сүйегі.
Көміліп бірге таздармен
Орындалды осылай
Жазираның тілегі.

Сонымен екі жыл өтті,
Жазира жатқан қабірге
Ағаш шығып жемісті,
Мәуелеп өсіп гүлдепті.
Жемісті көркем ағаштар
Құлдардың өніп басына.
Кете алмайды барған жан
Тамашалап қасына.
Ерекше шыққан екі ағаш
Еңкейіп келіп қабысқан
Біріне-бірі асыла.
Көрген адам таңырқап,
Кереметін таниды.
Бозайхан бұған тарылып,
Өзінен-өзі налиды.
«Гүлжазира сұлуды
Тақылдақ тазша құшты ма?
Бәрінен де осының
Тағдыр, шіркін, күшті ме?»
Күндіз-түні ұйықтамай,
Бозайхан да зарлайды.
Сүйегіне таңба боп,
Баласыздық қалмайды.
Өзінен-өзі өкініп,
Көзінің жасы төгілді.
Баласыз өтіп өмірден,
Қабырғасы сөгілді.
Бір зұлымның тілімен
Жазықсыз қан төгілді.
Күндер өтті, түн өтті,
Зарлаумен талай жыл өтті.
Бір перзенттің қайғысы
Бозайханды жүдетті.

Қойшысы ханның Қаракөз
Ұзаққа қойын жаятын.
Шалқар нулы шалғынға
Айдап барып салатын.
Құл моланың бағына
Бір ұйықтап демін алатын.
Күн түс болса, Қаракөз
Моланы келіп табады.
Есіне түсіп, жылайды,
Тазша құлдар баяғы.
Өңкей қыршын жастарды
Қаракөз қатты аяды.
Соларды ойлап тұрғанда
Етпеттей барып жығылды.
Ортасынан үзілді
Таянып тұрған таяғы.
Таяғы сынды Қаракөз,
Ауыр қайғы зілінен.
Жай ғана емес осы сөз
Жылайтын ол шынымен.
Қоралайтын қойларын,
Шығарып қайғы ойларын—
Тазшалардың жырымен:
«Арманда кеткен қыршын жас,
Зұлым хандар қанға мас.
Қарсылық етіп патшаның
Бетіне ешкім қарамас.
Құрай-құрай, көк серке,
Қой ішінде сен ерке,
Иен жерде мен ерке,
Жақындасаң молаға,
Басасың асыға сен неге?
Ағаш өнген мәуелі
Құлдардың көз жасына.
Тоқал ешкі маңырап,
Еріп жүр сенің қасыңа.
Маңыраған дауысы,
Бұл молаға келгенде
Қалушы еді басыла.
Әруақпен әлде бұл
Емес пе екен ашына?!».
Сол бір жерге келгенде,
Қойлар жусап қалады.
Көлеңкеде ұйықтап,
Қаракөз демін алады.
Өрістетіп шаһарға
Қойын алып барады.
Сол қалада тұратын
Қаратоқал ешкінің
Кемпір екен иесі.
Қырық ұлы бар кемпірдің,
Қырық ұлына қырық қасық
Еншіге сүт тиесі.
Сауса сүт жоқ ешкіден,
Қаракөзді қарғаумен
Кемпірдің қатты сілесі,
Қырық баласы шулады
Қолына тимей үлесі.
«Ешкімді сауып ішіп жүр,—
Деп ойлайды сол кемпір,—
Қаракөздің кінәсі.
Мұңдай ұры қойшыны
Ханға арыз етейін.
Ызасы өтті ұрының
Түбіне сөйтіп жетейін.
Хан сөзімді алмаса,
Құлдың сөзін қолдаса,
Бұл шаһардан қаңғырып,
Қырық ұлымды алып кетейін!»
Ашу қысқан сол кемпір
Ханға арыз етеді.
Өзінен бұрын осы сөз
Ханға келіп жетеді.
—Сөзімді тыңда, хан тақсыр,
Қолымда қырық ұлым бар.
Сол ұлдарды сақтауға
Менің қанша пұлым бар?
Қорек еткен ешкімді
Сауып ішіп қоятын,
Қаракөз атты құлың бар.
Кемпір сөйтіп зарлады,
Қанды жас көзден парлады.
—Қырық ұлым бар, малым жоқ,
Басқа азық, дәнім жоқ.
Аш, жалаңаш мен сорлың,
Сөйлеуге шама, әлім жоқ.
Әділетті Бозайхан,
Сенен асқан хан бар ма?
Қаһарыңды таныттың
Талай асқан хандарға.
Қарамасаң, қарама,
Мендей кемпір, шалдарға!
Тірі болса қырық балам,
Сенің құлың емес пе?
Бозайханның әскері
Есепсіз көп демес пе?
Ерегісіп соғыссаң,
Жауды қолмен жеңесің.
Құл көмегің жоқ болса,
Жаудан қорлық көресің.
Қырық құл көп пе, бір көп пе,
Осыған, тақсыр, не дейсің?
Ашулансаң Бозайхан,
Дүниені бөгейсің.
Сүтін ішіп ешкімнің,
Қаракөз құл семірді.
Кеселінен сол құлдың
Қысқартты қырық өмірді.
Ұрлықты, тақсыр, баспасаң,
Бұзылады халқыңыз.
Болыспайтын бұзыққа
Бар еді ғой салтыңыз.
Қаракөзді дараға
Өлтіріңіз, тартыңыз!

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз